Батыс Қазақстан облысында 11 сәуір күні коронавирус белгілерімен тіркелген жетінші сырқат та Ресей Федерациясынан келген.
«Батыс Қазақстан облысында «COVID-19» инфекциясын жұқтырған азамат Ресей Федерациясында вахта әдісімен жұмыс жасайтын 37 жастағы Батыс Қазақстан облысы тұрғыны» деп хабарлады Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы.
Сырқат Ресей Федерациясының Саратов облысымен шекарадағы «Тасқала» автоөткеліндегі санитарлық-карантиндік бекетте анықталды. Шекарадағы эпидемиолог мамандар қашықтық термометрия және сауалнама жүргізу кезінде-ақ азаматтың жөтеліп, тұмауратып тұрғанын байқаған. Сол жерде бірден оқшауланып, жедел жәрдем көлігі шақырылды. Провизорлық стационарға жеткізіп, коронавирус жұқпасына талдау жасаған кезде оның бойынан COVID-19 диагнозы нақтыланды. Қазір науқас облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында жеке боксқа жатқызылды.
Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, бәрі де медициналық бақылауға алынған.
12 сәуір күнгі таңертеңгі мәлімет бойынша өңірде COVID-19 коронавирус инфекциясына шалдыққан 7 адам облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына ем алып жатыр.
Батыс Қазақстан