Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы 1,6 млн. тоннадан астам жүк тасымалданды. Осы кезеңде Құрық портында шамамен 1700 жүк көлігі ауыстырып тиелді, бұл 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 31% артық. Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады.
Сондай-ақ жыл басынан бері теңіз порттары арқылы шамамен 6 400 контейнер тасымалданды. Оның 50%-дан астамы Ақтау-Баку фидер желісі және әрі қарай Транскаспий бағытымен тасымалданды.
Өткен жылы Қазақстанның теңіз порттары арқылы жалпы 6 млн. тонна жүк тасымалданған еді, оның ішінде 2,2 млн. тонна мұнай, 2,5 млн. тонна құрғақ жүк және 1,4 млн. тонна паром жүктері.Жүк тасымалы көлемін одан әрі арттыру мақсатында Құрық порты мен Иран және Ресейдің Каспийдегі порттары арасында жаңа паром желілерін ашу мәселесі пысықталуда.Транскаспий мультимодальдық дәліз бойынша көлік құрамын азайту жөнінде қабылданған шараларды ескере отырып, экспорттық жүк ағынының бір бөлігін Ақтау және Құрық теңіз порттарына бағдарлау жоспарланып отыр.
Транскаспий бағыты шеңберінде жаһандық контейнерлеу жағдайында контейнерлердің фидерлік тасымалын арттыру жоспарланып отыр. Ол дәстүрлі тасымалдау бағдарларымен салыстырғанда өзінің артықшылығын дәлелдеді.
Жалпы 2030 жылға дейін порттар арқылы тасымалдау көлемін 18 млн. тоннаға дейін, оның ішінде контейнерлік ағынды 300 мың ДФЭ дейін жеткізу жоспарланып отыр. Осыған байланысты перспективалы жүк ағынын порт қызметтерімен қамтамасыз ету үшін орта мерзімді перспективада Ақтау порты инфрақұрылымын жаңғырту және Құрық портында бас және үйінді жүктерді өңдеуге арналған терминал салу жоспарланып отыр.
Төтенше жағдай кезінде порттар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында биылғы 16 наурыздан бастап теңіз порттары арқылы жолаушыларды тасымалдау уақытша тоқтатылды. Порттарда санитарлық-эпидемиологиялық шаралар күшейтілді. Келетін жүк көліктеріне дезинфекция жүргізіледі. Бұл ретте порттарда бірінші кезекте қажетті тауарларды, азық-түлік өнімдерін, дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы тауарларды тасымалдайтын жүк көліктеріңн өткізуді оңайлату бойынша шаралар қабылданды.
Бүгінгі таңда порттар арқылы шамамен 1,3 млн. тонна жүк (мұнай және мұнай өнімдері, астық, металл) экспортталды. Бұл 2019 жылғы сәйкес кезең көрсеткішінің 98% тең.
Импорт көлемі 224,9 мың тоннаны құрады (халық тұтынатын тауарлар, тамақ өнімдері, құрылыс матриалдары, цемент және т.б.). Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 102%.
Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында шамамен 60,8 мың тонна транзиттік жүк (азық-түлік, тұрмыстық техника, дәрі-дәрмек) порттарда өңделіп, 2019 жылдың сәйкес кезеңі көрсеткішінің 86% тең.