Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен кеше палатаның үшінші парламенттік сессиядағы алғашқы жалпы отырысы өтті. Бұл жолы депутаттар бірқатар заң жобаларына қорытынды әзірлеу мезгілін анықтап, тиісті комитеттерге бекітіп берді.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен кеше палатаның үшінші парламенттік сессиядағы алғашқы жалпы отырысы өтті. Бұл жолы депутаттар бірқатар заң жобаларына қорытынды әзірлеу мезгілін анықтап, тиісті комитеттерге бекітіп берді.
Олардың арасында Мемлекет басшысы Парламенттің үшінші сессиясының ашылуында басымдықты қаралуға тиіс деп тапсырған бір топ заң жобасы да бар. Атап айтқанда, депутаттар назарына үшжылдық бюджет жобасы және оған ілеспе заң жобалары ұсынылды. «2014 – 2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы бойынша қысқаша сипаттама берген Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарақұсова республикалық бюджет параметрлері 2020 жылға дейінгі республика дамуының стратегиялық жобасына сәйкес әзірленіп отырғанын айтты. Және де Президент Жолдауындағы міндеттермен де байланысты екендігін атап өтті.
Сондай-ақ комитет төрайымы «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2014-2016 жылдарға арналған кепілдік берілген трансферт туралы» заң жобасы туралы да айтып өтті. Одан мәлім болғандай, Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін кепілдік трансферт жыл сайын 1 триллион 380 миллиард теңге болса, келесі жылдың мөлшері де биылғы деңгейде сақталып қалмақ. Депутаттар назарына «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері арасындағы 2014-2016 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» заң жобасы да ұсынылды. Бұл ретте әкімдердің қаржылық әлеуетін және жауапкершілігін арттыру мақсатында жергілікті бюджеттің шығыс бөлігіне осы уақытқа дейін республикалық бюджеттің мақсатты ағымдағы трансферттері есебінен қаржыландырылып келген тұрақты шығындар тапсырылғандығын айта кету керек. Жалпы, бюджеттік заң жобаларына қорытынды әзірлеу мерзімі үстіміздегі жылдың 23 қазанына дейін деп белгіленді. Заң жобаларының маңызына тоқталған Мәжіліс Төрағасы Президент тапсырмасына сәйкес, Парламент бюджетті қарауда нақты нәтиже болғандығын көздейтіндігін жеткізді.
– Бұл жерде мәселе тек бюджет қаржыларының игерілуінде ғана емес, бөлінген қаржылардың тиімділігі мен нақты нәтижесінде. Бұл Бюджет кодексінде де айқын көрсетілген, – деді Нұрлан Нығматулин. Спикер осы орайда, мәселен, білім саласында үш ауысымдық оқуды қысқартқан кезде, мектептегі жүктеменің қаншалықты азаятындығы, денсаулық сақтау саласында медициналық қызмет сапасының артуы, тұрғын үй құрылысында әлеуметтік баспанаға кезектің қаншалықты қысқаратындығы басты назарда болуға тиістігін ерекше атады. «Мемлекет қаржысы жұмсалатын істің барлығында нақты нәтиже керек. Парламентте бюджетті қарауда бұдан басқаша болуы да мүмкін емес», деп қорытты сөзін спикер.
Кешегі отырыста сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы «Сайлау туралы» конституциялық заң жобасы ілеспе түзетулерімен бірге заңнамалық айналымға алынды. Сонымен қатар, палата «Қазақстан мен Қытай арасындағы «Қазақстан-Қытай» мұнай құбырын дамыту және пайдалану кезіндегі ынтымақтастықтың кейбір мәселелері туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын өндіріске қабылдады. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев мұнайға қатысты құжаттың негізгі мақсаты қазақстандық мұнайдың тұрақты түрде және жылына 20 миллион тонна жеткізіліп тұруын қамтамасыз ету, сонымен бірге, Қытай бағытына мұнай жеткізуде қазақстандық жүк тасымалдаудың барлық жағдайын жасауды қарастыру екендігін атап көрсетті.
Палата «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері туралы» заң жобасын қарауға алды. Заң жобасының қабылдануы Парк аумағында ғылым жаңалықтарының генерациясы үшін жағдай жасайды және оның коммерциялық түрде іске асуына жағдай туғызады деп күтілуде. Сонымен бірге, заңдық құжат «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері мәртебесінің құқын және «Инновациялық технологиялар паркінің» экономикалық аумағын басқарудың ерекшеліктерін айқындайтын болады. Және де инновациял ық технологиялар қорының жеке кластерінің шетелдік жұмыс күшін тартудағы ерекшеліктерін бекітеді. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары да қарауға алынды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».