Елордада 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмекті 170 мыңға жуықтадам алды. 353 мың өтінім түсті. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина атап өткендей өтінімдердің арасында бір адамнан бірнеше рет келген, жиі қайталанатындары да бар.
«Мамандар демалыссыз күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Өтінімдерді «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ-мен және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорымен (МӘСҚ) бірлесе қарастырып жатырмыз. Уақыттың бір бөлігі барлық деректерді тексеруге кетіп жатыр. Қазіргі таңда жұмыс жасап жатқан тұрғындар да өтінім беруде, олардың ішінде еңбекақысы 500 мың теңгені құрайтындары да бар. Кей адам бірнеше қайтара рет өтінім беруде. Осының барлығы өтінімдерді тексеру уақытына әсер етеді. Мамандар әр өтінімді мұқият тексереді. Уақытты үнемдеу және өтінімдерді өңдеу жылдамдығын арттыру үшін өтінімді тек бір рет ғана жіберу керек», - деді жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина.
Төтенше жағдай кезінде қаржы көмегін бұрын ресми жұмыс істеген адамдар ғана емес, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, бір жылдан астам уақыт ішінде декреттік демалыста болған әйелдер, студенттер де ала алады. Өтінішті «Электрондық үкімет» веб-порталы, telegrambot egov.kz немесе 42500.enbek.kz сайты арқылы электрондық форматта беруге болады. Қосымша ақпарат алу үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына 55-14-87, 55-01-74, 55-69-59, 55-67-12, 109(iKomek) хабарласуға болады.