Шыңғыс ЖӘНІБЕКҰЛЫ,
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек департаментінің бас сарапшысы:
Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) жан басына шаққандағы орташа кірісі кедейлік шегінен аспайтын ел азаматтарына, елде тұрақты тұратын қандастарға, босқындарға, шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға беріледі. Осы топтағы азаматтар аталған көмекті талап ете алады. Негізі АӘК шартты ақшалай, шартсыз ақшалай көмек түрінде тағайындалады. Оның ішінде шартты ақшалай көмек жалғызбасты немесе жалғыз тұратын аз қамтылған еңбекке қабілетті азаматтарға, құрамында еңбекке қабілетті мүшелері бар аз қамтылған отбасыларға жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысу шартымен тағайындалады. Бұл көмекті тағайындаудың міндетті бөлігі – көмек алушы мен мансап орталығы арасында әлеуметтік келісімшарт жасасу. Өйткені көмектің негізгі мақсаты – құрамында еңбекке қабілетті мүшелері бар отбасыларға тек ақшалай көмек жасап қана қоймай, оларды жұмысқа орналастырып, табысын арттыру арқылы кедейлік шегінен шығару.
Шартсыз ақшалай көмек отбасы құрамында еңбекке қабілетті мүшелері болмаса немесе жалғыз еңбекке қабілетті мүшесі белгілі себеппен жұмыспен қамту шараларына қатыса алмаған жағдайда беріледі. Атап айтқанда, жалғызбасты немесе жалғыз тұратын аз қамтылған азаматтарға, егер олар зейнет жасында болса, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі болса, екі айдан астам уақытша еңбекке жарамсыздыққа әкелуі мүмкін аурулары болған жағдайда тағайындалады. Құрамында еңбекке қабілетті адам жоқ немесе үш жасқа дейінгі баласы бар жалғыз еңбекке қабілетті адамға, мүгедектігі бар балаға, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамға, бөгде күтім мен көмекті қажет ететін қарт адамға күтім жасайтын аз қамтылған отбасыларға да осы көмек көрсетіледі. Демек шартсыз ақшалай көмектің мақсаты – табыс табуға мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік тұрғыда қолдау, кірістерін кедейлік шегіне дейін жеткізу.
Жалпы, АӘК тағайындаудың шарттары кедейлік шегіне байланысты белгіленеді. Оның мөлшері өңірлік медиандық табыстың 35%-на тең, бірақ өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-нан төмен болмауға тиіс. Отбасының әрбір мүшесіне АӘК мөлшері отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы мен өңірлік кедейлік шегінің шамасы арасында айқындалады. Егер отбасының жан басына шаққандағы орташа кірісі осы көрсеткіштен төмен болса, айырмасы АӘК мөлшерін құрайды. Былтыр 54,4 мың отбасы АӘК алды. АӘК алуға өтінішті ел азаматтары «Электрондық үкімет» веб-порталы, екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшасы арқылы бере алады. Оған мүмкіндік болмаса, тұрғылықты жеріндегі мансап орталығына, ол болмаған жағдайда кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне жүгіне алады.
Дайындаған –
Сәндібек АСАНӘЛІ,
«Egemen Qazaqstan»