• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Сәуір, 2020

Біріккен Араб әмірліктерінен оралған жолаушылардан індет инфекциясы анықталмады

170 рет
көрсетілді

Кеше Талдықорған әуежайына Біріккен Араб әмірліктерінен оралған отандастарымыз отырған арнайы ұшақ келіп қонған болатын. Жолаушыларды күтіп алуға санитар дəрігерлер, 5 жедел жəрдем көлігі, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, кеденшілері мен шекарашылар жұмылдырылды.

Шарджа - Талдықорған бағытындағы əуе рейсі кеше сағат 21:30-да қонған еді. Облыс əкімінің тапсырмасымен жедел штаб құрылып, оны облыс əкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов басқарды. Операцияның бірінші кезеңінде жолаушылардың барлық жүктері,  тыңғылықты дезинфекциялаудан өтті. Мұнан соң 135 жолаушы телеметрия процедурасынан өткізіліп, барлығының дене қызуы қалыпты екенін көрсетті. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін  келушілерді қарсы алу операциясына тартылғандардың барлығы да обаға қарсы костюммен қамтамасыз етілді. Əуежайда тиісті процедуралардың бəрінен өткеннен кейін рейс жолаушылары автобустарға отырғызылып, полицияның бастап жүруімен уақытша стационарға жеткізіліп, орналастырылды.

- Жолаушылардың бəрінен келген бетте коронавирусқа қарсы анализ алынған болатын. Барлығының қорытындысы теріс болып шықты. Алгоритмге сəйкес олар екі күн карантинде болуы тиіс. Осы мерзім біткеннен кейін облыс əкімі Амандық Баталов дал олардың əрқайсысын тұрғылықты жеріне жеткізіп салуды ұйымдастыруды тапсырды. Қазір  оған дайындық шаралары жүріп жатыр, - деді бүгін облыс əкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.  

Шетелден оралған отандастарымыз бір бөлігі Талдықорғандағы қонақ үйге  орналастырылды. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көшенің тұтас бір бөлігін жабу туралы шешім қабылданды. Қалған 90 адам  Текелі қаласындағы «Текелі» санаториіне жатқызылды. Аталған екі нысанның маңайына полиция жасақтары қойылды. Осы рейспен келген азаматтардың ғимараттар аумағы  шегінен шығуға қатаң шектеу қойылған. Оған қоса облыс əкімінің тапсырмасына сəйкес бұл отандастарымызға орналастырылған жерде карантин кезінде тұруына қажетті  барлық қолайлы жағдайлар жасалған.Тегін тамақтану, түрлі бағытта кеңес алуға мүмкіндіктер қарастырылған.

Ал бүгін толықтай тексеруден өткен 135 жолаушының анализдерінің нəтижесі белгілі болды. Олардан жұқпалы әндет инфекциясы табылған жоқ.

 

Алматы облысы