Биыл елімізде тұңғыш рет Елбасының Жарлығымен қыркүйектің 8-інде Отбасы күні аталып өтіледі. Бұдан кейін тұрақты түрде әр жылы қыркүйектің екінші жексенбісі Отбасы күніне арналады. Соған орай, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықовамен ой бөліскен болатынбыз.
– Гүлшара Наушақызы, жуырда ғана Елбасы Н.Назарбаев Отбасы күнін атап өту туралы Жарлық шығарды. Бұған Сіздің пікіріңіз қандай? Отбасы күнін атап өту отбасылық құндылықтарды нығайтуға септігін тигізе ме?
– Бұл Жарлыққа дейін де отбасы мәселесі Елбасының ұдайы назарында болғанын атап өту парыз. Президенттің жыл сайынғы Қазақстан халқына арналатын Жолдауларында отбасы, демографиялық өсім, ана мен бала денсаулығын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылып, атқарушы билікке нақты тапсырмалар беріліп келеді. Ал арнайы Жарлық шығарылуы отбасы мәселелеріне, оның мәртебесінің өсуіне және қоғамдағы рөлінің артуына деген мүддені танытады, қазақстандық отбасының абыройы өскендігін білдіреді. Отбасын қолдау арқылы халық санын арттыру, қоғам мүшелерінің денсаулығын жақсарту, жас ұрпақты тәрбиелеу мәселелерін ауқымды түрде шешуге болады.
Биыл елімізде тұңғыш рет Елбасының Жарлығымен қыркүйектің 8-інде Отбасы күні аталып өтіледі. Бұдан кейін тұрақты түрде әр жылы қыркүйектің екінші жексенбісі Отбасы күніне арналады. Соған орай, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықовамен ой бөліскен болатынбыз.
– Гүлшара Наушақызы, жуырда ғана Елбасы Н.Назарбаев Отбасы күнін атап өту туралы Жарлық шығарды. Бұған Сіздің пікіріңіз қандай? Отбасы күнін атап өту отбасылық құндылықтарды нығайтуға септігін тигізе ме?
– Бұл Жарлыққа дейін де отбасы мәселесі Елбасының ұдайы назарында болғанын атап өту парыз. Президенттің жыл сайынғы Қазақстан халқына арналатын Жолдауларында отбасы, демографиялық өсім, ана мен бала денсаулығын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылып, атқарушы билікке нақты тапсырмалар беріліп келеді. Ал арнайы Жарлық шығарылуы отбасы мәселелеріне, оның мәртебесінің өсуіне және қоғамдағы рөлінің артуына деген мүддені танытады, қазақстандық отбасының абыройы өскендігін білдіреді. Отбасын қолдау арқылы халық санын арттыру, қоғам мүшелерінің денсаулығын жақсарту, жас ұрпақты тәрбиелеу мәселелерін ауқымды түрде шешуге болады.
Отбасы құндылықтарын сақтау және нығайту – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия қызметінің басты басымдықтарының бірі. Сондықтан, Отбасы күнін белгілеу туралы Жарлықтың шығуы Ұлттық комиссияның осы бағыттағы қызметін жандандыра түсуге көмектесері сөзсіз. Отбасы күнін атап өту арқылы отбасы құндылықтарын насихаттау – жастар арасында жаһандық ықпалдасу әсерімен қалыптасқан тұрмыс құруға асықпау, тіпті, салт бастылыққа ұмтылу, некесіз қарым-қатынаста болу сияқты кейбір жағымсыз әдеттерден арылуға әсер етеді деген ойдамын.
– Нарықтық өтпелі кезең әлеуметтік-экономикалық тұрмыс жағдайлары түрлі деңгейдегі отбасыларды қалыптастырды. Соған сәйкес қоғамдағы отбасылардың рухани-мәдени ахуалдары да түрлі деңгейде екені рас. Ұлттық комиссия бұл жағдайларды қаншалықты талдап, зерттеп отыр?
– Ол рас, нарықтық кезең қоғам үшін үлкен сынақ болды. Оның тезіне төзе алмаған алпауыт кәсіпорындар да күйреп жатты. Ал адамдарға келетін болсақ, ол әр адамның ішкі өзегі, арқауы қаншалықты берік екендігін көрсетті. Рухы мықты, ынтымағы зор отбасылар қиындықпен бетпе-бет келгенде ширай түссе, тоз-тозы шығып кеткендер де кездесті.
Отбасында, қоғамда жастарды рухани адамгершілікке тәрбиелеу, мәдени және тарихи салт-дәстүрлерді, сондай-ақ қоғамның құндылықтарын бойына сіңіру басты назарда болуы тиіс. Көптеген мәселелерді қазақстандық отбасыларының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлері мен құндылықтары негізінде шешуге болады.
Ұлттық комиссия үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастықта түрлі зерттеулер жүргізіп, қоғамның, отбасылардың рухани-мәдени ахуалдарын жіті бақылап отырады. Мысалы, БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп «Қоғамның рухани-ізгілік қайта түлеуі елімізді әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың кепілі» атты жобасын іске асыруда. Соған сәйкес өңірлерде «Отбасы – қоғамның іргетасы» тақырыбына отбасылық құндылықтарды уағыздау, отбасын нығайту және отбасындағы тәрбиенің рөлін арттыру мәселелері бойынша семинарлар өткізілді.
Сондай-ақ, балалар мен жастар арасындағы өзіне өзі қол жұмсау, кәмелетке толмаған қыздарды алып қашу, жастардың репродуктивтік денсаулығы, қарт адамдардың жағдайы, үй еңбегі мәселелері бойынша зерттеулер жүргізіліп, қорытындылары бойынша Елбасына, Үкіметке тиісті ұсынымдар жасалды.
– Қоғамда толыққанды отбасылар қатары көбеюі үшін қандай алғышарттар керек деп ойлайсыз? Толыққанды отбасы деп қандай отбасыны танисыз?
– Бұл жерде «толыққанды отбасы» дегенімізде – әке-шешесі бар, екі-үш (не одан көбірек) баласы бар отбасы деген ұғым қалыптасқанын айта кетуіміз керек болар. Біздіңше, бұл – бір жақтылау ұғым. Адамды өмірде түрлі сын күтіп тұрады. Отбасындағы әке не шеше өмірден ертерек озуы мүмкін. Немесе тағдырдың бір тәлкегіне ұшырап, отбасынан қол үзуі мүмкін. Сол үшін артында қалған отбасыны кемітіп, «толыққанды еместер» қатарына жатқызу дұрыс емес. Елімізде шиеттей балаларды атасы мен әжесі өсірген, үлкен ағалары мен апалары қамқорлық жасап отырған қаншама отбасы бар?! Оларды «толыққанды емес» деп айтудың өзі күнә. Біздіңше, жалғыз әкесі не анасы өсірсін, басқалар бақсын – қиындықты жеңе білген, ұл мен қызы өмірдегі орнын тауып, қоғамға пайдалы еңбек етіп жүрген отбасының қандайы болсын толыққанды отбасы.
Ал нақты цифрмен сөйлейтін болсақ, елімізде халық саны 17 миллионнан асса, отбасылардың шынайы саны 4 миллионнан артық. Отбасылардың 70 пайызға жуығының құрамында 3-тен 5-ке дейін адам бар. Жалпы халық санының 30 пайызын балалар құрайды.
Толыққанды отбасылардың қатарын көбейтудің жазылып қойған заңы жоқ, бірақ алғышарттарының бірі – жастардың саналылығы, отау құрған соң өздерінің осы қадамы үшін жауапкершілікті сезінуі дер едім. Өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Мен ажырасуға қарсымын, жастарды отбасы құндылығы, ажырасудың қасірет екендігі рухында тәрбиелеу керек, өйткені, оның салдарынан, ең алдымен, балалар зардап шегеді», деп атап көрсетті. Себебі, қазіргі кезде кеше ғана ұлан-асыр той жасап қосылғандардың сәл нәрсені себеп етіп, ажырасып кетулері жиі ұшырасады. Отау құрған жастардың өз жауапкершілігін сезінбеуінің бір көрінісі – осы.
– Ұлттық комиссияның жас отбасыларды қолдауға арналған қандай бағдарламалары немесе жобалары бар?
– Ұлттық комиссия қызметінің бір бағытын халқымыздың «Ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілерсің» деген даналығымен сипаттауға болады дер едім. Жастардың болашақта қандай жар, қандай ата-ана болуы отбасында көрген тәрбиесіне тікелей байланысты. Сондықтан біз бұл мәселеге кешенді түрде келіп, жастардың санасына патриотизм – өзің, отбасың және Отаның үшін ұлы жауапкершілік екенін сіңіру бағытында жұмыс істейміз.
Сондай-ақ, жас отбасыларды қолдау бағытында мемлекеттік органдармен бірлесіп, негіз болатын заңнамалық актілердің, ресми құжаттардың қабылдануына ден қоямыз. Олардың орындалуына атсалысамыз. Мысалы, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасында отбасына арналған тұтастай бөлім бар. Біз Білім және ғылым министрлігінің Жастар ісі комитеті осы бағытта жүргізетін жұмысына қолдау көрсетеміз.
Өткен жылы Ұлттық комиссия ұйымдастырған зерттеудің нәтижесі бойынша отбасылардың ұрпақты болу денсаулығы мәселесі халықаралық конференцияда талқыланып, түйінді проблемаларға назар аударылды. Бұдан басқа, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе түрлі іс-шаралар жүзеге асырылады. Айталық, жастарға бағыт-бағдар беретін «Отбасылық тәрбие» институтымен ынтымақтастықта жұмыс істейміз, Ұлттық комиссия мүшелері «Ұлттық отбасылық құндылықтар» орталығын ашып, студенттер арасында жұмыс жүргізуде.
– Қоғамда көпбалалы, жәрдемақымен жыртығын жамап отырған отбасылар туралы «аз қамтылған отбасылар» деген түсінік пайда болды. Бұл түсініктің ар жағында көп баланы табу тек аз қамтылған отбасылардың әйелдеріне тән деген сұмдық пиғыл жатқан жоқ па? Рас, елімізде дәулетті отбасылардың ішінде де көп балалылары бар. Бірақ олар мемлекетке кіріптар болмағандықтан, көріне бермейді. Осы мәселеге қатысты көзқарасыңыз қандай? < /strong>
– Осы жерде, газет – тәрбие құралдарының бірі екендігін пайдаланып, біраз нәрсені айта кетейікші. Жәрдемақы беру – соғыс, аштық сияқты қиын замандарда халықты құрып кетуден сақтау үшін пайда болған амал екенін білеміз. Бірақ кейде осындай көмекке арқа сүйеп, масылдыққа ұрынатындар пайда болады. Елбасымыз «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында асыра өбектеуден арылу қажеттігін сондықтан еске салды деп ойлаймын. Арғы-бергі тарихымызға үңілсек, қазақтың ешқашан туған баласын бұлдаған халық емес екеніне көз жеткіземіз.
Рас, ортамызда тумысынан мүгедек, денсаулығы нашар, белгілі бір объективті себептерге байланысты «аз қамтылған» адамдар бар. Оларға мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп отыр.
Бала туу жасындағылардың денінің кем дегенде орта білімдері, белгілі бір мамандықтары бар. Қазір еңбек еткен адам көштен қалатын заман емес қой. Елімізде бірнеше жылдан бері еңбекпен қамтуға, кәсіпкерлікті дамытуға арналған түрлі бағдарламалар жұмыс істеуде. Соларға қатысқан адам отбасын асырайтын қаражат табары анық. Ынтасы болса жұмыс таба алатын жағдай жасалып отыр. Кейбір азаматтардың, өзіңіз айтқандай, «кіріптар болып», «аз қамтылған отбасы» аталуының түп-тамырында басқа да себептер бар екенін жасырмайық.
Ал көп бала туу мен кедейшілікті де бір-бірімен байланыстырмау керек болар. Бұл жерде сөз тағы да жастарымызға арналады. Отау құратын жастардың бәрі сауатты, білімді. Белгілі бір кәсіп игерсе, Абай атамыз айтқандай, ерінбей еңбек етсе, отбасын баға алары анық.
– Сіз үшін өзгелерге үлгі тұту мақсатында, әсіресе, жастар сондай болуға ұмтылулары үшін ұлы ұяға, қызы қияға қонған идеал отбасыларды (бала саны бестен кем емес) қоғамда дәріптеп, ынталандырып отырудың керегі бар ма?
– Әрине, дәріптеу керек. Бала туып, өсіру және оған лайықты тәрбие беріп, өнегелі, үлгілі етіп ер жеткізу – ұлы еңбек. Біз атақты өнер адамдарын, спортшыларды жетістікке жетті деп, зауыттағы жұмысшыны жоспарын асыра орындады деп, егіншіні әр гектардан осынша пұт астық жинады деп дәріптейміз ғой.
Ал ақылды, білімді, өнерлі, тәрбиелі ұл-қыз өсірген көпбалалы отбасыны неге дәріптемеске? Әрі-беріден соң, жоғарыда тізбелеп өткен озат жұмыскер, атақты өнерпаз, даңқты спортшылардың дені осындай ұлағатты отбасылардан шығады. Ұлттық комиссия өзінің «Отбасы» журналында бұл тақырыпқа басым мән береді. Ал өнегелі ұл-қыз өсіріп отырған отбасыларды насихаттау мақсатында жыл сайын «Мақтаным, тірегім – отбасым» атты республикалық іс-шара ұйымдастырылады.
Жүргізілген зерттеулер шын мәнісінде ер азамат үшін де, әйел мен бала үшін де ең қолайлы жағдай отбасында ғана болатынын анықтады. Некеде тұрған адамдардың жасы ұзағырақ болатыны, жарасымды отбасында өскен балалар жетістікке тез жететіні – қазір бүкіл әлемге белгілі болып отырған аксиома. Елімізде Отбасы күні мерекесінің пайда болуында да осындай терең мән жатыр.
Әңгімелескен
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».