Биылғы сәуірде Қазақстан энергетикасының көшбасшысы – Екібастұз ГРЭС-1-ге тура 40 жыл толды. 1980 жылғы 15 сәуірде КСРО Энергетика және электрлендіру министрлігі стансаның алғашқы турбогенераторын және қазандық агрегатын пайдалануға қабылдау туралы актіге қол қойған болатын.
1-Екібастұз Мемлекеттік Аудандық Электр стансасы бұрынғы КСРО-ның Урал мен Батыс Сібірдің тұтынушыларын электрмен жабдықтау үшін, құрамындағы 5 электр стансасының белгіленген қуаттылығы 20000 МВт болатын Екібастұз Отын-Энергетика Кешенін құру жөніндегі жобасының бір бөлігі ретінде құрылған болатын. Алайда, тек екі электр стансасының: ЕГРЭС-1 мен ЕГРЭС-2-нің ғана құрылысы аяқталды.
Бүгінде «Б.Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» - Қазақстандағы Біртұтас электр энергетикасы жүйесінің қажеттіліктерін қанағаттандырып отырған ірі жылу электр стансасы. Ұлттық маңызы бар стансалар қатарына жататын электр стансасы республикадағы электр тұтыну көлемінің 20% толықтай қамтамасыз ету мүмкіндігіне ие. Стансаға 100%-тік қатысу үлесімен отандық аса ірі электр энергетикалық холдинг – «Самұрық-Энерго» АҚ иелік етеді.
Конденсатты электр стансасының белгіленген қуаттылығы 4000 МВт, әрқайсысының қуаттылығы 500 МВт болатын сегіз энергия блогімен жабдықталған. Оның алғашқы энергия блогі 1980 жылы пайдалануға берілді, соңғы сегізінші энергия блогі 1984 жылы іске қосылды.
Энергетик-мамандардың сөзінше, Екібастұз ГРЭС-1 құрылған кезде сол уақыт үшін прогрессивті бірқатар техникалық және шаруашылық сипаттағы шешімдер іске асырылған, мәселен: электр стансасы отын өндірілетін жерге неғұрлым жақындатылды, салқындатқыш су қоймасы мен күл үйіндісі кұрғап қалған, шаруашылық мақсатында пайдаланылмайтын көлдердің табиғи ойпаңдарында жайғастырылды, қажетті су Ертіс-Қарағанды каналынан алынды, стансаны орналастыруда Екібастұз қаласына қарай соғатын желдің бағыты да ескерілді.
1981 жылғы қазан айында ГРЭС-1 алғашқы миллиард киловатт сағат электр энергиясын өндірді. Кеңестік кезеңде ГРЭС-1 КСРО аумағындағы аса ірі жылу электр стансаларының қатарына енді.
Екібастұз ГРЭС-1 электр стансасындағы суды химиялық тазарту (СХТ) жүйесін қайта құру жобасын алғашқылардың бірі болып іске асырды. СХТ жүйесін қайта құру барысында станса су жаңа мембрандық технологияларға көшті, бұл тұзсыздандырылған суды химиялық дайындау жүйесінің сенімді жұмыс істеуін едәуір арттырып қана қоймай, операциялық шығыстарды да азайтуға мүмкіндік берді. Тазартылған судың сапасы да жақсарды – қаяздығы мен электр өткізгіштігі азайды.
«Б. Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС 2019 жылды 18,3 млрд кВтсағ электр энергиясын өндіріп аяқтады. Тұтас алғанда, Қазақстан нарығында ЕГРЭС-1 өндірген электр энергиясының үлесі 14,2%-ке артты.
Орташа блоктік жүктемесі 455 мегаватты құрайтын жеті энергия блогі жұмыс істеп тұрған кезде, станса күзгі-қысқы маусымға толық дайын екенін көрсетті.
2020 жылғы ақпанда 7 энергия блогінің жұмысы үшін рекордтық жүктеме – 3481 МВт тіркелді. Мұндай көрсеткіш соңғы рет 1986 жылғы ақпанда байқалған болатын. Ең жоғарғы нүкте ол кезде 3095 МВт-қа жетті, алайда 8 энергия блогі жұмыс істеп тұрды.
Бүгінгі таңда станса 1400-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Өндіріс қуаттылығын арттырумен қатар, ЕГРЭС-1 Екібастұз қаласының әлеуметтік жобаларына демеушілік көмек көрсетіп, қоғамдық қайырымдылық қорларына, мәдени-бұқаралық іс-шараларға қолдау білдіріп, өңірдің әлеуметтік тыныс-тіршілігіне белсене қатысады.