Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем алушылар тізімі кеңейтілген болатын.
Қазір әлеуметтік төлемді алатындар саны қайта қаралып, олардың үлесі күннен күнге артып келеді. Төтенше жағдай кезінде қаржылық көмекті тек бұрын ресми жұмысы болғандар ғана емес, өзін өзі жұмыспен қамтығандар да алатын болды. Бүгінде аудандық және қалалық штабтар демалыссыз күшейтілген режимде жұмыс істеуде. 10 сәуір күнгі мәлімет бойынша, 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмекке 328 мыңнан астам адам өтініш берген.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, өтініш беру механизмі барынша оңайлатылған: ешқайда барудың керегі жоқ, азаматтардың өздеріне қолайлы болуы үшін өтінішті бір ғана электронды форматта беруіне болады. Жалпы Алматы облысы бойынша биыл әлеуметтік көмектің барлық түрлері бойынша төлем қаржысы ер мен 27 млрд 589 млн теңгеге жетіп отыр.
- Биылдан бастап АӘК алушы отбасылардың 1 - 6 жас аралығындағы балаларына кепілді әлеуметтік пакет түріндегі қолдаудың қосымша шаралары енгізілді. Жыл басынан бері бұл көмекті 6 мыңнан астам отбасы алды, яғни, 13,7 мың бала қамтылды. Кепілді әлеуметтік пакет осы айда да беріледі. Жыл басынан бері АӘК тағайындалған отбасылар саны он екі мыңнан асты, - дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Зайда Ілімжанова.
Алматы облысы