Облыста карантин режимі енгізілгеннен бері облыстық тарихи-өлкетану музейі басқа да көптеген ұйымдар секілді өз жұмысын қашықтықтан жүргізе бастады.
Музей қызметкерлері үйлерінде отырып-ақ өздерінің зерттеу жұмыстарын әрі қарай жалғап, түрлі мақалалар ұйымдастыруда, музей қорында сақталған жәдігерлерді каталогтау жұмыстарымен айналысуда. Ал, музейге барып істейтін қызметкерлер онлайн-форматта іс-шаралар өткізудің жоспарын әзірледі. Оларды музей сайтынан және Фейсбук, Инстаграмм желілерінен тамашалауға болады.
–Бір ғасырлық тарихы бар музейімізде «Жәдігерлер тарихтан сыр шертеді» онлайн жобасын іске қосылды. Көптеген жылдар бойы ғылыми қызметкерлеріміз музейдегі бірегей жәдігерлердің топтамаларын жинақтады, олардың ішіндегі үздік танылғандары экспозициялық залда ұсынылған. Ондағы әрбір заттың, құжаттың немесе артефакттың өзіндік мән-маңызы бар. Олар белгілі бір адамның ғұмырын, отбасының бастан кешкендерін, яғни туған жердің тұңғиық тарихынан сыр шертіп тұр. Міне, осы орайда, жоғарыдағы жобаны жүзеге асыру үшін алғашқы бейнежазба әзірленді. Ол музей орналасқан ғимараттың тарихы жайлы түсірілді. Келесі бейнежазбалар да Ақмола тұрғындары үшін қызықты да қызғылықты болары сөзсіз, – дейді музей директорының орынбасары Анар Дүйсенбаева.
Наурыз айының соңында Атбасардағы Ілияс Есенберлин атындағы мұражайдың ғылыми қызметкерлері онлайн-режимінде «Өмір өзен» автобиографиялық кітабына шолу жасады. Оның авторы бүркеншік аты Асан Номад болып табылатын жазушының баласы Қозыкөрпеш Есенберлин. Аталмыш кітап 2004 жылы орыс тілінде жарық көрді. «Ілияс», «Махаббат», «Диляра» атты үш бөлімнен тұрады. Бүгінгі күні аталған кітаптың бірінші бөлімнің аудиожазбасы жасалды. Ал, Степногорск тарихи-өлкетану мұражайы сәуір айының басынан «Жеңіс Батырлары» атты дәрістер циклін онлайн түрде іске қосты. Онда Степногорск топырағынан шыққан Ұлы Отан соғысының батырлар туралы материалдар топтастырылған.
Сонымен бірге Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы да осы күндері өз жұмыстарын қашықтықтан атқару жұмыстарын белсенді дамытуда. «Біз оқырмандарымызға қашықтықтан қызмет көрсету үшін «Жанды кітап» жаңа форматын енгіздік» дейді кітапхана директорының орынбасары Галина Савенкова. Онда қазір «Абай және мен» атты кітапхана студиясы жұмыс істеп, кітапханашылар мен студенттер, Көкшетау қаласындағы жоғары оқу орындарының ұстаздары Ұлы Абайдың, Ілияс Есенберлиннің және тағы да басқа ақын-жазушылардың шығармашылығы туралы айтып, насихаттауда.
Кітапхананың ақпараттық-библиографиялық бөлімі жергілікті ақын-жазушылардың сандық форматтағы шығармаларын әлеуметтік желілерге жиі салып тұрады. Кез-келген желі қолданушысы үйінде отырып-ақ оқи алады. Сонымен бірге, кітапхана «жерлес жазушылардың топталарын» сандық форматқа ауыстырып, 3D кітаптарын жасауда.
– Республикада бірінші болып біз өзіміздің белсенді оқырмандарға 60+ желісін аштық, онда кітапханашылар оқырмандарға кітаптарды үйлерінің есігіне дейін апарып береді, бұған қоса, олар «Үйде оқимыз» атты бейнежазба түсіруде. Міне, осылайша біз электронды кітапхана жасап жатырмыз. Әдебиеттерді сандық форматқа көшіріп, оның сапасын арттыру үшін редактор-бағдарламасымен жұмыс істеудеміз. Біз қазір шығармаларды «Magjan.kz» тарихи-әдеби порталында үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жариялау жұмысына дайындалудамыз, – дейді кітапхана директоры Талғат Ыбыраев.
Сондай-ақ, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге іске асыру шеңберінде қазақ ұлттық электронды кітапаханасына жергілікті авторлардың сандық форматтағы 250 кітабы тапсырыпты.
Көпшілік жұмыстар бөлімі «Jandykitap» челленджін ұйымдастыруда, онда қазақ әдебиеті классиктерінің шығармалары оқылатын болады.
Фейсбукте және кітапхана сайтында кітапханашылар танымал композиторлардың өмірбаянымен қоса музыкалық шығармалардың тарихымен таныстыру үшін бейнешолулар жасауда, яғни олар «Жаңа форматтағы классика» онлайн-айдарын жүргізуде. Ал, «Полиглот» жобасы аясында шетел әдебиеті бөлімі жас оқырмандарға видео форматта үш тілде сабақтар өткізеді.