Еліміздегі ішкі істер органдарының деректері бойынша пандемия кезінде де қылмысқа тосқауыл жоқ. Есірткі саудасы, қарақшылық, ұрлық жасау сияқты қылмыстармен қатар зорлық-зомбылық деректері де азаймай тұр. Бұл әлемді алаңдатып отырған жайт. Осы орайда отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты дабыл қаққан БҰҰ-ның басшысы Антониу Гутерриш әр елді бұл мәселеге бей-жай қарамауға шақыра отырып, көптеген әйелдер мен қыз балалардың қауіпсіздігіне алаңдаушылығын білдірді.
Гутерриш үйде оқшаулану және COVID-19 вирусынан сақтануда карантин режимінде агрессияға тап болған әйелдер мәселесін қозғады. Оның айтуынша, экономикалық дағдарыс, әлеуметтік жағдайлардың ушығуы, қорқыныш пен үрейге толы кезеңде отбасындағы зорлық-зомбылықтың жаһандық сипат алып отырғанына тоқталды. Осы орайда кейбір елдерде қолдау қызметіне жүгінетін әйелдердің саны екі есе артқан.
БҰҰ мәліметі бойынша, әлемде 2017 жылы қайтыс болған әйелдердің 58 пайызы отбасы мүшесінің қолынан қаза тапты. Пандемия жағдайында көптеген елдерде медициналық мекемелердің, мамандар мен полицейлердің сонымен қатар жергілікті қолдау топтарының жетіспеушілігі мен оларға қаржылай мүмкіндіктің жоқтығы белең алуда. Ал көптеген елдерде үй зорлығының құрбандарына арналған баспаналар жабылып, басқаларында орын жетіспеушілігі байқалады.
БҰҰ Бас хатшысы осы орайда азаматтық қоғамда онлайн қолдау қызметтері мен ұйымдарды қаржыландыру көлемін арттыру және әйелдерге күш көрсететіндердің заңмен жазаланатындығын қаперде ұстау қажеттігін ескертті. Сондай-ақ, қолдау қызметтері қабылдау орталықтарының мекен-жайы жариялап, азық-түлік дүкендері мен дәріханаларда зорлық-зомбылық қаупі туралы жедел хабарлау жүйелерін орнатуды ұсынды. Мұндай жағдайда әйелдердің өміріне қауіп төнбеуі қажет әрі жәбірлеуші бұл жағдайдан хабарланып үлгермеуі тиіс.