• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Сәуір, 2020

Ақмола облысында 11 252 жаңа жұмыс орны ашылады

310 рет
көрсетілді

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 11 252 ақмолалық жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Бағдарламаны жүзеге асыруға 45 миллиард теңге бөлінеді.  

Бүгінгі таңда 4 бағыт бойынша 332 жобаның тізімі дайындалды. Карантин кезінде жұмыссыз қалған ақмолалықтар аз емес. Сондықтан, жұмыспен қамту орталықтары бүгінде жұмыссыздардың тізімін жасақтап, бағдарлама аясында үгіт-насихат шараларын онлайн режимде жүргізуде.

Карантинге байланысты жұмыспен қамту орталығы мамандарының 50 пайызы қашықтықтан жұмыс істеуге көшірілген. Сондықтан, орталықтың есігі қауіпсіздік мақсатында әзірге жабық. Дегенмен,қажетті мамандардың байланыс нөмірлері жазылған. Орталық директорының айтуынша, әзірге штаттық режимде жұмыс істеп жатқан мамандар жұмыссыздардың тізімін әзірлеп, оларды жол картасы аясында ашылатын бос жұмыс орындарына бағыттауға әзірлік жүргізуде.

–«Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында Көкшетау қаласы бойынша 50 жоба жүзеге асырылмақ. Барлығы 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Оның 1,5 мыңы жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа тартылуы тиіс. Яғни, жол картасы аясында ашылатын жұмыс орындарына қажетті мамандар, біздің орталық арқылы да тартылады,–дейді Көкшетау қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры  Уақыт  Бейсенбаев.  

Орталық директоры жұмыс іздеушілерге жергілікті жұмыспен қамту орталықтарының электронды жүйесін толығымен пайдалануға кеңес береді. Ал, ірі қалаларда еңбек етіп, жұмыссыз қалған жастар өз елді мекендерінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы»аясында орналаса алады. Ол үшін  жастарға біржолғы 85 мың теңге көтерме ақы төленеді.

–«Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында облыста 332 жоба жүзеге асырылады. Инфрақұрылымдық жобалар 4 бағытта қарастырылған. Басымдық әлеуметтік салаға беріліп отыр. Сонымен қатар, тұрғын үй-коммуналдық бағытта 61 жоба, елді мекендерді абаттандыру бағытында 21 жоба қарастырылған. Бағдарлама аясында жұмысқа тартылғандарға 85 мың теңгеден кем еңбекақы төленбейді,–дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы жетекшісінің орынбасары Шолпан  Рахматуллина.   

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында өңірде барлығы 11 мың 252 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ал, бағдарлама аясында іске қосылған 12 жоба тұрақты 441 жаңа жұмыс орнының ашылуына  мүмкіндік бермек.