• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Сәуір, 2020

Көктемгі дала жұмыстарына дайындық қандай?

1331 рет
көрсетілді

Күн жылып, жердің тоңы жібіген кезде басталатын жыл сайынғы көктемгі егіс дала жұмыстары Жамбыл өңірінде биыл да қарқын алды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыруға сәйкес, биыл егістік көлемін 710,0 мың гектарға орналастыру жоспарланып отыр екен.

Оның ішінде тиісті гектарларға дәнді және дәнді бұршақты дақылдар, майлы дақылдар, қант қызылшасы, картоп, көкөніс-бақша дақылдары және мал азығы дақылдары егілетін болады. Жамбыл облысы аграрлық аймақ болғандықтан, мемлекет қолдауының нәтижесінде өңірде жыл сайын егістік көлемін арттыруға мүмкіндік туып отыр. Мәселен, өткен жылы егістік көлемі 687,1 гектарды құраған. Биыл бұл көрсеткіш 22,9 мың гектарға артады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, өңірде өсімдік шаруашылығын әртараптандыру мақсатында дәнді дақылдар, майлы дақылдар, қант қызылшасын, көкөніс-бақша, картоп және мал азықтық дақылдардың да көлемін арттыру көзделуде. Негізінен Жамбыл өңірі картоп мәселесінде солтүстік облыстарға көбірек тәуелді. Яғни, картоп өзге өңірлерден тасымалданады. Осындай қажеттіліктерді болдырмау үшін биыл өсімдік шаруашылығын әртараптандыру қолға алынып отыр.

Ал, аудан әкімдіктерінің берген мәліметтері бойынша ағымдағы жылдың өніміне жалпы күздік дақылдар 137,4 мың гектарға орналасқан. Оның ішінде 136,3 мың гектар күздік бидай және 1,1 мың гектар күздік арпа егілген. Сондай-ақ, ақпан айында алынған монолиттік сараптама жалпы 137,4 мың гектар күздік дақылдардың 76,1 мың гектарының жақсы, 51,8 мың гектарының қанағаттанарлық және 9,2 мың гектарының нашар шығып тұрғаны көрсеткен. Сонымен қатар, егістіктің сапасын арттыру үшін техникалардың да сапалылығы маңызды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев көктемгі егіс-дала науқанына ауыл шаруашылығы техникаларын дайындау жұмыстары барлық аудандарда жұмыс жоспарларына сәйкес жүргізілуде екенін жеткізді. Жалпы, облыс бойынша биылғы жылы барлығы 8419 ауыл шаруашылығы техникасы тіркелген екен. Және 4536 тракторлардың барлығы көктемгі егіс дала жұмыстарын жүргізуге дайын.

Көктемгі дала жұмыстарына ел Үкіметі тарапынан облысқа 18,3 мың тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінген. Бүгінге күнге облыс бойынша операторлар белгіленіп, опереторлар тарапынан мұнай өңдейтін зауыттарға қаражат аударылған. Нәтижесінде өңірде дизель отынын жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 3500 тонна дизель наурыз айына, 5000 тонна сәуір, 5300 тонна мамыр және 4500 тонна маусым айларына бөлінген.

Сондай-ақ бүгінгі күнге 1747 тонна дизель отыны ауыл шаруашылығы саласының тауар өндірушілеріне таратылған. Бүгінде өңірде егіс дала жұмыстарын одан әрі жандандыруға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған басқа да көмек көп. Мәселен, наурыз айында облыс шаруашылықтарына арзандатылған дизель отынының 1 литрі  175-177 теңге көлемінде таратылған болатын. Қолдаудың нәтижесінде еліміздің Энергетика министрлігінің биылғы шешіміне сәйкес, дизель отынының тоннасы 174000 теңгеге төмендеген. Осыған орай, операторлар қайталап мұнай өнімдерін өндіретін компанияларымен келісім шарт жасасуда. Сол сияқты күздегі жаздық дақылдарға сүдігер айдау және сүр көтеру жұмыстары облыс бойынша 407,7 мың гектарға жоспарланған. Бүгінде 354,6 мың гектар алқап нақты айдалған. Оның ішінде жаздық арпаға, жаздық бидайға, жүгері дәнге, майлы дақылдарға, көкөніс-бақша дақылдарына және өзге де өнім түрлеріне ерекше мән берілген. Бүгінде өңірдегі ауа-райының құбылып тұрғанына қарамастан, ауылдықтар да көктемгі егіс дала жұмыстарына кірісіп кетті. Ал, шаруалардың еңбегінің нәтижесін уақыттың өзі көрсетеді. Ең бастысы еңбек етуге барлық мүмкіндік бар.

 

Жамбыл облысы