Қыс бойы әлеуметтік желілер арқылы таратылатын сақтандыру хабарларына еті үйренген көкшетаулықтар бұл жолы оншалықты селт ете қойған жоқ. Сейсенбі күні дауыл секундына 30 метр жылдамдықпен соқты. Үй шатырлары сөгіліп, аялдамалар құлады. Оқыс оқиғаның салдарынан бір адам қайтыс болып, 22 адам зардап шекті.
Жел екпіні сұрапыл болды. Кәдімгі қазақтың «екпіні үй жыққандай» дейтін теңеуі осындайда айтылатын шығар. Үй жықпағанымен, шатыры мен жарнама орнатылған бағаналарын құлатты. Біз оқыс оқиғаға дайын емес екенбіз. Оқиғаның салдары осындай ойға жетелейді. Шатыр жұлынды, аялдама аударылды. Көпшілігі соңғы жылдары ғана салынған жап-жаңа дүние. Шиырып айтқанда, дауыл «дертіміздің» қай жерде екенін анықтап берді. Облыс бойынша 22 адам зардап шекті. Оның біреуіне ота жасалып, ауыр халде жатыр. 17 адам ауруханаға түсті. Оның 8-і бас жарақатын алған. Сандықтау аудандық ауруханасына 2013 жылы туған бала жеткізілді. Дауыл әсерінен зардап шеккен бір адам Зеренді аудандық ауруханасына жатқызылса, екі адам Есіл аудандық ауруханасына түскен.
Облыс орталығында төрт ғимараттың шатыры жұлынды. Оның екеуі әкімшілік ғимараты. Он аялдама мен төрт жарнама бағанасы төңкеріліп қалды. Краснояр селосында үш тұрғын үй бүлінді. Қала жанындағы Станционный поселкесінде аялдама аударылды. 2600-ге жуық қала тұрғыны жарықсыз қалды. Қазіргі күні долы желдің салдарынан болған ақаулар қалпына келтірілуде. Бұл жұмысқа қалалық электр желісі кәсіпорнының онға жуық техникасы мен 25 маман жұмылдырылған. Көкшетау қаласында қалалық коммуналдық қызмет, қалалық төтенше жағдайлар басқармасы төтеннен келген тосын жайдың зардаптарын жоюға жұмылдырылды.
Жедел жәрдем қызметіне 8 адам жүгінген. Орталықтағы көшелердің бірінде аялдама павильоны құлап, 1942 жылы туған ер адамды басып қалған. Кеуде сүйегіне зақым келген зардап шегушіге медициналық қызмет көрсетілген. Темір жол вокзалы маңындағы аялдама 1976 жылғы әйелдің үстіне құлаған. Жолаушы әйел бірнеше дене жарақатын алған. Дауыл құлатқан шатырлар мен аялдама қаңқалары бірнеше адамды мертіктіріп, әлденеше автокөлікке зақым келтірген.
Бурабай ауданының Ұрымқай ауылында қайғылы оқиға орын алды. Жергілікті ауыл шаруашылығы құрылымының жұмысшысы құлаған шатырдың астында қалып, көз жұмды.
Қазір облыс аумағында кешегі дауылдың кесапаты жойылып, қалпына келтірілуде. Бір айта кетерлігі, көп қабатты тұрғын үйлердің шатырлары соңғы жылдары ғана салынған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы бойынша. Қала тұрғындарының сапасыз жұмыс істеген құрылысшыларға өкпесі қара қазандай.
Ақмола облысы