• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
05 Қыркүйек, 2013

Қадау-қадау қазына

410 рет
көрсетілді

Даланың дауасы жүрегін шоқтай жандырып, жанарын нұрға малдырып, өн бойына өнердің өлшеусіз өнегесін дарытқан Қазақстанның халық суретшісі Әубәкір Ысмайыловтың 100 жылдық мерейтойы елордада қатарынан екі күн тойланды. Кеше Тәуелсіздік сарайында Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті, «Қазақстан халқының рухани даму қоры» АҚ, Астана қаласының әкімдігі мен суретші отбасының ұйымдасты­­­руымен халықаралық конференция, сондай-ақ өнер шеберінің жеке көрмесі өтті. Жиынды суретшінің қызы Г.Ысмайылова жүргізіп отырды. Керемет кескіндердің келешек кестелерімен үндесіп тұруы тұлға тудырған ғажайыптардың қашанда халқымыздың қазыналы мұрасы болып қала береріне сендіреді.

Даланың дауасы жүрегін шоқтай жандырып, жанарын нұрға малдырып, өн бойына өнердің өлшеусіз өнегесін дарытқан Қазақстанның халық суретшісі Әубәкір Ысмайыловтың 100 жылдық мерейтойы елордада қатарынан екі күн тойланды. Кеше Тәуелсіздік сарайында Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті, «Қазақстан халқының рухани даму қоры» АҚ, Астана қаласының әкімдігі мен суретші отбасының ұйымдасты­­­руымен халықаралық конференция, сондай-ақ өнер шеберінің жеке көрмесі өтті. Жиынды суретшінің қызы Г.Ысмайылова жүргізіп отырды. Керемет кескіндердің келешек кестелерімен үндесіп тұруы тұлға тудырған ғажайыптардың қашанда халқымыздың қазыналы мұрасы болып қала береріне сендіреді.

Рухани құндылықты жұрттың барлық байлықтан артық санайтын заман жақындап келеді. Онда баю, өсу, жетілу деген ұғымдар қазіргідей тек материалдық мақсатқа қолданылмай, рухани мағынаға қызмет етпек. Болашақты бояулар билейді. Салт-сана ұдайы соған қызмет атқарады. Ә.Ысмайылов өмірі мен өнері туралы зерделі ой түйілген шарадағы келелі әңгіме бізді сондай кемел қоғамға жетеледі. Қадау-қадау қазыналарды қатар тізіп, қай-қайсысының астарына зейін салсаңыз да санаға төгілер сәулесі аңғарылып тұрады. Қазақ ұлттық бейнелеу өнері мектебінің өкілдерін түгелдей зерттеп, соңындағы мол мұраларына орай толағай ой толғап үлгерген жоқпыз әлі. Олардың жан жақпарын жаза түссек, арасынан небір шұғылалы өрнектер төгіле көсіліп, Ә. Ысмайылов қазыналары қанатын жаяды. Оларды кезең-кезеңіне қарай топтастырып, бүгінгі толқынға жеткізе білсек, осы аралықтағы қазақтың тұтас бір тарихы тайға таңба басқандай көрінгелі тұр.

Ал әзірге мынадай халықаралық конференцияны суретші әлемінің әр үзік тұсын ғана қамтып өткен ізденісті істің басы дегеніміз абзал. Өйткені, ғұмырнамасы кешегі кеңестік дәуірді түгел қамтитын тұлғаны бір-екі күндік шара шеңберіне сыйғыза алмайсыз. Сондықтан бұл мерейтойды суретші-акварелист шығармашылығын ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттеп, кесек ой қозғалған ысмайыловтанудың кіріспесі деу қисынды.

Өнер иесінің өзінің қатысуымен түсірілген «Өмір палитрасы» деректі фильмі «алтын қордағы» сақтаулы жалғыз туынды көрінеді. Сондағы жайсаң жанның жадырай күліп, жарқылдаған қалпынан оның өмірдегі шынайы мінезі мен адамгершілік қасиетін айқын аңғару қиын емес. Міне, осы шағын экрандық туындыда суретші жанының көп қыры ашылғандай. Біздер терең мұраның тек шет жағын шолып жүрген екенбіз. Сөйтсек, бояуын арқалап кең даланы қырандай кезген қиялы ұшқыр қылқалам иесі тек бір өнермен тыныс-тіршілігін шектемепті. Бір сәт домбыраны бебеулете жөнелгенде айналасындағы үлкен-кіші демдерін іштеріне жұтып, тыныштық орнай қалады. Сырнайды сызылта тартқанда бейне бір осы өнердің саңлағы тап келгендей күй кештіреді. Үні мен сырт пішіміне дейін драмалық актерге сай келетін саңлақтың «Қыз Жібек», «Тақиялы періште», «Күту», «Сол күндерде», «Көгілдір маршрут» сынды бірталай фильмдегі бейнелері айта берсең, өз алдына бір төбе. Оның есімі сонымен қатар халық би өнерін сахналық тұрғыда дамытуға айтарлықтай атсалысқан Ш. Жиенқұлова, Д. Әбіров сияқты тума таланттардың қатарында тұрғаны күмәнсіз шындық. «Қара жорғаны» билеген қазақ кім деп сұрастыра келсек, о, ғажап, тағы да міне, тарихтың сарғыш беттерінен қанатын қомдап, жорғадай бүлкілдеген биші Ысма йыловтың келбетіне тап боларыңыз хақ. Зерттеушілер ол Мәскеудегі Қызыл алаңда «Қара жорғаны» биледі деген деректі алға тартады. Ал өткен кезеңдегі ізіне ізетпен үңілсек, сонымен қатар оның 1939 жылы Қазақ мемлекеттік филармониясы жанынан халық би ансамблін құрғанын, кәсіби театр режиссері мамандығын игерген майталман кезінде Ж.Шанинмен бірлесіп, қазақ драма театрын ұйымдастыруға қатысқанын білер едік. Бірақ бұл айтылғандар әр жерде там-тұм жазылып жүргенмен, көпшілік қауым ол туралы көп біле бермеуі мүмкін. Сондықтан конференцияда сөз сөйлеген Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Тілеуғали Қышқашбаев, Алтын және бағалы металдар мұражайының директоры Алмас Нұрасқан, Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Байтұрсын Өмірбеков, Қазіргі заманғы өнер мұражайының директоры Нэлли Шиврина және тағы басқалар бейнелеу өнеріндегі қолтаңбасы ежелгі көшпелілер мифо­логиясының сарқылмас сарынына құрылған ренессанстық суретшінің сан түрлі қырына тоқтала келіп, келешекте оның шығармалары кеңінен насихатталса деген пікірді айтты. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, ЮНЕСКО сарапшысы Ефрат Мамбеков суретші шығармалары арқылы Ә.Ысмайылов болмысын болжаса, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы қауымдастығының профессоры, өнертану ғылымының кандидаты Халима Тұрысбекова пейзаждардағы Отанның жырлануын, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті Ольга Батурина суретші графикасындағы романтика­­лық ұмтылысты, ал Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайының Қазақстан бейнелеу өнерін зерттеу ғылыми орталығының графика және мүсін секторының жетекшісі Самал Мамытова тұлғаның қазақ эпосына қалам тербеуін егжей-тегжейлі баяндады. «Қамбар батыр», «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», т. б. эпостық жырларға арналған иллюстрациялар топтамасынан елін, жерін, туған халқын шексіз сүйген адамның жан тебіренісін байқайсыз. Қазір Отанды сүю деген мәселе – өте өткір проблеманың бірі. Кейінгі жастардың бойына патриотизмді, отансүйгіштікті дарыту керек деген сөз жиі айтылады. Біздіңше мұндай қасиеттерді өткен тарихтан, мысалы міне, осы Ә.Ысмайылов еңбектерінен іздеу керек. Ізгі мұраны игі мұратқа пайдалану деп осыны айтса керек деген оймен көркем көрмедегі әсем пейзаждарға қарай бергің келеді.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.

Соңғы жаңалықтар