Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ халқына ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Мәдениет және спорт министрлігі.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы карантин кезінде ел тұрғындарына қолдау көрсетіп жатқан мəдениет қайраткерлері мен қызметкерлеріне алғыс айтты.
«Осы мүмкіндікті пайдаланып, азаматтарға түсінгендері, шыдамдылық танытып, табанды болғандары үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Сонымен қоса Мәдениет қайраткерлеріне жеке рақметімді жолдаймын. Олар сөзбен де, іспен де қазақ халқына көмектесіп жатыр. Бұл ретте «Карантиндегі жұлдыз» жалпыұлттық жобасының барысын ризашылықпен қадағалап отырмын. Бірегей, әрі пайдалы бастама», - деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Мəдениет жəне спорт министрлігі карантин кезінде «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, «Карантиндегі жұлдыз» жобасын жүзеге асырып келеді. Онлайн-концерт аясында Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева екі рет, Жұбаныш Жексенұлы, Жеңіс Сейдоллаұлы, Сəкен Майғазиев, Бекболат Тілеухан, Айман Мұсақожаева, Майра Мұхамедқызы, Құрмаш Маханов жəне Əміре, Айқын Төлепберген, Жəмилə Серкебаева, Ninety One тобы, MEZZO тобы өнер көрсетті.
Аталған өнерпаздардың концертін елімізден бөлек, ТМД елдері, Сербия, АҚШ, Франция тұрғындары тамашалаған.