Соңғы күндері Ақтөбе қаласы тұрғындары арасында Қытай дәрігерлері келісім бойынша КВИ мен бетпе-бет келіп жүрген әріптестеріне көмекке келеді екен, мұндай жағдайда әлемге коронавирус инфекциясы таралуының алғашқы ошағы болған мемлекеттен келгендердің пайдасынан гөрі, зияны көбірек болып жүрмей ме? Карантин кезінде шет елдіктерді елге кіргізу оның талаптарын белден басу болып шықпай ма деген алаңдау мен қауіп қылу сипатындағы алып-қашпа сөздер көбейіп кетті.
Бұған не деуге болады? Рас, ақтөбелік денсаулық сақтау ұйымдары бұған дейін Ресей, Оңтүстік Корея, АҚШ секілді мемлекеттердегі серіктес-әріптестерімен байланыс пен қарым-қатынастар жасап келді. Соның ішінде Қытай да бар еді. Мұндағы басты мақсат – өзара тәжірибе алмасу және ем жасауға қатысты бірқатар өткір мәселелерді бірлесіп талқылаудың өзегіне айналдыру екені де талас туғызбайды. Ал енді қазіргі жағдайда келудің астарында не сыр бар? Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды емес пе? Әлде жергілікті өкілетті органдар расымен де оларды Ақтөбеге шақырды ма?
Панденмия бәріміз үшін бұрын беттесіп көрмеген жаңа сынақ. «Атысып көрмеген жау» екені хақ. Бұдан әр ел қазірдің өзінде өз байламдары мен пайымдарын жасап үлгергендері де белгілі. Міне, осыдан келіп, науқас сырын түйсініп, оны емдеуге қай қырынан келу керектігі жөнінде жаңа ұғым түсініктер қалыптаспақ. Бұл ретте мемлекетаралық тұрғыда үн қатысу мен өзара ой-пікір алмасудың қажет екендігі аян. Әйтсе де мүдделі ұйымдар мен пікірлесу кезінде облыста әзірге қытайлық мамандарды көмекке шақыру жөніндегі мәселе тұрмағанын анықтадық.
Сондай-ақ тұрғындарды алаңдатып жүрген тағы бір жәйт ҚХР-дан гуманитарлық көмек ретінде жеткізілген медициналық құрал-жабдықтардың, соның ішінде бетперделер мен қорғаныстық киімдердің сапасы жайында күмән-күдіктер көбірек болып жүргенін айтуға тиіспіз. Өйткені инфекциялық зардабы өте ауыр деп өзге елде емес, дәл осы Қытайда таралды емес пе дейді олар.
-Әсет Әскерұлы, сіз бұған не дейсіз?
Egemen.kz тілшісі тарапынан Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ә.Ә.Қалиевке осындай сауал қойылды. Оның бұған қайтарған жауабы төмендегідей болып шықты.
-Шет елден елімізге келетін немесе өз республикамыздан шет елге жөнелтілетін тауарлардың бәрі сапа сертификаты бойынша ресімделеді. Қазіргі кезде Қазақстанның шекарасындағы елдің санитарлық-эпидемиологиялық қызметі бұған өте сақ қарап, қатаң экспертиза жасап жүр. Ал жүктер арнаулы өңдеу үдерістері жүргізілген соң қабылданады. Тек содан кейін ғана ел аумағына енгізіледі. Сондықтан да Қытайдан Ақтөбеге жеткізілген гуманитарлық көмектің ішіндегі медициналық құрал-жабдықтардан инфекция таралады деп тұжырым жасауға негіз жоқ. Өңірдегі денсаулық сақтау ведомство басшысының бұл дәлелімен келісуге де болар. Әйтсе де вирустың кез-келген түрі ешқандай шекара таңдамайтыны назардан тыс қалмаса болғаны да.