• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Сәуір, 2020

Қарағанды облысы: Коронавируспен күрес қыза түсті

421 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы сәуір айының соңына дейін карантин режимінің мерзімін созуды тапсырды. Бұл – елімізде коронавируспен күрестің жаңа деңгейге шығып, аталған індетке қарсы майданның кең ауқымда жүргізілетінін аңғартса керек. 

Бұл істе Қарағанды облысының да қосар үлесі қомақты болуы керек. Өңірде аты жаман аурудың көзін жою мақсатында көптеген шаруалардың қолға алынғанын айта кеткен жөн.

Ауырғандар саны алпыстан асты

Бүгін Қарағанды облысында тағы бір адамның COVID-19 жұқтырғаны белгілі болды. Бұл науқас өкпесіне суық тиіп, пульмонологиялық госпитальға жатқызылған екен. Кейін зертханалық негізде оның қан талдауынан коронавирус инфекциясының белгісі анықталған. Науқас бұрын COVID-19 жұқтырғандармен байланыста болмаған.

Қазіргі таңда облыста коронавирус жұқтырғандар індетке қарсы қауіпсіздіктің қажетті шаралары сақтала отырылып, арнайы бокстарға оқшауландырылған. Олар тиісті ем-домды алып жатыр.

Бүгінгі күнде Қарағанды облысында коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 62-ге жетті. Бір адам осы дерттен қайтыс болды. Үй карантинінде 1 638 адам отыр. Тәулік бойы бақылауға 686 тұрғын алынған.

Дәрігерлер демеуден тарықпасын!

Қарағанды облысында коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген жұқпалы провизорлық және карантиндік госпитальдардың, жедел медициналық көмек қызметінің мамандары және карантиндік блок-бекеттердегі кезекші дәрігерлер үстеме ақы алды.

Нақты айтқанда, 1349 медициналық қызметкерге республикалық бюджеттен үстеме төленді. Бұл мақсатқа 139 миллион теңге бөлінген болатын. Сыйақы мөлшері сағаттардың санына және қызметкердің біліктілігіне байланысты бөлінді.

Сонымен қатар, облыстық бюджеттен бөлінген 197 миллион теңге есебінен 1677 медициналық қызметкерге бір еңбекақы көлемінде қосымша сыйақы төленді.

Жалпы, еліміз бойынша мұндай үстемеақыны 30 мыңнан астам медицина қызметкері алады.

          Шахтинскіде карантин күшейтіледі

Қарағандыға серіктес қала Шахтинскіде 12 сәуір күні сағат 00.00-ден бастап карантин күшейтіліп, қалаға кіруге және шығуға тыйым салынатын болды. Қалада жеке автокөліктермен жүруге болмайды, қоғамдық көлік қозғалысы уақытша тоқтатыла тұрады. Бұл туралы облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қанат Асқаров мәлімдеді.

– Коронавирустың таралуына жол бермеу және тұрғындарды қорғау мақсатында қосымша шараларды қолға алу қажет болды. Шахтинскіде сырқаттанушылық көрсеткіші 10 мың тұрғынға шаққанда 1 адамнан келетін деңгейден асты. Осыны ескере отырып, қаланың карантиндік аймағының бірыңғай периметрі белгіленетін болады және жеке көліктің қозғалысы толық тоқтатылады, – деді ол.

Сәуірдің 11-нен 12-не қараған түні карантин күшейтілетін Шахтинскіде белгіленген периметр бойынша бес блок-бекет орнатылады. Қалада ломбардтар мен айырбастау пункттерінің қызметі уақытша тоқтатылады.

 Қарағанды облысы