• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Сәуір, 2020

Қайталанбас құндылықтарды қалыптастырды

276 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті –Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланғанына биыл үш жылдың жүзі болыпты.

Жоғарыдағы Елбасының бағдарламалық мақаласында айтылған жобаларды іске асы­ру мақсатында, 2018 жы­лы ел көлемінде екі мың­нан астам шара ұйымдастырылып, оған 85 миллиард теңге бөлін­се, оның 69 миллиарды де­меушілер тарапынан қар­жы­ландырылған екен. Осылар­дың ішінде «Туған жер» бағдарламасы аясында 735 мәдени ескерткіш қалпына келтіріліп, 86 монография жарияланып, 134 археологиялық және этнографиялық экспедиция ұйымдастыры­лып­ты. Оның сыртында 500-ден астам жоба іске асып, 2800-ге тарта мәдени шара ұйымдастырылыпты. Ал «Атамекен» бағдарламасы бойынша 2018 жылы демеу­шілер арқылы 53 миллиард теңгеге 424 нысан салынып, 377 нысан күрделі жөндеуден өткен. Осылардың ішінде 36 мәдениет нысаны жаңадан салынып, 51-іне күрделі жөндеу жүргізіліпті.

Сол сияқты Елбасының рухани жаңғыру концепциясында көтерілген мәселенің бірі – «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын іске қосу еді.

Осы тапсырма негізінде, Мә­де­нит және спорт ми­нистр­лігінің бастамасымен елордамыздағы Ұлттық музей жанынан «Қасиетті Қазақ­стан» ғылыми-зерт­теу орталығы құрылып, ғылыми-сараптамалық кеңес ашылған болатын. Осы кеңес ел көлеміндегі 1000-ға жуық қасиетті нысандарды тізімге алып, осылардың ішінен 100 нысанды жалпыұлттық деңгейлі, 500 нысанды жер­гілікті маңызы бар қасиет­ті нысан қатарына енгізді.

Жоғарыдағы қасиетті ны­сандарды анықтау бары­сында қандай өлшемдер басшылыққа алынды дегенге келсек, біріншісіне – ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштер жатқызылды. Бұларға – Әулие тау, Жылаған ата бұлағы, Ақмешіт үңгірі, Хантәңірі тауы, Шарын шат­қалы қатарлы оншақты нысан кірді.

Екінші топқа – еліміздегі археологиялық ескерткіштер мен орта ғасырлық қала нысандары енді. Бұл қатарда Берел, Шілікті қорымдары, Ботай қонысы, Беғазы архео­логиялық кешені, Жан­кент, Сығанақ, Ақыртас, Қой­лық, Сарайшық т.б. көне қалашық­тар бар отызға жуық нысан қамтылды.

Үшінші топқа – еліміздегі діни ғибадат орындары алын­ды. Бұған Домбауыл ғұрып­тық кешені, Үкаша ата кесенесі, Әзірет Сұлтан тари­хи-мәдени кешені, Жошы хан, Абат-Байтақ, Тектұрмас, Арыстан баб сияқты отыздан астам нысан жіктелді.

Төртінші топқа – тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар енді. Атап айтқанда, Қобыланды батыр мемориалдық кешені, Абылай хан резиденциясы, Ахмет Байтұрсыновтың мемориалды үйі, сонымен қатар жоңғар шапқыншылығы кезінде азат­тық үшін күрес­кен жиырмадан астам батыр­дың кесенесі бір параграфпен жиынтық образ ретінде берілді.

Бесінші топ – саяси-тарихи оқиғаларға қатысты орындар есебінде қарастырылып, бұған Таңбалы тас ескерткіші, Бөкей ордасы тарихи кешені, Бірлік монументі (ОҚО, Орда­басы ауданындағы), елор­да­дағы Бәйтерек және Қазақ Елі монументтері қатарлы оншақты нысан енгізілді.

Нәтижесінде, «Қазақстан­ның қасиетті жерлер географиясы» атты виртуалды – интерактивтік карта жасалып, 2017-2021 жылдарды қамтитын бағдарлама қабылданды.

Аталған жобаның тағы бір тиімді тұсы – ішкі руха­ни-туризмді дамытуға зор үлес қосты. Яғни, бұл туризм­нің ерекшелігі – адамдар табиғатты тамашалап, ел-жер көріп, көңіл көтеру емес, тәлімдік-тәрбиелік мәні бар, әрі туған жер тарихымен та­ны­суына бағытталуымен құн­­ды болды. Сонымен қатар орта мектеп оқушыларына ар­нал­ған оқулықтар, фильм­дер, роликтер, туризм және инте­рак­тивтік құралдар жасалды.

Өткен 2019 жылы бұл жұмыс ел аумағынан асып ТМД көлемінде жүргізіле бас­тады. Атап айтқанда, зерт­теу нысанына Ресей, Өзбек­тан, Қырғызстан, Тәжік­стан, Түрікменстан сияқты көр­шілес республикалар қам­тылды. Әуелгі кезекте арна­йы құрылған ғылыми-сарап­тамалық экспедиция мүше­лері Өзбекстан жерінде жат­қан ұлы тұлғаларымыз Әй­теке би, Төле би, Жалаңтөс батыр, сондай-ақ Бесқала маңында мәңгілік тұрақ тапқан Сырым батыр Датұлы қатарлы аталарымыздың басына барып, мазардың қазіргі жайымен танысып келеді.

Келесі кезекте Ресейдегі Түмен облысының жерінде жатқан Кенесарының үзеңгі­лес серігі Баубек батыр­дың зираты, Астрахань облы­сын­дағы Құрманғазы бабамыз­дың және Орынбор іргесін­дегі Кіші Орда ханы Әбіл­қайыр­дың әйелі Бопай ханым­­ның мазары нысандар назарға алынса, өткен жылы әлеуметтік желілерге ың­ғай­ластырылып, еліміздегі киелі нысандарды дәріптеуге арналған 30-ға жуық бейнеролик жасалды.

Сонымен қатар киелі орындардың сұлба-бейнесін 3D сканерлеу арқылы цифр­ландыру ісі қолға алынды. Қазақтың жалпақ тілімен айтсақ, бұлай жасау арқылы нысанның қазіргі бейнесін сақтап қала аламыз. Алда-жалда оның бір жері бүлінсе, цифрланған нұсқасына қарап қайтадан қалпына келтіруге мүмкіндік бар деген сөз.

Былтыр осы бағытта түсі­рілім жұмыстары Маңғыс­тау жеріндегі Бекет ата ескерткіш кешені мен «Бөкей Ордасы» тари­хи-мәдени кешенінде жүр­гізілді. Сонымен қатар елі­­міз­дегі жалпыұлттық қа­сиетті нысандардың барлы­ғы осылай цифрландырылады. Яғни, қарапайым адам қа­жет­ті нысанға бармай-ақ әлеу­меттік желілерге жүк­тел­­ген интерактивті нұс­қа­сын аударып-төңкеріп, асты-үстін, іші-сыртын толық көре алады.

Аталған жоба бойынша жалпыұлттық деңгейдегі 100 нысан жекелей алғанда 185 объектіні құрайды. Мысалы, барлық қазақ батырлары жеке-жеке есептелмей, бар­лығы «Қазақ батырлары» деген атпен бір нысан ретінде тіркеліп тұр. Өткен жылы осыл­арды 3D нұқсамен кар­таға енгізгенде әрқайсысы жеке-жеке жасалды. Бұларды кө­ріп тамашалауға ниет еткен адам QAZMAP.kz сайты­на кірсе жетіп жатыр. Бұл сайтты тамашалаудың қол телефонға арналып жеңілдетілген нұс­қасы жасалды.

Өткен жылы «Қасиетті Қазақ­­стан» ғылыми-зерттеу орта­лығы «Қазақ туризм» ұлт­­тық компаниясымен ортақ мем­орандумға қол қой­ды. Мұн­дағы мақсат – елі­міз­дегі қасиетті нысандарды туризм көзіне айналдыру. Жоға­рыдағы келісім бойынша қа­сиетті нысандар туризм ком­пания­ларының турпа­кеті­не енгі­зілді. Осы арқылы турис­­тік ком­пания­лар бейне­ро­лик­терді шет­елдік саяхат­шы­ларға жіберіп, елдегі киелі нысандарымызды таныстыруда.

Сондай-ақ Орталық елі­міз­­­дегі барлық өлкетану­шылардың электронды базасын жасап, олардың ерек­шелегін нақтылады. Мысалы, ол адам шежіреші ме, тарихшы ма, музыкант па немесе жер атаулары­ның білгірі ме, осыны анықтап, бұл адамдардың жаз­ған еңбектерінің библио­графиялық каталогы жасалды.

Жоғарыдағы бекітілген жалпыұлттық 100 нысан қатып қалған дүние емес, дейді ғылыми сарапшы мамандар. Алдағы уақытта бұл тізім көбейеді. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының «Ақан сері» ауылындағы Ақан сері Қорамсаұлының зираты, Баянауыл-Ертіс өңіріне аты мәлім Сұлтанбек сұлтанның ордасы сияқты нысандар ғы­лыми-сараптамалық кеңес­те талқыланып, қасиетті нысандар қатарына қосылып жатқан көрінеді.