Елбасы «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында бүгінгі таңда ел басына қиыншылық туған сәтте бұл сынақтан ынтымақ пен бірліктің нәтижесінде сүрінбей өте алатынымызға сеніммен қарайтынын дәлелді ой-пікірлерімен білдірген.
Шынында да тұңғыш Президент еліміздің қай қиын-қыстау кезеңі болсын халықпен бірге болып, тәуелсіздік алған жылдардан бастап жас республиканың тығырықтан жол тауып, жеңіспен өтуіне мұрындық болғаны белгілі. «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі» деген Ата заң қағидасына сүйеніп, Елбасы кезінде өзі денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше көңіл бөлу арқылы салынған заманауи ауруханалар мен емханалар, онда істейтін маман дәрігерлердің бұл жұқпалы дертті жоюда толық мүмкіндігі бар екеніне сенімді.
Ең бастысы, бұл қатерді жеңіп шығуда мақалада ел бірлігі, ынтымағы, ежелден келе жатқан қазақ елінің тарихи дәуірлер қойнауынан шыңдалған мықты рухына сүйенеді. Тарихымыздағы Төле би, Әйтеке би, Абай сияқты данышпан тұлғаларымыздың қанатты сөздерін келтіре отырып, қашанда намысын бермеген, бірлігі бекем халқымыз ел басына төнген қауіп-қатерден аман-есен шыға алады деген сенімде. Аға ұрпақ пен зиялы қауым және жастарға қағидалы сөздерін арнай келе, автор ұрпақ пен дәстүр сабақтастығы болған жерде ғана қиындықтарды жеңіп, игілік пен ізгілік қатар өркен жаятынын айтады.
Мақалада тату-тәтті және келісімде өмір сүріп жатқан ортақ шаңырағымыз Қазақстанның халқы қандай да болсын жаһандық қауіп-қатерді жеңіп шығатынымыздың кепілі екендігі көрсетілген.
Ежелгі түркі бабаларымыз «Күндіз отырмадым, түнде ұйықтамадым, қара терімді ағыздым...» деп айтқандай, тәуелсіз мемлекеттің аяқтан тұрып кетуіне аянбай тер төккен Елбасы бүгінде ауыртпашылықты халқымен бірге көтеріп, Мәңгілік елдің қауіпсіздігін қорғауда белін бекем буып сапқа тұрғанын елге жеткізіп отыр.
Сатай СЫЗДЫҚОВ,
ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры