Бүгін, АҚШ конгрессі өкілдерінің палатасында Сирия үкіметіне қарсы күш қолдануды санкциялайтын қарардың жобасы ұсынылды. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.
Жобаның авторлары ретінде Ван Холлен мен Джерри Коннолли сөз сөйледі.
Ұсынылған құжат АҚШ президентіне «Сирияда химиялық қару қолданысын болдырмау үшін АҚШ қарулы күштерін қолдануға» мүмкіндік береді.
Құжатта көрсетілгендей, Сирияда әскери операция жүргізуге АҚШ қарулы күштеріне қарар қабылданған сәттен бастап 60 күн уақыт беріледі. Осыған ұқсас жобаны қазір Сенат да қарау үстінде. Сәрсенбі күні Сенаттың сыртқы істер жөніндегі комитеті Сирияға байланысты қарарды мақұлдаған болатын.
АҚШ конгресінде Сирияға соққы жасауды жақтаушылар мен қарсыластардың бейресми дауыс санағы жүріп жатыр. Әзірге оның нәтижесі бойынша, палата өкілдерінің көбісі әскери қарарға қарсы көрінеді.
Айдар Өрісбаев.