Еліміздің символы саналатын қар барысымен адам аяғы жетпес биік шыңдарда қанаттаса жүретін қасиетті бір жануар бар. Қар барысы қайда болса, бұл жануар да сонда. Бұл жануарды ертеректе халқымыз ортеке деп әспеттесе («Ортеке» деген күй де бар), қазір таутеке деген атауы көп айтылады.
Алтайда қасиетті жануар мыңнан асты
Қазақстанның Қызыл кітабына әзірге ене қоймаса да, қорғауды, қамқорлықты, аялы алақанды қажет ететін, негізінен еліміздің Тянь-Шань, Жетісу (Жоңғар) Алатауы мен Оңтүстік Алтайды (Катонқарағай) мекендейтін жануардың қазақ даласында сонау тас дәуірінен бері тіршілік кешіп келе жатқаны археологиялық жәдігерлерден мәлім. Суреттерінің салынғанына шамамен 4 мың жылдай уақыт өткен Алматы облысындағы Таңбалы таста да ортекенің бедерленуі бекер болмаса керек.
Ендеше біз көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған киелі жануардың Шығыс Қазақстандағы жай-күйіне тоқталсақ дейміз. Өңірдегі көнекөз қариялардың, аң-құсты зерттейтін орнитологтардың, осы сала мамандарының сөзіне сенсек, бұрын таутеке бүгінгідей тек Катонқарағай ауданы аумағында, яғни Алтайда ғана емес, облысымыздың көптеген өңірін мекендеген. Өскеменнің іргесіндегі Ұлан ауданындағы Көктауда өткен ғасырдың 50-жылдарына дейін таутекелер болғанын айтады жергілікті жұрт. Ал қазір ортекені тек Алтайдан ғана табасыз. Облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының жануарлар дүниесі және аңшылық-шаруашылық бөліміне хабарласып, өңірде қанша таутеке бар екенін, соңғы жылдардағы өсіп-өну көрсеткіштерін сұрағанымызда мынадай мәліметтер алдық. 2011 жылы аймақтағы таутеке саны 917 болса, 2012 жылы – 901, 2013 жылы – 937, 2014 жылы – 960, 2015 жылы – 970, 2016 жылы – 994, 2017 жылы – 1005, 2018 жылы – 1064, 2019 жылы 1049-ға жетіпті. «Сібір таутекесінің таралу аймағы Катонқарағай ауданының аумағында орналасқан Қазақстан Алтайын қамтиды, оның барлық популяциясы Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркін мекендейді.
Аздаған бөлігі ғана Катонқарағай аудандық аңшылар мен балық аулаушылар қоғамдық бірлестігінің аумағына кіреді. Бір айта кетерлігі, осы аздаған бөлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен «Аңшылық ережелеріне» сәйкес қыркүйек айының алғашқы сенбісінен 31 желтоқсан аралығында аңшылыққа шығуға рұқсат етілген (еркектеріне 1 тамыздан бастап)», дейді инспекцияның Жануарлар дүниесі және аңшылық-шаруашылық бөлімінің басшысы Самат Дидахметов.
Еліміздегі аумағы жөнінен ең үлкен (643 477 гектар) қорықтардың бірі саналатын Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында қазір 900-ден астам таутеке бар. Парктің Жануарлар әлемін қорғау және өндіру бөлімінің басшысы Ерік Қасымовпен телефон арқылы сөйлескенімізде таутекеге қатысты көңіл тоғайтар деректерді естіп, кәдімгідей қуанып қалғанымыз рас. «Жасыратыны жоқ, Катонқарағайда ұлттық парк құрылғанға дейін мұндағы аң-құстардың тағдырына алаңдап, бас қатырған жандар қатары аз болды. Кеңес өкіметі кезінде аң-құстарға санақ жұмыстары дұрыс жүргізілген жоқ. Қазір Құдайға шүкір, мемлекет тарапынан жасалған қорғау шараларының арқасында парк аумағындағы аң-құстар жылдан-жылға көбейіп келеді. Міне, төртінші жылға кетті, Үкімет қаулысына сәйкес ұлттық парк аумақтарында аң аулауға рұқсат берілмейді. Бұрын арнайы рұқсат берілетіндіктен, аңшылар келіп, аң-құстарды атып жүретін. Ал енді таутекеге келсек, алғаш парк құрылған 2000 жылдары олардың саны қазіргіден бірнеше аз болатын. Үш жыл бұрын біздегі таутеке саны 600-700 шамасында болса, қазір мыңға таяп қалды. Ақырын-ақырын көбейіп келеді. Таутекелер парк аумағындағы 5 филиалдың үшеуінде мекендейді. Олар 3-3,5 мың метр биікте емін-еркін жүре береді. Бір ғажабы, таутеке жүрген жерде қар барысы мен Алтай ұлары, яғни аса сирек кездесетін бұл тіршілік иелері бір белдеуде жүреді. Біле білсек, таутеке жарықтық – табиғаттың бізге берген ғажап сыйы. Өзі көбейеді. Өзі өсіп-өнеді. Олардың санын табиғат өзі реттеп отырады. Таутекенің жабайы табиғаттағы негізгі жаулары – қасқыр мен қар барысы. Қар барысын табиғат санитары деуге де болады. Таутекенің ауру-сырқауын, кәрісін, әлжуазын жейді. Ал біздің бірінші мақсатымыз – браконерьлерден қорғау. Сол үшін біздің инспекторлар күндіз-түні тыным таппайды. Менің білуімше, қазіргі уақытта Шығыс Қазақстандағы таутекенің негізгі мекені – Катонқарағай ауданы. Алайда бізбен шекаралас Күршім ауданының біраз бөлігінде таутекелер болуы мүмкін» дейді табиғат жанашыры.
Сібе паркі құрылса, ортекелерді көбейтуге болады
Жоғарыда облыс орталығы – Өскеменнің іргесіндегі Ұлан ауданы аумағындағы Көктауда бұрын таутекелер мекен еткенін айттық. Алыстан мұнартып көрінетін, жап-жасыл қарағайлар қымтаған Көктау тауында ертеректе таутеке ғана емес, бұландар мен маралдар да көп болған көрінеді. «Осы таудың оңтүстік-батыс жағында Текелі деген кішкене өзен бар. Өкінішке қарай, бүгінде таутеке жоқ, бірақ өзен аты қалды. Мұны жергілікті тұрғындардың өздері де білмейтін шығар. Өткен ғасырдың 80- жылдары Қалбаның қарағайлы ормандарында бұлан да болған, бір жылдары Алтайдан марал да келген мұнда. Сібе көлдері аумағында бұрын арқар да көп болған. Соңғы отыз жылда 15-20 бас қана қалды. Ғалымдар осы өлкені мыңдаған жылдар бойы мекен етіп келе жатқан Қалба арқарының ерекшелігін әлі толық зерттеген жоқ. Тек қана Қалбаның қарағайлы орманын мекендейтін бор тиіні дейтін тіршілік иесі де қамқорлықты қажет етеді. Жалпы, Қалба борында ағаш пен бұталардың 60 түрі бар. Бір қуанарлығы, соңғы он бес жылда тау ормандарында саяқ жүретін маралдар көзге түсе бастапты. Көктау табиғаты оларға қолайлы-ақ. Егер осы аумақта мемлекет тарапынан қорғалатын қорық ашылар болса, Сібе өзендерінің орманы мен тауына ежелгі аңдары әлі-ақ оралары анық» дейді өскемендік орнитолог, жазушы Борис Щербаков.
Оның айтуынша, 90-жылдары Өскемен педагогикалық институтының оқытушысы В.Филлиповтың ұсынысымен Сібе ұлттық паркін құру бастамасы көтеріліпті. Алайда сол уақыттағы елдегі елең-алаң жағдайға байланысты игі бастама аяқсыз қалыпты. Табиғат жанашыры бұл істі қазір қайта қолға алуға болатын мезгілдің келгенін жеткізді. Парк құрылса, біріншіден, өңірдің табиғаты сақталады, екіншіден, сол маңдағы ауылдар дамып, тұрғындары жұмыспен қамтылады, үшіншіден, туристер келеді.
Бұдан түйетініміз, әзірге Шығыс Қазақстанда тек Катонқарағайды мекендеп жүрген таутекені өңірдің басқа да аудандарында өсіруге, сирек кездесетін жануардың санын арттыруға мүмкіндік бар. Таутеке келсе, қар барысы мен Алтай ұлары, басқа да аң-құс түрлері қайта пайда болуы әбден мүмкін. Сондай жердің бірі – Көктау. Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Жануарлар әлемін қорғау және өндіру бөлімінің басшысы Ерік Қасымовтан «Алтайдың таутекесін Көктауға әкеп, жіберуге бола ма?» деп сұрадық. «Бұл таудың таутеке үшін қолайлы әрі қауіпсіз болатындығын ғылыми түрде дәлелдесе жіберуге әбден болады. Бұл, әрине оңай шаруа емес. Арнайы жоба әзірлеу керек, Үкімет қаулысы қажет. Ең бастысы, бұл аумақ мемлекет қорғауында болуы керек», дейді ол.
Орайы келгенде айта кетейік, ғалымдар Қазақстанда ұя баспайды деп жүрген 25 құстың ұя басатынын дәлелдеп, «Марқакөл» қорығын құруға атсалысқан, Риддер қаласы маңындағы «Батыс-Алтай» қорығын ашу бастамасын көтерген қарт орнитолог Борис Щербаков өңірдегі сирек кездесетін аң-құстар мен өсімдік түрлерін сақтау үшін Шығыс Қазақстан аумағында әлі де бірнеше кешенді және зоологиялық қорықшалар ашу қажет деп санайды. Оның пайымынша, Ертіс өзені бойында (Өскеменнен Шүлбі су қоймасына дейінгі аумақ) кешенді маусымдық қорықша, Батыс Алтай (Дөңгелек шоқы (Круглая сопка) мен таулы Үлбі ауданы аумағы және Иванов жотасындағы Громатуха шатқалы мен Аю соқпағы аралығында) екі кешенді қорықша, Оңтүстік Алтайда (Нарын мен Бұқтырма өзендерінің құйылар тұсы) зоологиялық қорықша, Зайсан қазаншұңқырында (Қара Бүйрек, Шекелмес шоқылары, Қиын Керіш, Ашутас табиғи ескерткіштері аумағы) кешенді қорықша, Маңырақ жотасында (Тарбағатай зоологиялық қорықшасы аумағына жақын Толағай төбесі) қорғалатын аумақ, Сауыр жотасында (Обалы өзені жазығы, оның төменгі ағысы, Кендірлік өзені, оның Қалқа өзеніне құяр төменгі ағысы, Сайқан жотасының беткейлері аумағы) кешенді қорықша, Алакөл ойпатында (Қаракөл өзенінің басталар тұсы мен Сасықкөлді Мың көл мекенімен қоса алғандағы аумақ) зоологиялық қорықша, Абай ауданында (Арқат тауы мен дала өзендері) кешенді қорықша және Қалба сілемдерінде (Сібе массиві және Айыртау тауы Сартымбет көлімен бірге) кешенді қорықша мен зоологиялық қорықша құру керек. Өйткені бұл аумақтарда жылдан-жылға құрып, жойылып бара жатқан, Қызыл кітапқа енген, аса сирек кездесетін, оның ішінде тек біздің облысты ғана мекендейтін, яғни эндемикалық өсімдіктер, аңдар мен құстар бар.
Түйін
Әрине орнитолог Борис Щербаков ұсынған кешенді қорықшалар мен зоологиялық қорықшаларды ашу оңай шаруа емес. Десек те, біз сөз еткен қасиетті жануар таутекені көздің қарашығындай сақтап, одан әрі көбейту үшін бірінші кезекте Сібе қорығы құрылса нұр үстіне нұр болары анық. Үкімет бұл мәселені назарға алады, тиісті шешім қабылдайды деп сенеміз.
Шығыс Қазақстан облысы
Суретте: Катонқарағайды мекен ететін таутеке