• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
06 Қыркүйек, 2013

Елбасы – Санкт-Петербургте

255 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Үлкен жиырмалықтың» саммитіне қатысу үшін Санкт-Петербургке келді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.

 

Сапар барысында Мемлекет басшысының G20 саммитінің жұмысына қатысуы, шет мемлекеттер және халықаралық ұйымдар басшыларымен екіжақты кездесулер өткізуі жоспарланған.

Дағдарыспен бірлесіп күресу қажет

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Санкт-Петербургтегі G20 саммитінің сессиясында сөз сөйледі, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

Нұрсұлтан Назарбаев шақыруға ризашылығын білдіріп, жаһандық дағдарыстың бір себебі экономиканың нақты секторымен байланыссыз «сабынды көбік» түріндегі қаржылық құрылымдардың қарқынды дамуы болып табылатынын атап өтті.

Мемлекет басшысы маңызды әлемдік шешімдерді қабылдау кезінде көптеген дамушы елдердің ұстанымы іс жүзінде назарға алынбайтынын айтты.

– Қазақстан тәрізді елдердің де пікірі еленуі үшін бұдан екі жыл бұрын менің тарапымнан G-GLOBAL жобасы бастама ретінде көтерілді. Ол G8-ге және G20-ға балама емес, қазіргі кезде ақпараттық-коммуникативтік алаң ретінде іске асырылып жатқан жаһандық диалогтың қосымша құралы ғана, – деді Қазақстан Президенті.

G-GLOBAL-дан бөлек Қазақстан­ның бастамасы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясының қолдауымен Астанада 104 елдің экономикалық ведомстволары жетекшілерінің қатысуымен Дағдарысқа қарсы бүкіләлемдік конференция өткізілді. Осы инновациялық жаһандық диалог пішініне баса назар аударған Нұрсұлтан Назарбаев мейлінше өзекті проблемаларды шешуге қатысты өз көзқарасын ортаға салды. Осылайша әлемдік қаржывалюталық архитектурасы барлық елдің мүддесін сақтауға эволюциялық жолмен келуге тиіс.

Мемлекет басшысының келесі ұсы­нысы әлемдік экономикадағы борышкерлік қатынастарды теңдес­тіруге байланысты болды.

– Мемлекеттік және корпоративтік қарыз алу көлемін реттеудің және бақылау жасаудың жаңа элементтерін әзірлеу әрі енгізу ұсынылады, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев дағдарысқа қарсы күресте өңірлік ықпалдастықтың маңызды рөл атқаратынын айта отырып, Қазақстан, Ресей және Беларусь құрған Кеден одағын мысалға келтірді.

– Қазақстан да Дүниежүзілік сауда ұйымына кірудің қорытынды кезеңінде тұр. Бұл орайда осында отырған мемлекеттер мен үкіметтер басшыларынан 2013 жылдың соңына дейін Қазақстанның ДСҰ-ға кіруіне қолдау көрсетуді сұраймын, – деді Мемлекет басшысы.

Бұған қоса, Қазақстан Президенті біздің еліміз G20-ның «Жасыл климат қоры» жөніндегі бастамасын қолдайтынын мәлімдей келе, «Болашақтың энергиясы» тақырыбында ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің Астанада өтетіні Қазақстанның «жасыл экономиканы» жаңғыртуының айғағы екеніне тоқталды.    

Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назар­баев айтылған ұсыныстардың назар­ға алынып, аталған салалардағы қыз­мет­тің жандана түсетініне сенім білдірді.  

Соңғы жаңалықтар