Қазір Талдықорған қаласының әуежайы төтенше жағдайда дайындыққа кірісіп, абыр-сабыр болып жатыр. Өйткені, әуежайға халықаралық ұшу сапарынан оралған ұшақ қонбақшы. Бортында 128 жолаушысы бар отандық әуе көлігіне Талдықорғанға қону рұхсат етілген.
- Бүгін Талдықорған əуежайы примет бортында БАƏ-ден елге оралатын 128 қазақстандық азамат бар ұшақты қабылдайды. Шарджа – Талдықорған бағытындағы авиақатынасты еліміздің авиакомпанияларының бірі жүзеге асырады. Облыс орталығының əуежайы күшейтілген қауіпсіздік шараларын қабылдауда. Əуе қатынасының қызметкерлері обаға қарсы костюмдермен қамтамасыз етіледі. Жолаушылардың барлығы бортта бірден санитарлық дəрігерлердің тыңғылықты тексеруінен өтеді, олардың дене қызулары тепловизорлармен өлшенеді, - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі журналистерге.
Біріккен Араб әмірліктерінен оралған жолаушылар сол жақта тұрып, жұмыс істеген немесе түрлі жағдайларға байланысты аталған аумақта қалып қойған Қазақстан азаматтары екен. Ал әуе рейсінің қонуы мен оны қабылдау республикалық штабпен келісілген жəне оны орындау, келген жолаушылар мен облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоғары деңгейде жүргізіледі.
- Келген жолаушылармен неғұрлым аз байланыс жасауды қамтамасыз ететін алгоритм дайындалды. Облыс əкімінің тапсырмасына сəйкес əуежай қызметкерлерінің, санитарлық дəрігерлердің жəне осы операцияға тартылған басқа да азаматтардың əрекеттерінің əр қадамы хатталып, ерекше бақыланатын болады. Отанына оралған қазақстандықтар арнайы автобустарға отырғызылып, карантинге жатқызылатын орынға жеткізіледі. Олардың бəрі коронавирус инфекциясына анализ тапсырады. Жолаушылардың барлық жүгі мен жеке заттары дезинфекциялау құралдарымен өңделеді. Келген азаматтардың карантиндік режимді сақтауын құқық қорғау органдары бақылайтын болады. Карантин уақыты біткеннен кейін жолаушылар тұрғылықты жерлеріне жөнелтіледі, - деп түсіндірді облыс əкімінің баспасөз қызметі. Алматы облысы