Атыраулық 11-сынып оқушысы Эльдар Құрмашев KazMessage мобильді қосымшасын жасап шығарды. WhatsApp мессенджерінің баламасы саналатын бұл бағдарлама смартфондарға арналған Android операциялық жүйесінде қолданылады.
Ол биыл Атырау қаласындағы Ә.Жангелдин атындағы орта мектепті бітіргелі отыр. Жақында өзі ойлап тапқан KazMessage қосымшасын Playmarket-ке орналастырды. Қосымшаны он күннің ішінде 120 адам ұялы телефонына жүктеп алған.
– КazMessage қосымшасын 55 тілде қолдануға болады. Түнгі режімі де бар. Басқа бағдарламалардан бір ерекшелігі, телефоныңызды жоғалтсаңыз, арнайы белгіленген 30 сан арқылы қосымшаны басқа құрылғыға жүктеп, контактілердің смс-хаттары мен сурет, видеоларын жүктеп алуға болады. Әр адаммен байланысуға бөлек әуен қоюға болады. Бір топқа 250 адамды тіркей аласыз. Оны барлық қазақстандық пайдаланғанын қалаймын. Білікті ІТ мамандары көмектессе, қосымшаны жетілдіріп, қолданыс аясын кеңейтер едім. Бұл қосымшаны информатика пәнінен ғылыми жобамда тереңірек зерттеп жүрмін, – дейді Елдар Құрмашев.
Жаңалыққа құмар оқушы жаңа қосымшаны App Store, Windows бағдарламаларына қолдану нұсқасын іздестіруде. Бірақ, осы жоба арқылы пайда табуды көздемепті. Бесінші сыныптан бері ІТ саласына қызығып, бастапқыда бұзылған компьютер құрылғыларын жөндепті. Кейін интернет-дүкендер ашқан.
– Менің мақсатым – қазақстандық бренд қалыптастыру. Қазақ жастарының осындай жаңашыл бағдарламаларды ойлап таба алатынын дәлелдегім келді. Болашақта қосымшаның арнайы сайтын ашып, авторлық құқық алуды ойластырып жүрмін, – дейді ол.
Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ
Атырау облысы