• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
05 Қыркүйек, 2013

Отаннан артық ождан жоқ

320 рет
көрсетілді

Парасатты білімді адам ғана өз елін өрге сүйрейді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы №64 мектеп-лицейде оқушылармен кездесуінде осыған екпін берді. Жалпы, Тәуелсіз еліміздің тұғырын бекемдейтін жас жеткіншектердің бойына Елбасы патриот ұғымын сіңіріп, алда тұрған қадау-қадау мәселелерді тарқатты. Ал кешеден бері редакциямызға Президент қозғаған сан алуан тақырыпқа байланысты жылы лебізін білдірген оқырмандардан хаттар келіп түскен болатын. Бүгін де солардың бірқатарына орын беріп отырмыз.

Айнұр Оразымбетова, Қызылорда қаласындағы №176 орта мектептің мұғалімі

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз дәрісінде ұлт тарихына қатысты келелі әңгіме жүргізді. «Туған жеріңнің, еліңнің тарихын білмейінше, шынайы пат­риот болу мүмкін емес. Расында да, тарих тек бізден басталмайды. Бізге дейінгі мыңжылдықтарда да адамдар өмір сүрді. Олар кімдер еді, жалпы, қазақ ұлты қалай қалыптасты дегенді біліп алу өте маңызды. Біздің дәуірімізге дейінгі екі мыңжылдықтарда қазақ жерінде сақ, ғұн тай­паларының өмір сүргені тарихтан мәлім. Есік қорғанынан табылған ең алғашқы Алтын адам сақ дәуіріне жатқызылады. Одан кейін еліміздің археология­сы үшін өте маңызды оқиғалар ретінде Берелден және Атырау маңынан табылған алтын киімді адамдарды айтуға болады. Еліміздің Шығысынан Батысына дейін ең кемі 3 мың шақырым. Осы сайын далада бір мәдениеттің адамдары өмір сүргені анық. Әрине, бұл мәліметтер кез келген тарихи деректерден табуға болатын деректер, бірақ біз үшін ең маңыздысы – біздің жерімізде мекен еткен сақ тайпасының, яғни арғы ата-бабаларымыздың әлемдік өркениетке өз қолтаңбаларын қалдыра алуында» деді ол. Елбасы осы арқылы өткенді құрметтеуге шақырып отыр.

– Мен Джон Кеннедидің бір сөзін өте жақсы көремін. Ол елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін деп ойлану керектігін айтады. Иә, Отанға деген махаббатты іспен дәлелдеу керек. Біз қазір мемлекеттілікті қалыптастыру, тәуелсіздікті нығайту үшін елдің өз азаматтарының еңбегін қажет ететін кезеңді бастан өткеріп жатырмыз. Әркім өз еңбегі арқылы мемлекетті көркейте білсе, сонда ғана мемлекет қуатты болады,- деген Президенттің пікірі шынында да өзекті. Өйткені, біз әрқайсысымыз туған мемлекетіміздің өркендеуі үшін жан аямай еңбек етуге тиіспіз. Сонда ғана еліміз зор жетістіктерге жете алады. Бұл орайда жастардың осы қағидатты санасына сіңіріп өскені керек. Себебі, жастар еліміздің болашағы.

Гүлбағым Қожахмет, Қызылорда облысы, Қазалы ауданындағы №25 орта мектептің мұғалімі

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев бұрнағы күні елордалық оқушыларға дәріс оқыды. Дәріс барысында Елбасы оқушыларға отанды сүюге, мемлекеттің патриоты болуға үндеді.

Сонымен қатар, білім саласындағы, мемлекеттің даму жолындағы іргелі істерді атап айтты. Кездесу барысында өзіме Мемлекет басшысының мына сөзі ерекше әсер етті. «Осыдан біраз жыл бұрын мен дамыған елу елдің қатарына кіруді жоспарлаған болатынмын. Давос форумы еліміздің елу елдің қатарына кіргенін мәлімдеді. Бірақ бұл аз. Өзге елдер алға қарай жылжып барады. Біз неге оларды ылғи да қуып жүруіміз керек? Өзге елдерден жаңа технологияларды алып жатырмыз. Бірақ олар бізге ескісін беретіні түсінікті. Сондықтан сол технологияларды өзіміз жасауға ұмтылуымыз керек. Ол үшін ғылым дамуы тиіс. Егер бізде ғылым, инженерия дамымайтын болса, өзге елдер бізге ескі-құсқысын тастай беретін болады. Айналаға қараңыздаршы, технологиялар қандай жылдамдықпен дамып барады. Мен ақпараттық технологияларды айтып отырған жоқпын. Инженерия, медицина, энергетика саласындағы технологиялардың қарыштап дамып бара жатқаны бізді ойландыруы тиіс». Президенттің осы сөзінен-ақ мемлекетке, қазақстандықтарға үлкен жанашырлықты байқаймыз. Нұрсұлтан Әбішұлы оқушылардың ақпараттық технологияларды көп пайдаланатынын, бірақ олар үшін мұның онша пайдалы емес екенін де айтты. Твиттер, басқа да әлеуметтік желілерде көп уақытты өлтіргенше адамдармен көзбе-көз сөйлесудің, араласудың анағұрлым нәтижелі екенін жеткізді. «Интернет арқылы дос табу қ иын. Ал адамдармен тікелей араласқан кезде оның көңіл-күйін, саған деген көзқарасын аңғаруға, өзіңнің ол адамға деген көңіл-күйіңді нақты жеткізуге мүмкіндік бар. Компьютердің ішіне кіріп кететіндей боп, бүкіл уақытын соның алдында өткізетін адамдар түптің түбінде жалғыздықтан күйзеледі. Әлемде суицид оқиғаларының орын алып жатуы да осыған байланысты болуы мүмкін. Жалпы, білесіздер ме, компьютердің алдында отыратын адамдар бар, сосын оқитын адамдар бар. Кейін компьютердің алдында отыратын адамдар оқыған, сауаты бар адамдарға қызмет ететін болады». Осынау сөз арқылы Елбасы оқушылардың болашағын айқындап берді деуге болады.

Сәуле Рахметова, Алматы қаласындағы №148 мектеп-гимназияның мұғалімі

Еліміздің төрі-Астана қаласында Президент Нұрсұлтан Назарбаев өткізген тәлім мен тәрбие сабағы барша қазақстандық шәкірт пен ұстазға бағыт көрсететін рухани жүлге болды деп айтар едім. Елбасы жас ұрпақ өкілдерімен өткізген кездесуінде келешектің тізгінін ұстайтын азаматтар қандай болуы керек және ұранды елдің ұл-қызы қалыптасу жолын қалай таңдауы керек деген секілді маңызды тәрбиелік мәселені ортаға салды.

Бұған дейін интерактивті тақта арқылы Қазақстанның барша тәлімгер шәкірттеріне жол нұсқап, жарқын да жасампаз өмірді насихат етіп жүрген мұндай қадам біздің бүгінгі білімге ұмтылған жас өрендеріміз үшін аса пайдалы дәстүрге айналып отыр.

Біздер де, қазақстандық ұстаздар мен тәрбие саласының қызметкерлері өз кезегімізде Елбасы үндеген тәрбие мен білім жолына өз үлесімізді қосып, келер ұрпақты телегей табысқа қол жеткізер соқпаққа саламыз деп сенемін. Мемлекет басшысы арнайы уақыт бөліп жастарды білімге шақыруының өзі көптеген жастардың таланты мен талабын жандандыра түседі және білім жолында өзара әділ бәсекеге бастайтыны анық деп білеміз.

Таланты мен талабын бір арнада ұштастыра білген еліміздің алғыр шәкірттерімен болған дәрісте Мемлекет басшысы жас ұрпаққа үлкен көңіл бөлетінін тағы бір мәрте дәлелдеді. Президент еліміздің табиғи байлықтарының күндердің бір күні бітеріне, сол себепті қазақстандықтардың, соның ішінде жастардың заман талабына сай өнер мен білімге көңіл бөлуіне назар аудартып отырғандығы қуантты. Алға басқан жаңа заман жаңа технологияның дәуірі екені белгілі. Соған орай жастар әлемдік стандарттарға сай жаңа технологияларды игеруі тиіс. Елбасы айтқандай, сонда ғана біз көштен қалмай, бәсекеге барынша қабілетті дамыған алып мемлекеттердің қатарына кіреміз.

Іңкәр Сәбитқызы, Алматы қаласындағы №148 мектеп-гимназиясының түлегі

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың талантты жастармен өткізген тәрбие сабағы бізді аса қызықтырды. Президентпен кездескен шәкірттердің бәрі де түрлі спорттық жарыстар мен білім олимпиадаларының жеңімпаздары екен..

Мені тағы бір қуантқаны, биылғы оқу жылын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың дәрісімен бастағанымыз болып отыр. Біз өзімізге арналған мектеп бағдарламасымен қатар жеке тірлігімізде де үлкен өмір жолына қадам басып келе жатқан ұрпақпыз. Елбасының сабағы бізді үлкен іске-мемлекеттің даму жоспарына жол сілтеп отыр. Білімді ұрпақ дегеніміз тек қана сабағын 5-ке оқып, спортты серік еткен жас қана емес, сонымен қатар өз Отанының келешегіне үлес қоссам деп үлкен ағалар мен апаларымыздан тәлім алатын жас ұлан деп білемін. Сондықтан да біз Қазақстанның әлемдегі ең озық ел болуына атсалысатын білімді маман болып шығу жолында оқу мен үйренуден талмайтын ізденіс жолында боламыз дегім келеді.

Мемлекет басшысының тәлім мен тәрбиеге толы сабағы бізге жақсы әсер қалдырды. Президенттен сабақ тыңдау барлық оқушылар үшін үлкен өнеге екені сөзсіз. Нұрсұлтан Әбішұлы өз өмірі мен халыққа жасап отырған қызметін байланыстырып айтқан әрбір ғибратты сөзі біздің санамызда мәңгілікке орын алды. Еліміздің барша оқушысына ол кісінің ел үшін жасап жатқан көптеген істері жақсы таныс. Әсіресе, жастардың терең білім алып, заман көшінде өзге елдердің балаларынан кем болмай сапалы білім алуына, дамыған елдердегідей заманауи техникамен бүгінгі мектептерді қамтамасыз етіп жағдай жасағаны үшін риз амыз.

Ардақ Қасымханов, Көкшетау қаласындағы №3 кәсіби мектеп-гимназиясының оқушысы

Патриотизмнің басты арқауы – жауапкершілік. Нұрболат Сансызбай, Мадияр Бақытжан, Бибінұр Кенжеханова сияқты астаналық сыныптастарымның Мемлекет басшысының алдында мүдірмей сөйлеп, өз ойларын еркін жеткізуі сүйсіндірді. Олардың сөздеріне қарап әркімнің пікірі әртүрлі екендігін, бірақ пікірлер алуандығы арқылы түпкі ұстаным туындайтынын аңғардым. Мәселен, оқушылар патриотизмнің негізі елді жүрекпен сүюде, тарихтан тәлім алуда, бүгінгі өзгерістерге қуанып, ертеңгі күнге сеніммен аяқ басуда, жасампаздыққа жету үшін көп еңбектеніп, толыққанды білім алуда деп біледі. Осының барлығының жиынтығы адалдық пен жауапкершілікке келіп саяды.

Біз Тәуелсіз Қазақстанымызбен мақтана білуіміз керек. Әлем таныған Астанамыз бізді жаңа шуақты биіктерге бастайды. Біздің ұрпақ «ЭКСПО-2017» сияқты жаңа оқиғаларды жасаушылар болатындығына сенемін. Өйткені, Президентіміздің оқу жылының алғашқы күні өткізген дәрісі баршамызды жауапты істерге бастайды, оған дайындығымызды ұштап, жігерімізді нықтайды.

           

Айжан Көшербай, Атырау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың астаналық үздік оқушылармен өткізген ғибратты дәрісі әсіресе, менің замандастарымды елді сүюге ұмтылдырып, Отанның патриоты болуға жігерлендіреді деп ойлаймын. Себебі, Президенттің тәуелсіз Қазақстанды әлемнің бәсекеге қабілетті танымал елдерінің қатарына қосу жолындағы ерен еңбегі баршамызды отаншылдыққа тәрбиелейтін өнеге деп білемін.

Біз Қазақстандай тәуелсіз елімізді әлемдегі жан-жақты дамыған мемлекеттердің қатарынан көруіміз үшін алдымен жақсы білім, сонан соң өзіміз қалайтын мамандықтың білгірі болуымыз керек. Бұл үшін әрине, біз ерінбей-жалықпай білім алуға ұмтыламыз. Ал біздің сапалы білім алуымыз үшін өзім жақында табалдырығын аттаған Назарбаев зияткерлік мектебінде барлық жағдай жасалып отыр. Ендеше, біз жалқаулықтан аулақ болуымыз керек.

Президент еңбек етуге құлшынысы жоқ жалқау адамның Отанның патриоты болмайтынын баса айтты. Ал біз Отанның патриоты болғымыз келеді. Келешекте Қазақстанның гүлденіп, көркейе беруіне өз үлесімізді қосуды көздейміз.

Соңғы жаңалықтар