Коронавирус індетінің таралуына байланысты скайп арқылы өткен шұғыл брифингте Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясов мәлімдеме жасады.
Өңірімізде 13 сәуірде коронавирус індетіне қатысты көз жұмған тағы бір оқиға тіркелді. Ол әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұрған 1936 жылы туған ер адам. Науқас 5 сәуірден бастап Көкшетау қаласындағы теміржол ауруханасындағы провизорлық стационарда карантинде жатқан. 9 сәуірде одан коронавирус індеті расталып, Ақмола облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің инфекциялық бөліміне емделуге жатқызылады. Науқастың диспансерге қабылданған кезіндегі денсаулық жағдайы өте ауыр болған. Сондықтан, өкпесі жасанды желдету құрылғысына қосылған.
Науқаста екі жақты жаппай пневмония әрі оның тез дамитын өте ауыр түрі және вирустық этиология, артериалды гипертония, жүректің ишемиялық ауруы сынды ілеспе аурулар болған.
Ақмола облысына қатысты коронавирус жағдайы бойынша бүгінде ауруханада 347 науқас, оның ішінде инфекциялық бөлімде 67, провизорлық стационарда 184, карантинде 96 адам бар. Ал, үй жағдайындағы карантинде 662 адам бақылауда.
Жалпы, өңірімізде 71 адамда коронавирус тіркелген, оның ішінде 4-еуі осы індеттен қайтыс болды.
Ақмола облысы