Кеше палата спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжіліс бюросы алдағы жалпы отырыстың күн тәртібін белгіледі, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Палата қарауына бірқатар ратификациялық құжаттар әзірленді. «Қазақстан – Қытай» мұнай құбырына қатысты үкіметаралық келісімді ратификациялауды қарастыратын заң жобасын талқылау енгізіліп, «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің адамдарды мемлекетаралық іздестіру туралы шартын ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мерзімін белгілеу ұсынылып отыр.
Жалпы отырыстың күн тәртібі жобасына, сондай-ақ, бесінші шақырылған Қазақстан Парламенті Мәжілісінің үшінші сессиядағы өкілеттілігін жүзеге асыру бойынша негізгі іс-шаралар жоспары туралы мәселе де енгізілді. Құжат Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үшінші сессияның ашылуы барысында жүктеген тапсырмаларын есепке ала отырып, «Қазақстан-2050» Стратегиясына сәйкес әзірленген.