Әлемді алаңдатқан індет кезінде біздің облыста да жүздеген адамға жұмыссыз қалу қаупі туындап отыр. Міне, осындай қысылтаяң кезде облыс орталығындағы «Новопэк» компаниясы жаңа жұмыс орындарын ашып, елге елеулі көмек көрсетуде.
Мемлекет басшысы айтқан «Біз біргеміз!» сөзінің астарындағы атан түйеге жүк боларлық мол мағына жалпақ жұрттың бойындағы сенімді нығайта түсуде. Бекем бірлікке не жетсін, шіркін! Облыс орталығындағы «Новопэк» компаниясының дәл осы шақта шаруасын ыңғайлап, өз жұмысшыларымен қоса жұмыссыз қалғандарға да қайырымы тиіп жатуы жылы сөзге әбден лайықты іс. Кәсіпорын өндіріс көлемін кеңейту арқылы тағы да 100 адамды жұмысқа алмақ.
– Өз жұмысшыларымыздың ішінде баспанасыз жүргендерді жаңа жатақханамызға орналастырмақшымыз. Кәсіпорынның 500 жұмысшысына сәл де болса демеу боларлық азық-түлік себеті табыс етілді. Алдағы уақытта жалақыны да тәп-тәуір көбейтпекпіз, – дейді компанияның бас директоры Рүстем Усманов.
Жаңа жұмысқа орналасқан тігін цехының операторы алдымен тәжірибеден өткізіледі. Бірінші айда оған 60 мың теңге жалақы төленеді. Екінші айда істеген жұмысына еңбекақыға қосымша 30 мың теңге төлеу қарастырылған. Үшінші айда өз табысына 15 мың теңге үстемеленеді. Одан әрі атқарған жұмысына сәйкес жалақы алады. Жалақы мөлшері 80 мың теңгеден кем емес. Міне, осылайша әрбір мамандық бойынша тапқан табысының үстіне үстемеақы төлеу көзделіп отыр. Мәселен, тігіншілер алғашқы айдағы үйрену кезінде 60 мың теңге еңбекақы алады. Екінші айдан бастап атқарған жұмысына сәйкес жалақы төленеді. Бұл жерге тіпті мамандығы жоқ адамдар да қосалқы жұмысшы ретінде жұмысқа орналаса алады. Еңбекақылары да тәп-тәуір. 90 мың теңге шамасында.
Кәсіпорын аумағында қауіпсіздік шаралары мұқият қолға алынған.
КӨКШЕТАУ