Уәдеден нақты атқарылған іс артық
Жақында халықаралық телеарналардан Германия канцлері Ангела Меркельдің алдағы бундестаг сайлауындағы негізгі оппоненті ГСДП көсемі Пер Штайнбрюк пен теледебатын көрсетті. Одан қазіргі неміс басшысының осынау саяси күресте өз жеңісіне сенімін аңғарғандайсың.
Теледебат мазмұны баспасөзде де жарияланды, оған сарапшылар да өз бағаларын берді. Соған байыптап қарасаң, тындырылған іс пен уәде бәсекеге түскендей көрінеді. Сайлауға қатысқан немістер соның қайсысын қалайды, оған жауапты 22 қыркүйек күні бундестагқа сайлауда береді. Онда сайлаушылар тек партияларға ғана емес, олардың көсемдеріне де көзқарастарын білдіреді.
Уәдеден нақты атқарылған іс артық
Жақында халықаралық телеарналардан Германия канцлері Ангела Меркельдің алдағы бундестаг сайлауындағы негізгі оппоненті ГСДП көсемі Пер Штайнбрюк пен теледебатын көрсетті. Одан қазіргі неміс басшысының осынау саяси күресте өз жеңісіне сенімін аңғарғандайсың.
Теледебат мазмұны баспасөзде де жарияланды, оған сарапшылар да өз бағаларын берді. Соған байыптап қарасаң, тындырылған іс пен уәде бәсекеге түскендей көрінеді. Сайлауға қатысқан немістер соның қайсысын қалайды, оған жауапты 22 қыркүйек күні бундестагқа сайлауда береді. Онда сайлаушылар тек партияларға ғана емес, олардың көсемдеріне де көзқарастарын білдіреді.
Бұл жерде Христиан-демократтар одағы партиясының бағы жанып тұр десе болғандай. Оған көсемдері Ангела Меркельдің беделі мықтап көмектесетіні анық. Неміс халқы әдетте сөзден гөрі нақты істі бағалайтыны белгілі. Нақты іс қазіргі канцлер жағында. Оның ел билігі тізгінін ұстаған соңғы сегіз жыл көлемінде Германияның беделі әлемдік көлемде де, Еуропа аймағында да айтарлықтай биікке көтерілді. Бұл ел талайларды титықтатқан дағдарыстан өзі ғана қиналмай өтіп қойған жоқ, басқалардың да сол дағдарыстан шығуына көмектесті. Елде жұмыссыздық ең төмен дәрежеде.
Әрине, жақсыдан да жақсы бар дегендей, елдің қазіргі жетістігі шек емес. Қазіргі канцлердің оппоненті Пер Штайнбрюк бұған дейін де, сол дебат кезінде де басқаша саясат жүргізе отырып, өзінің Германия үшін, оның халқы үшін бұдан әлдеқайда мол игілік жасар едім деп мәлімдеді. Ол, әсіресе, сыртқы саясатта басқарақ бағыт ұстайтынын айтты. Бұл жерде ол өз елінде де, сыртта да Германияның Грекияға қатысты тым қатал саясат ұстағанына айтылған сынға арқа сүйенгені анық. Меркель гректерге қаржылық көмек көрсетерде көрпелеріңе қарай көсіліңдер, айлықтарыңды кемітіңдер, салықты өсіріңдер деген болатын. Әйтпесе, көмек берілмейді деп шарт қойған. Оны канцлердің оппоненттері тым қаталдық деп бағалаған.
Социалистер көсемінің жалақының ең аз көлемін сағатына 8,5 еуроға жеткізу жөніндегі ұсынысы, әрине, көпшілік қауымға ұнайды. Сірә, сауалдамада оған біраз адамның қолдау білдіргені де содан шығар. Бірақ оған да қаржылық негіз керек. Бұл үшін Германия өзіне жүктелген біраз жауапкершіліктен бас тартуға тиіс. Меркельдің пікірінше, «ең бір қиын сәтте, ең ауыр еуропалық дағдарыс кезінде де Германия қуатты ел болып қала береді, Германия – экономикалық өсімнің қозғалтқышы, Германия – тұрақтылық тірегі», ол алдағы уақытта да осы бағытта дами береді. Штайнбрюктің бағдарламасында да назар аударарлық көп ұсыныс, жобалар бар. Бірақ ол әзірге жоспар, уәде ғана. Жұрт нақты істі қалайды.
Теледебатқа баға бергендердің 44 пайызы Меркель жеңді десе, 43 пайызы жеңісті Штайнбрюкке қиып отыр. Тең түсті десе болғандай. Дегенде бұл – теледебат, саясаткерлер өмірінің бір сәті ғана. Ал олардың үлкен қызметіне баға мүлде басқа, қоғамдық пікірлерді сараптайтын ұйымдардың жүргізген сауалдамасына қарағанда, ХДОП көсемі ГСДП көсемінен 16 пункт жоғары тұр. Ангела Меркель өзінің іскерлігімен, саяси кемеңгерлігімен, адами әдебімен бүкіл халықтың сүйіктісіне айналып отыр. Сарапшылардың, саясаттанушылардың пікірінше, о л әлдебір кездейсоқ жағдай кезікпесе, үшінші мерзімге ел басшылығының орынтағына отыруға тиіс. Бұл неміс билігінің тарихындағы құбылысты жағдай болмақ.
Жақындардың жағаласқаны жаман
Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы қарым-қатынасты парасаттылықпен түсіну қиын. Одақтық мемлекеттігі өз алдына, Кеден одағына кіретініне қарамай, бір-біріне қатқыл сөз айтып, жаға жыртысқандай болып жататыны бар. Соның бір көрінісі – ресейлік «Урал-калий» компаниясының бас директоры Владислав Баумгертнердің Белоруссияда қамауға алынуы.
Екі елдің ортақ кәсіпорын құруы, онда түрлі тартысты жағдайлардың туып жатуы әбден мүмкін. Ал оның мемлекетаралық дауға дейін ұласуы, әсіресе, одақтас елдер арасында сирек кездесетін жай. Ал сол «Урал-калий» тыңайтқыш өндіретін компаниясының директоры Баумгертнердің Минскіге шақырылып, оның сонда қамаққа алынуын ақылға сыйдыру қиын-ақ. Тіпті мүмкін еместей. Әңгіме мынада. Оны республика үкіметінің төрағасы Михаил Мясникович арнайы шақырған. Араларында өзекті мәселеге қатысты әңгіме болып, ол аяқталған соң, ресейлік кәсіпкер еліне қайтпақ болғанда, әуежайда ұсталып, қамаққа алынған.
Тіпті Баумгертнердің айыбы бар деген күннің өзінде Белоруссия үкіметінің беделі аяққа тапталып отыр ғой. Жай жеке адамдар арасындағы қарым-қатынаста да біреудің өз қарсыласын алдап шақыруы ешқандай адами әдепке сыймайды, ал мемлекет деңгейінде ол жол бермейтін әрекет. Үкімет басшысы өзі ресми шақырған адамын қаматтыра қоймас. Одан асып шешім қабылдайтын бұл елде бір-ақ адам бар, ол – президент Александр Лукашенко. Сол адам ел үкіметінің, оның басшысының беделін неге ойламайды дейсің. Көп жерде, көп елде мұндай әрекеттен кейін, нақтырақ айтсақ, мұндай қорлаудан кейін үкімет басшысы қызметте қала қоймас еді, отставкаға кетер еді.
Белоруссия басшылығының пікірінше, ондағы тергеу орындарының мәлімдеуінше, Баумгертнер басқаратын «Урал-калий» компаниясының бұрынғы келісімдерді бұзып, ортақ «Беларусь калий компаниясының» (БКК) құрамынан шығып, өз тауарларын басқа еншілес компаниялары арқылы өткізуі Белоруссия бюджетіне үлкен нұқсан келтіреді, олардың айтуынша, 100 миллион доллардай зиян шегеді. Өкпелейтін-ақ жай, бірақ оны білдірудің де, талап етудің де қалыптасқан, өркениетті жолдары бар емес пе?
Ресей жағының әрекеттері де айыптауға тұрарлық. Бұрыннан жасалған келісім бойынша, ресейлік «Урал-калий» компаниясымен беларустық «Беларусь-калий» компаниясы өздерінің тауарларын өткізумен айналысатын «Беларусь-калий компаниясын» құрады. Соның арқасында бұл екі компания әлемдік калий тыңайтқышының 40 пайызын өндіріп, оның бағасын жоғары ұстап тұрады. Биылғы жаз ортасында «Урал-калий» «Беларусь-калиймен» серіктестігін тоқтататындығын мәлімдейді.
Бірақ Баумгертнерді қамауға алғанмен, тіпті қазір айтылып жатқандай, оны 10 жылға соттағанмен, шығынның орны тола ма? Тіпті Ресей жағы өз әрекеттерін өткен жылдың аяғында президент А.Лукашенконың «Беларусь-калийді» БКК құрамынан шығару жөніндегі жарлығына жауап деп те отыр. Қалай дегенде де, екі жақ өз әрекеттерін келісіп жүргізгенде, мұның салдары басқаша көрінер еді.
Екі жақтың бір-бірін айыптауы қазір үкімет деңгейінде жүріп жатыр. Ресей вице-премьері Игорь Шувалов мұны ақылға сыймайтын әрекет деп сипаттап, бұған орай премьер-министр Дмитрий Медведевтің нұсқаулар бергенін де мәлімдеді. Минск әсте де мұндай дауда есесін жібере қоймайды – «Урал-калийдің» бас акционері алпауыт миллиардер Сүлейман Керимовті ұстап алып, жазалау жөнінде Интерполға шағым түсірді. Бірақ оны Ресейде ешкім ұстай алмайды. Сенатордың ешкімнің тиіспеу құқы бар.
Бүйтіп жаға жыртысқаннан ешкімнің опа таппайтынын бұлардың ұқпайтынына таңданасың.
Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».