Сенаторлар Обаманы қолдады
АҚШ сенатының сыртқы істер жөніндегі комитетінің мүшелері Сириядағы ахуалға байланысты келісім қалыптастырды. Қарар жобасына сәйкес әскери операцияларға тағы да 30 күнге ұзарту мүмкіндігімен 60 күн берілетін болды.
Сенаторлар Обаманы қолдады
АҚШ сенатының сыртқы істер жөніндегі комитетінің мүшелері Сириядағы ахуалға байланысты келісім қалыптастырды. Қарар жобасына сәйкес әскери операцияларға тағы да 30 күнге ұзарту мүмкіндігімен 60 күн берілетін болды.
Сонымен бірге, америкалық әскерилердің жерүсті операцияларына қатысуына тыйым да енгізіледі. Президент әкімшілігі сенаторларға Вашингтонның Сириядағы оппозициялық топтарға ұстамды көмек көрсеткені жөнінде егжей-тегжейлі есеп беруі тиіс. Дей тұрғанмен, сенаторлар Ақ үйдің бағытына басым дауыспен қолдау көрсетті. Олардың пікірінше, Барак Обама Башар Асад режімінің химиялық қару қолдануына байланысты күш қолдану шарасын қабылдауы керек.
Сириялық босқындар көмекке зәру
Сирияның көршілері – Ливан, Иордания, Түркия және Ирак сириялық босқындар проблемаларын шешуді талқылау үшін Женевада кездеспек.
Саясаткерлер ауқатты мемлекеттер 2 миллионнан астам сириялықтардың елден қашуына байланысты туындаған дағдарысты шешуге белсенді атсалысады деп есептейді. Осы уақытқа дейін Сирияның көршілері босқындарға үлкен көмек көрсетіп келді. Мәселен, халқы 4 миллионнан сәл ғана асатын Ливан 750 мың босқынды қабылдаса, Иордания мен Түркияның әрқайсысы жарты миллионнан босқындар қабылдаған. Дегенмен, бұл елдердің бір де бірінде сириялықтарға жағдай туғызатындай жеткілікті ақша да, инфрақұрылым да жоқ.
Армения Кеден одағына өтпек
Армения Республикасы Кеден одағына кіру туралы шешім қабылдады. Ел билігі осы бағытта нақты шараларға барып, одан әрі Еуразиялық экономикалық одақты қалыптастыруға атсалыспақ ниетте.
Бұл туралы Мәскеу түбіндегі Ново-Огарево резиденциясында Ресей президенті Владимир Путинмен кездесу кезінде Армения президенті Серж Саргсян мәлімдеді. Кремльдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Путин мұндай шешімге қолдау көрсетіп, өзінің осы процеске жан-жақты ықпал етуге дайын екенін білдірген. Кеден одағын кеңейту мәселесінің Кремльдің күн тәртібінде айрықша маңызға ие екенін айта кету қажет. Бүгінде бұл одаққа Ресей, Беларусь және Қазақстан мүше. Келешекте Қырғызстан мен Тәжікстан оған мүше болуға ниет білдіріп отыр.
Көл-көсір байлыққа кенелді
Алтын іздеушілер Флорида штатының жағалауында испандардың қазынасын тауып алған. Табылған дүниелер 300 мың доллар деп бағалануда.
65 жастағы Рик Шмитт өзінің бүкіл ғұмырын қазына іздеуге арнапты. Ақыры оның ойлаған ісінің сәті оңынан туған. Көмбе іздеушілер теңізде үйіліп жатқан алтын күмістер мен әшекейлердің дәл үстінен түсіпті. Сөйтсе, қыруар байлық табылған Флориданың осы жағалауында шамамен бұдан 300 жылдай уақыт бұрын алтын тиелген 11 испандық галеон суға батып кеткен екен. Шмиттер отбасы бұған дейін де бірнеше рет көпшілік көзінен жасырын жатқан байлықтарды тапқан көрінеді.
Жапондар Олимпиада өткізуге дайын
Біздің үкімет атом электр стансасында туындаған проблемаларды шешу үшін қажетті шаралардың бәрін жасайтын болады. Мен бұл туралы Халықаралық олимпиадалық комитетке өзім тікелей түсіндірмек ниеттемін, деп атап көрсеткен Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ.
Тамыз айының ортасында «Фукусима-1» стансасында 2011 жылдың наурызында АЭС-те апат болған кезеңнен бергі уақыттағы ең көп радиоактивті судың ағып кетуі орын алған еді. Онда жер үстіндегі болат ыдыстан 300 тоннадай қатты ластанған су ағып кеткен. Айта кету керек, 2020 жылғы Олимпиада астанасы 7 қыркүйекте аталатын болады. Жапон астанасымен бәсекеге түскендер қатарында Ыстамбұл мен Мадрид бар.
Балалар ұйымдастырған үйлену тойы
Египетте он бір жасар күйеу бала мен тоғыз жасар қалындық үйлену тойын өткізген. Осы тойдан түсірілген бейнекөрініс интернетке салынған көрінеді.
Негізгі дау да соған байланысты туындап отыр. Египет заңдары бойынша 18 жастан кейін ғана некеге тұруға болады. Бірақ мұндай шектеу жасөспі рім ғашықтардың ата-аналарына тоқтау сала алмаса керек. Неке қию рәсімі барлық қағидалар бойынша өткен. Күйеу бала – смокинг, ал қалындық той көйлегін киген. Осы орайда Пәкстандағы осындай үйлену тойы соңының 5 жасар қыз бен 7 жасар ұл баланың ата-аналарының тұтқынға алынуымен аяқталғанын да айта кету қажет.
Березовскийдің анасы қайтыс болды
Францияда 88-ге қараған шағында биыл марқұм болған ресейлік олигарх Б.Березовскийдің анасы Анна Гельман қайтыс болды.
Анна Гельман томскілік құрылысшы-инженер Абрам Маркович Березовскийге тұрмысқа шыққан болатын. Кезінде ол КСРО Медицина ғылымдары академиясының Педиатрия институтында аға лаборант болып жұмыс істеген. Кейін тұрақты тұру үшін Францияға қоныс аударады. Анна Гельман мамыр айында 67 жастағы ұлы Б.Березовскийді жерлегеннен кейін жалғыз қалған болатын. Жасы ұлғайған әйелдің қайтыс болу себептері туралы ешқандай мәлімет жоқ.
Әйел ұрлаушы қылмыскер асылып қалды
Үш әйелді ұрлап әкетіп, он жыл бойы қамауда ұстағаны үшін өмірлік бас бостандығынан айырылған және тағы да қосымша 1000 жыл түрмеде отыруға кесілген Ариэль Кастро өз камерасында өлі күйінде табылды.
Кастроның Огайо штатындағы Ориент түрмесінде асылып қалғаны туралы түрме өкілдері мәлімдеген. 53 жастағы Ариэль Кастро ол еріксіз қамауда ұстаған әйелдердің біріне қашып шығудың мүмкіндігі туғаннан кейін үстіміздегі жылдың мамыр айында тұтқынға алынған болатын. Ол 2002-2004 жылдары ұрланған үш әйелді өз үйінде ұстап, оларға зорлық көрсетіп келген. Қамауда отырған әйелдердің бірі бірнеше рет жүкті болып, оның соңы түсік тастауға апарып соқтырған көрінеді.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.