Төрткүл дүниеге таралып, тыныс-тіршілікті тарылтқан COVID-19 індетінің елімізде өршуіне барынша жол бермеу үшін қажетті іс-шараның барлығы дереу қолға алынды. Дегенмен қауіп-қатердің әлі де беті қайтпағанын, бәсеңдемегенін ұдайы қаперде ұстап, босаңсымаған жөн. Сондықтан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режімін сәуірдің соңына дейін созуға тура келетінін мәлімдеді.
Наурыздың ортасында індеттің Қазақстанға жеткені белгілі бола бастаған сәттен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік іс-шараларына шұғыл кірісуге пәрмен беріп, 15 сәуірге дейін Төтенше жағдай режімін жариялаған еді. Осы уақыт аралығында індеттің кең таралуын тежеу үшін барлық жағдай жан-жақты, қатаң қадағаланды. Алайда елдегі алаң көңіл әлі басылар емес. Төтенше жағдай режімінің мерзімі тағы ұзаратынын халықтың іші сезген-ді.
10 сәуірде Президенттің төрағалығымен өткен Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысында қазіргі ахуал бағамдалып, жедел атқарылуы тиіс жұмыстар пысықталды.
– Төтенше жағдай режімін кем дегенде сәуірдің аяғына дейін созуға тура келетіні қазірдің өзінде түсінікті болып отыр. Біз коронавируспен ауырудың шарықтау шегінен әлі өткен жоқпыз. Індетке қатысты жағдайға жеңіл қарауға болмайды. Осыған байланысты карантин режімін елордада, Алматы мен Шымкентте және тиісті облыстарда сәуірдің аяғына дейін созуды тапсырамын. Мұның оңтайлы шешім емес екенін түсінемін. Өйткені халық көшеге шығып, қалыпты тұрмысын жалғастырғысы келеді. Бірақ карантин режімін сақтаудан, оқшауланудан басқа жол жоқ. Бұлай жасамасақ, жағдайды ушықтырып аламыз. Індет белең алып, барша ұлтымыздың денсаулығына, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікке қауіп төнеді. Мұндай жағдайда шағын және орта бизнеске, тіпті бүкіл экономикаға қатысты жасап жатқан әрекеттеріміздің мәні жоғалады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Расында, қысылтаяң шақта қауіпсіздік шараларын күшейте түсуден басқа амал жоқ. Өйткені індет ірі қалаларға қоса, қалған өңірлерде де етек жая бастады. Бүгінгі таңда Қарағанды, Ақмола, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарында ауру жұқтырғандардың саны күрт өсті. Оңтүстікте халық тығыз орналасқанын ескерсек, жағдайды ушықтырмауға мейлінше қамдану қажет.
Алдымен азаматтардың амандығы маңызды. Бірақ карантиннің ұзара түскені қаншама тірлікке қолбайлау болып, түрлі саладағы істің іркіліп қалатыны тағы бар. Нәпақасын күнделікті жұмысынан айырып отырған жұрт аз емес. Бұл ретте мемлекет нақты шаралар қабылдап, табыссыз қалғандарға әлеуметтік төлемдер бере бастады. Алайда тар уақытта жәрдемақыны тап-тұйнақтай етіп тиімді таратудың өзі мәселеге айналып кетті. Өзін өзі жұмыспен қамтығандар жеке шоты болмай, карантин кезінде карта ашпақ болып банктердің алдына қаптады. Бұлай топтанған жерде инфекцияның тарау қаупі күшейетіні белгілі. Сондықтан Мемлекет басшысы Үкіметке азаматтар үйінен шықпай көмек алатын тетіктерді жедел әзірлеп, төлем карталарын қашықтан дайындау мәселесін 3 күн ішінде шешуді талап етті.
Бұл тапсырма шұғыл қолға алынып, ертесіне-ақ «Қазпошта» төлем карталарын шығару мен шот ашуды онлайн жүзеге асыратын қызметті іске қосты. Kazpost Virtual деп аталатын қызмет post.kz сайтында қолжетімді. Сондай-ақ бұл қызметке смартфон арқылы жүгінгісі келетіндерге AppStore-да қосымшасы дайын тұр. Ал Playmarket-те жақында шығады. Қазір «Қазпошта» 1000-нан астам виртуалды карта шығарып үлгерді. Енді әлеуметтік төлем алу әлдеқайда жеңілдеді. Жалпы бұл жәрдемақыдан 1,7 миллион азамат үмітті болып отыр.
Жәрдемақыны үлестіруді осылай ың-шыңсыз ыңғайлауға цифрлы технологияның септігі тигені анық. Бірақ сын сағатта цифрландырудың біраз мәселені шешуге шама-шарқы жетпей, сыр беріп қалғанын көз көрді. Комиссия отырысында Президент осы жағын қатаң сынға алып, мектептер мен университеттер қашықтан оқытуға көшкенде интернет жүйесі стресс-тесттен өтпегенін айтты.
– Елеулі жүйелік кемшіліктер анықталды. Білім министрлігі теледидар арқылы сабақ беруге мәжбүр. Жарнамасы жер жарған E-Learning жүйесінің жұрт айтып жүргендей, үні шықпай қалды. Сонымен қатар E-Gov жүйесінде де ақаулар бар екені мәлім болды. Алдағы уақытта осы вирус кезіндегі жағдайлардан сабақ алып, талдаулар жасап, тосын жағдайларға дайын болуымыз керек. Ең бастысы, шын мәніндегі цифрлы мемлекетке айналу үшін IT саласын сапалы жаңа деңгейге шығару жоспарын дайындау қажет. Елімізде келесі жыл тиімді цифрландыру аясында өтуі тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Дағдарыс кем-кетігімізді көрсетіп қана қоймай, жаңа мүмкіндіктерге де жол ашып жатыр. Осы тұрғыда Президент жаңа тәжірибелерді ескере отырып, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын қосымша қаржылық шығындарсыз қайта қарауды, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру мен ғылымды түбегейлі реформалауды тапсырды.
Пандемиямен күрестің алдыңғы шебінде жүрген медицина қызметкерлерінің еңбегі ерлікке пара-пар. Оларға төленетін барлық қосымша төлемдерді уақтылы жүргізу қадағалануы керек. Бұл қатарда полиция мен әскери қызметшілер және мемлекеттік орган қызметкерлері де назардан тыс қалмайды.
Мемлекет басшысы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын сапалы түрде іске асырудың маңыздылығына тоқталып, індеттен кейінгі кезеңде аталған бағдарлама аясында шамамен 240 мың жұмыс орны ашылатынын айтты.
– Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін бұрын-соңды болмаған қаржы бөлінеді. Бөлінген қаражаттың құмға сіңген судай болмауы өте маңызды. Мұндай жағдай бұған дейін бірнеше рет болған. Сондықтан Үкімет пен әкімдер бұл жұмысқа қазақстандық кадрларды, отандық құрылыс компанияларын және құрылыс материалдарын өндірушілерді тартуға міндетті. Менің қолымдағы сараптама бойынша мұның басым бөлігі уақытша жұмыс орындары екенін көрсетіп отыр. Бағдарлама аяқталғаннан кейін 13 мың адам ғана тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі екен, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жалпы, мемлекеттің аталған әлеуметтік қолдауларына қоса, «Біз біргеміз» акциясы аясында көмекке мұқтаж көптеген отбасыға қамқорлық жасалып, инфекциядан сақтану құралдары және азық-түлік үлестірілді. Әрине осындай сын сағатта үйінде оқшауланып, жұмыстан қол үзіп қалған ағайынға ішер астың жеткілікті болмағы маңызды. Бірақ астықтан таршылық көрмес үшін қам-қарекет жасауды да естен шығармаған дұрыс. Яғни көктемгі егіс науқанын кешіктіруге болмайды. Сол үшін Қасым-Жомарт Тоқаев егіс жұмыстарын қаржыландыру көлемі 3 есеге жуық, яғни 170 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылғанын атап өтті. Бұл ауыл шаруашылығына пестицидтер мен тыңайтқыштар, сапалы тұқымдар және жанар-жағармай сатып алуға мүмкіндік береді.
Көктемгі шаруаларды пысықтағанда, бұл мезгілдің әлегі – қарғын судың қаупін де ұмытпау керек. Президент Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдеріне дауылдан зардап шеккен инженерлік инфрақұрылымды қайта қалпына келтіру, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды дереу жөндеу жұмыстарын, сондай-ақ су тасқынын қадағалауды тапсырды.
Президенттің пәрменді тапсырмалары бұрын-соңды болмаған тегеурінді жұмысты талап етеді. Індет кезіндегі іс-қимыл келісілген келелі жиынға облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының басшылары бейнебайланыс арқылы қатысты. Премьер-Министр Асқар Мамин, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова және Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек есеп берді.
Мемлекет басшысы Үкіметтің әкімдермен тығыз байланыс орната отырып, шағын және орта бизнесті тоқыраудан біртіндеп өркендеу аймағына алып шығуы үшін еліміздің екі ірі қаласында жүйелі жұмыс жүргізуге мән беріп отыр. Бұл ретте әкімдіктер жұмыс орындарында қатаң санитарлық-эпидемиологиялық режімді және әлеуметтік қашықтандыруды қамтамасыз ете алатын мекемелердің тізімін дайындайды. Ел басына күн туып тұрған осынау күрделі шақтағы еселі еңбек нәтижелі болып жатса, індеттің зардабын одан кейінгі кезеңде де көп тарта қоймаспыз. Бастысы, бұл бәлекет ұзаққа созылмай, сәуірдің соңы зауалдың соңы болғай!