Облыс орталығында «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы аумағында өндіріс орындары ашылып, жаңа зауыттар іске қосылуда. Өндірісті өңірде еркін экономикалық аймақ (ЕЭА) құру еліміздегі химия-технология кластерін дамытуға бағытталған жоба. Орталық «Каустик» АҚ-та орналасқан, бизнеспен айналысқысы келетіндер үшін өте қолайлы.
Облыс орталығында «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы аумағында өндіріс орындары ашылып, жаңа зауыттар іске қосылуда. Өндірісті өңірде еркін экономикалық аймақ (ЕЭА) құру еліміздегі химия-технология кластерін дамытуға бағытталған жоба. Орталық «Каустик» АҚ-та орналасқан, бизнеспен айналысқысы келетіндер үшін өте қолайлы.
Жалпы, химия өндірісі өңір үшін жақсы таныс. Кеңес өкіметі тұсында облыс орталығында Батыс Сібір, Орал және Орталық Азияны химиялық өнімдермен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын болды. Қоршаған ортаға қаупі бар сынап қолдану арқылы өнім өндіретін зауыт 1994 жылы жабылды. Сол үшін жергілікті тұрғындар «химия» деген сөзге үрке қарайды. Осы қорқынышты болдырмау үшін экологиялық таза өндіріс қажет. Химия саласында жұмыс жасайтын шетелдік кәсіпорындармен әріптестік керек екені айтылуда. Хлор шетелдерде мүлде пайдаланылмайтыны белгілі. Ал, біздің елімізде әлі де қолданыста. Бірақ, қазір өмірге жаңа технологиялар, идеялар келе бастады. Зауыттар қайта жаңғыруда, химия өндірісінің де өрісі кеңейуде.
Мысалы, осы еркін экономикалық аймақта қазір құрылыс жүргізіліп жатқан «БО-НА» серіктестігіне қарасты зауыт залалсыздандырғыш-дезинфекциялық сұйықтық заттар өндіруді қолға алды. Ал, «НПО Композит» серіктестігі аталатын екінші бір жаңа зауыт 2015 жылы іске қосылғанда полиэфир шайыры негізінде композиттік бұйымдар шығарады. Қос кәсіпорын арнайы экономикалық аймақ жобасының алғашқы қатысушылары ретінде маңызды жобаларды бастап кетті. Облыс әкімі Ерлан Арын бұл жаңа жобаларды Индустрияландыру картасына енгізуге ұсыныс жасады. Еркін экономикалық аймаққа қатысатын кәсіпорындар таңдау жолымен алынады. Жобалары бәсекеге қабілетті өндіріс орындары қажет.
Аймақ жаңа технологиялардың заманауи өндіріс орнына айналуы тиіс. «НПО Композит» серіктестігінің полиэфир шайырын шығару зауытының жобалық құны – 2 млрд. 730 миллион теңге. Жылына 5000 тонна полиэфир шайыры және 3000 тонна композиттік бұйымдар шығаратын болады. Залалсыздандырғыш құралдар зауытының жобалық құны – 43, 2 миллион теңге. Жылдық қуаттылығы – 130 тонна. Екі зауытта 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақшы. Өнімдер алыс-жақын шетелдерге шығарылады. Екі зауытта іске асатын жобалардың жетекшісі Нұрлан Ережеповтің айтуынша, химия бағытындағы кәсіпорындардың өндірісі қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Қолданылатын технология экологиялық тұрғыдан қауіпсіз.
Полиэфир шайыры және олардың композиттік бұйымдар зауытына қажетті құрал-жабдықтар мен ноу-хау технологияларын жеткізу бағытында ағылшындық «Теchnobell», немістің «Sunthopol» және «Rhe» компанияларымен келіссөздер жүргізілуде, дейді серіктестік басшысы.
Нұрлан Ережеповтің айтуынша, 2007 жылы «БО-НА» серіктестігінің залалсыздандыратын сұйық заттар жөніндегі ғылыми-зерттеулері халықаралық грантты жеңіп алыпты. Екіншіден, жаңа зауыттың жобасын, сметалық құжаттарын дайындау үшін қаражат қажет. Ал, химиялық зауыттардың жобалық-сметалық құжаттарын дайындау шарттарында өнімнің қоршаған ортаға тиетін қауіпсіздігі, экологиялық талаптар жоғары. Біздің жұмысымыздың жолға түсуіне «Бәйтерек» ұлттық холдингіне қарайтын Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік қолдау көрсетті. Кәсіпорындардың техника-экономикалық негіздемесі әзірленді. Қазір залалсыздандыратын заттар шығаратын зауыт құрылысы жүргізілуде. Алдағы желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Шығаратын өніміміз жоғары технологиялық сапалы.Үкіметтің №799 қаулысында елімізде шығарылатын жоғары технологиялық өнімдер тізімі бекітілген. Біздің зауыт шығаратын сұйық заттардың құрамында хлор болмайды, экологиялық қауіпсіз деген сөз. Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің Үкіметтің №1036 қаулысы бойынша инновациялық жобаларға 50 миллион теңге көлемінде берілетін арнайы гранттары бар. Сондықтан біз зауыт құрылысын бастамай тұ рып, осы грантқа өз жобамызды ұсындық. Жобаларға өз елімізден және шетелден тәуелсіз сарапшылар баға береді. Сарапшылар берген бағадан соң барып, агенттік экономикалық сараптама жүргізеді.
Бизнес мемлекеттен қолдау көріп отыр деген осы. Және АҚШ-тағы күрделі ауруларды бақылау орталығының қолдауымен Халықаралық ғылыми-техникалық орталық пен «БО-НА» серіктестігі арасында екіжақты келісімге қол қойылды. 2007-2012 жылдар аралығында облыс орталығындағы «Каустик» АҚ-тың өндірістік алаңдарында «БО-НА» шығаратын залалсыздандыратын сұйықтықтардың жоғары сапалылығы тексерілді. Тексеріс барысында «Дезостерил», «Дезостерил-Н» деп аталатын екі сұйықтық таңдап алынды. Сұйықтықтар ауруханалардың, коммуналдық, тамақ, өндiрiс, сүт, мал шаруашылығы нысандарын, медициналық маңыздағы бұйымдарды дезинфекциялауда қолданылады. Жыл сайын елімізде 3 мың тоннаға жуық залалсыздандыру заттары пайдаланылады. Өнімнің 40-50 пайызы болса шеттен келеді. Зауыт қалдықсыз жұмыс жасайды.
Жаңа зауыт құру үшін Оңтүстік Корея техникасын алып жатырмыз, дейді Нұрлан Ережепов. Еліміз бойынша 120-дан астам ветеринарлық зертханалар салынуда. Себебі, жейтін тамағымыз – ет, сүт таза болуы керек. Мал қораларын, ірі шаруашылық құрылымдарын залалсыздандырмай болмайтынын кеш түсіндік. Қазір Ресейдің талабы жоғары. Ауру малдарды ешкім де алмайды. Оларды ауру деп мыңдап көміп тастағанша, ветеринарлық қызметтің дәрежесін жоғарылатып, залалсыздандыру, алдын алу шараларын жүргізген әлдеқайда тиімді.
Жаңа жобалар сәтімен жүзеге асып, іс басталып кетсе, өңірдегі химиялық кластердің дамуына септігін тигізері сөзсіз.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы.