• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Сәуір, 2020

Қиын күндер, сұрапыл сындар...

397 рет
көрсетілді

Коронавирустың қасіреті біздің халқымыздың санасына әлі толық жете қойған жоқ. Оған әлі де жеңіл-желпі қарап, көңіл аудармайтындар көп. Тіпті оны саясатпен салғастырып, өздерінің мақсаттарымен жымдастырғысы келетін қитұрқылар да бар.

Бірақ мұның оба екенін ұқпауға болмайды. Азуын айға білеген Американың өзінде бүгінгі таңда 18 мыңнан артық адам қырылды. 11 сәуірдегі дерекке қарағанда әлемде 1 млн 700 мыңнан артық адам осының дертіне ұшыраған. Соның ішінде өлгендері жүз мыңнан артық.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 859 адамның зақымданғаны белгілі болып отыр. Тоқырау жоқ, күнде өсу бар. Соңғы тәуліктерде ғана олардың саны 47 адамға артты. Осы бәрімізді ойлантуы керек. Президент Қ.Тоқаев жағдайдың оңалмай тұрғанын ескеріп, карантин режімін тағы да он бес күнге ұлғайтуға шешім қабылдауға мәжбүр болды. Бұл шешімді дұрыс деп санаймыз, өйткені індетті ауыздықтай алмай отырмыз. Керісінше ол ұлғайып барады.

Осындайда жеке адамдардың, әсіресе алға қойылған мақсатты бұлтартпай орындаудағы жергілікті басшылардың іскерлігі шешуші факторлардың бірі екендігі сөзсіз. Осы орайда Солтүстік Қазақстан облысының басшылығы туралы айтпай кетуге болмайды. Өткен жолы ғана біз Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловты рухани жаңғыру саласындағы сылбырлықтары үшін сынаған едік. Алайда ол өмірдің өзі талап еткен мына жағдайда тамаша іскерлік көрсетіп отыр. Барлық командасын, соның ішінде қала әкімі Болат Жұмабековты Президенттің тапсырмасын бұлжытпай орындау жолына жіті жұмылдыруының арқасында қазіргі сәттерде коронавирусты құрықтауға біршама қол жеткізді. Соңғы аптада індетпен Солтүстік Қазақстанда бірде бір адам тіркелген жоқ. Бұрын тіркеліп, емдеуге алынғандардың ішінен біреуі айығып шықты.

Стационардағы 24 науқас барлық талаптарға сай ем-домдар қабылдауда  және олармен қатынасу қатты бақылауға алынған. Өкпені жасанды жолмен тазалайтын жетілдірілген бес аппаратты жуырда облыс әкімі тағы да жеткізіп берді. Қазір осындай 10 аппарат бар.

Инфекциямен алысып жатқан үш дәрігер, төрт медбике, бес санитар айрықша жағдайда сақталған. Ауысымнан шыққан бригаданың үсті-басы тегіс дизенфекцияланып, ешкіммен байланысқа түспей өздері ғана тұратын «Алтын Орда» қонақүйінің нөмірлеріне арнаулы көлікпен жеткізіледі. Осы жерде ішетін ас-ауқаты да сырттан беріліп, ешкіммен араластырылмайды. Белсенді қоғамдық ұйымдардың бірі оларға бір реттік киім, тағы бірі барынша дәмді тағам дайындап беруді мойындарына алған. Үй-іші, бала-шағаларымен олар тек телефон арқылы хабарласады. Кейбір облыстарда қосымша ақы төлеу туралы шешімнің енді ғана қабылданып жатқанын естиміз. Ал біздің дәрігерлер наурыз айындағы қосымша ақы – 825 мың теңгені тегіс алған. Әрине, ынталандырудың ең зоры осы екені сөзсіз.

Қала көшелеріне шықсаңыз жүргінші мүлде аз. Әне жер, мына жерде қараң-құраң адамдарды кездестіресіз. Облыс басшылығы эфирге жиі шығып, тұрғындарға карантин талабын сақтауды өтімді сөздермен жиі айтып отырады.

Ал қала көшелеріне шығы қалғандарды көшедегі патруль тоқтатып жатады. «Барлауға» шыққан осы жолдардың авторын да тоқтатып, тергеуге алды. Қалтамда дәрі алатын рецебімді көрсетіп, дәріханаға баратынымды айтып қана аман өттім. Әрине, журналист едім деп жөнімді айтсам да қоя беретін шығар, бірақ мен инкогнито қалпымды олардың жұмыстарына адалдығын білмек үшін сақтап қалдым.  

Көшелерді КамАЗ-дар жарысып, дизенфекциялап жүр. Әрине, Нұр Сұлтандағыдай жетілдірілген техникалары жоқ, сондықтан ақ түспен сырланған ескі көліктердің өзімен-ақ жаппай дизенфекциялауда.  Қалай десек те карантиннің талаптары қатаң сақталған. Жоғарыдағы жетістік осындай жіті істердің нәтижесі. Алла да «сақтансаң сақтармын» деген ғой. Карантиннің талабын қазақпайшыл «ұзын арқан, кең тұсауға» салмай, тым болмаса осы сынақ күндері қатаң сақтайтын болсақ індетті жеңетін сияқтымыз. Басқалар да бізден үлгі алса екен дейміз.  

Солтүстік Қазақстан облысы