Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне көмек көрсету туралы тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында 1994 дәрігер үстемеақы алды. COVID-19 инфекциясымен күресте аянбай еңбек етіп жүрген мамандар жұмыс қауіптілігіне қарай 3 топқа бөлінген. Тәуекелдің бірінші тобына өте қауіпті жағдайда жұмыс істейтін 27 қызметкер енді. Екінші санат қауіптілігіндегі дәрігерлер мен фельдшерлерге, яғни, 337 медицина мамандарына үстемеақы төленді. Үшінші топқа 1630 қызметкер еніп отыр. Үстемеақы алғандар реанимация бөлімдерін қоса алғанда, жұқпалы аурулар стационарларының дәрігерлері, карантиндік аймақтағы орта және кіші буын медицина қызметкерлері. Сондай-ақ провизорлық стационар мен жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері және жедел-жәрдем жүргізушілері.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес беріліп жатқан бұл қаржылай көмек және ынталандыру сала мамандарына үлкен қолдау болды. Біздің әріптестеріміз облыстағы әр науқасты өзі жеке бақылап, дәрігерлік ем көрсетіп қана қоймай, жылы сөзімен үміт сыйлап жүрген нағыз мамандар. Ақ желеңді абзал жандар бір айға жуық уақыт жақын туыстарын көрген жоқ. Өз кәсіби қызметін басты міндет санайтын абзал әріптестерімнің атынан осындай қысылтаяң сәтте қолдау көрсеткен ел билігіне алғысымызды айтамыз.
Бақтығали ЕРЕЖЕПОВ,
Түркістан облысының бас инфекционист-дәрігері, Қазығұрт орталық аудандық ауруханасының бас дәрігері