Атырау облысында балық қорын заңсыз аулау тыйылар емес. Бадық қорына «барымта» жасаушылар инспекторларға қарсылық та танытады. Сондай оқиғаның біріне қатысушылардың мотоциклді өртеп жібергені жайлы видео әлеуметтік желіде тарады.
Видеода бұл оқиғаның 14 сәуірде болғаны айтылғады. Төрт жігіт инспекторларға қарсылық танытып, біреуі мотоциклді өртеп жіберген.
Оқиға Жайық өзені сағаларының бірінің жағасында болған. Өртеніп жатқан мотоциклдің жанында балықтар шашылып жатыр.
–Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерде таратылған видеодағы балық қорғау инспекциясының қызметкерлеріне бағынбаған белгісіз азаматтарды анықтады. Қазір ҚР Қылмыстық Кодексінің 335-бабы (Балық ресурстарын, басқа су жануарларын заңсыз алу) және 379-бабымен (Билік өкіліне бағынбау) сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, деп хабарлады Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жұмасат ҒАЗИЗ