Жуырда ауыр атлетикадан Олимпиада және екі дүркін әлем чемпионы Зүлфия Чиншанло тұрмысқа шықты.
Зүлфияның айтуынша, ол күйеуін бұрыннан біледі.
Жуырда ауыр атлетикадан Олимпиада және екі дүркін әлем чемпионы Зүлфия Чиншанло тұрмысқа шықты.
Зүлфияның айтуынша, ол күйеуін бұрыннан біледі. Қытайда жүргенде ауыр атлетикамен айналысуды бірге бастаған екен. Бірақ Зүлфия қазір күйеуім спортпен айналыспайды дейді. «Ол Олимпиада кезінде маған қолдау көрсетіп отырды. Олимпиада біткенде екеуміз демалыста кездесіп жүрдік. Басқа уақытта интернет арқылы хабарласып тұрдық», дейді Чиншанло.
Одан кейін екеуі жиі-жиі хабарласып, Чиншанлоның жігіті Алматыға келіп, АХАЖ-да некелерін тіркеуге өтініш жасапты. Бұған, әрине, Чиншанло еш қарсылық білдірмей, некелесуге уәдесін беріпті. Бірақ бұл туралы Зүлфия ешкімге тіс жармапты және болашақ күйеуіне де солай жасауды өтініпті. Зүлфияның өзі табиғатынан момын, өзін жарнамалауды көп ұната бермейтін спортшы екенін білеміз. Сол себептен де ол шаңырақ көтерулеріне байланысты үлкен салтанат жасамаған. Тек бұл туралы бірнеше адам ғана хабардар болыпты. Некесін тіркегеннен кейін де Чиншанло өзінің отбасын құрғанын жарияламаған. Қазір де ол жұбайының есімін айтқысы келмейді. Бір анығы, ол Қытай азаматы деген дерек бар. Бірақ аты-жөні бізге белгісіз. Атын әрі-бері сұрастырып көріп едік. Нәтиже шықпады. Сұрастырған адамдардың бәрі Зүлфия атын жасырады деді.
Бұған дейін тағы бір ауыр атлетикадан Олимпиада чемпионы Майя Манеза да тұрмысқа шыққан болатын. Ал жақында ол күйеуі, зілтемірші Вячеслав Ершов екеуі ұлды болды. Баласының атын Арсений қойды. Шілде айының басында Олимпиада чемпионы Светлана Подобедова мен ауыр атлектикадан 2009 жылғы әлем чемпионы Владимир Седов та шаңырақ көтергені белгілі.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».