Испанияның бас шаһары – Мадрид қаласындағы әйгілі «Сантьяго Бернабеу» стадионында коронавирусқа қарамастан жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Даңқты «Реал» клубы мен Испанияның ұлттық құрамасы өнер көрсететін аталған спорттық нысан 1947 жылы салынды. Сол кездері құрылыс және жөндеу-жабдықтау жұмыстарына шамамен 1,7 миллион евро көлемінде қаражат жұмсалды. Бұған дейін де 81 044 көрерменге есептелген стадионда бірнеше рет реконструкция жүргізілді.
Бұл жерде сан мәрте Еуропа чемпиондарының кубогы, УЕФА кубогы, Чемпиондар лигасы және 1964 жылғы Еуропа біріншілігі мен 1982 жылғы әлем чемпионатының финалдық сайыстары өтті. «Сантьяго Бернабеу» басқа да талай тарихи оқиғалардың куәсі болғаны баршаға мәлім.
Сарапшылардың есептеуінше, бұл жолы жөндеу-жабдықтау жұмыстарына 570 миллион евро жұмсалып, ол 2022 жылдың қазан айында аяқталады деп жоспарлануда.