• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Экономика 16 Сәуір, 2020

Шаруа қожалықтарының шаруасын шайқалтпайық

1059 рет
көрсетілді

Елімізде 200 мыңнан астам шаруа қожалығы бар. Соның жартысынан көбі мемлекеттің көмегіне зәру. Яғни, шағын шаруалар жекелеген ірі кәсіпкерлердің көлеңкесінде қалуда. «ҚазАгроҚаржы» аз ғана үстемеақымен үлестірген несие 7 жылға созғанда табыстың жартысынан көбін еншілеп кетеді. Бұл шаруаларды қолдау ма, жоқ әлде...

«ҚазАгроҚаржы» АҚ өкілдері несие берерде шаруадан 25 пайыз алғашқы жарнаны төлеуді міндеттейді. Мұндай талап­ты жұмысын жаңа бастап жатқан шаруа қожалықтары орын­дай алмайды. Лизингке тех­ника рәсімдей алмай жүрген­дер­дің дені осылар.

Бүгінде Қазақстанның мал шаруа­шылығы саласының өркен­деуі шаруа қожалықтарының дамуына тікелей байланысты. Əрине, Үкімет тарапынан оларға қолдан келген көмек жаса­лып жатыр. Дегенмен, мал ша­руа­шылығы саласында осы күнге дейін шешімін таппаған шетін мәселелер жетерлік. Мыса­лы, несие ауыл тұрғындары үшін қол­жетімсіз. Шағын фер­мер­лердің кепілдікке қояр мүл­кі жоқ. Осы мәселе төңірегінде Фермерлер одағының төрағасы Жигули Дайрабаев редакция­мыз­ға хабарласып, ойын ашық айтты.

– Шағын және орта кәсіпкер­лікті дамыту бағытында Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазАгроҚаржы» ұйымына бірнеше рет тапсырма берді. Алайда тиімді жәрдемақша мәселесі әлі шешілмей тұр. Ауылдағы кәсіпкерлердің арзан несиеге қолдары жетпей келеді. Қазір ауылда жұмыс істейтін адам жоқ. Жастардың дені қалаға кетті. Себе­бі қолжетімді несие жоқ. Оны алу үшін табанынан тозады. Қазақ­стан бойынша 212 мың шаруа-фермер қожалықтары бар. Соның 10 пайызының ғана шаруасы дұрыс. Үкіметтің көмегі соларға тиімді. Ал қалғаны далада сабылып жүр. Несие алу үшін кепілдікке бағалы мүлік қоюы керек. Ауылдық жерде қандай екі қабатты үй болсын. Баяғы шаруашылықтың ескі ғимараттары, оның бағасы 3-4 млн теңгеден әрі аспайды. Ал несие берушілер оның өзін 500-600 мың теңгеге ғана бағалайды. Енді ойлаңыз, бұл ақшамен қандай жұмыс істейсің, 2 сиыр да келмейді ғой – дейді Ж.Дайрабаев.

Маманның айтуынша, шаруа қожалықтары несие алу үшін кепілдік мүлік ретінде малды, техниканы немесе жерді қою керек. Сонда ғана қаржы көздеріне жол ашылып, ауылдағы халықты жұмыспен қамтуға шамасы жетеді.

Осы орайда тағы бір түйткіл төбе көрсетіп тұрғандай. Бұл – қағаз­бастылық. Бүгінде отандық банк­тер 14-20 пайыз мөлшерлемемен несие береді. Оны алу оңай емес. Әуелі бизнес жоспар жасайсың. Тиі­­сін­ше кепілдігі болуы керек. Со­­дан соң, оны атқарушы органға тап­­сы­расың. Аудандық комиссия қарап, облысқа жібереді. Облыстан қара­­лып қайтып келгенше бірнеше ай өтеді. Ол аздай, әлгі кәсіпкер не­сие­­сін алуға ауданға кем деген­де 4-5 рет, облыс орталығына 3-4 рет бара­ды. Тіпті құжаттары сәйкес ке­­­ліп тұр­ғанның өзінде, несиенің ке­шік­тіріліп берілетін кездері бар.

– Кеңес Өкіметі кезінде 10 жыл ұжымшар басшысы болдым. Бір парақ қағазды қолымызға алып, банк басшысымен келісіп, 0,1 па­йызбен қаржы аламыз. Содан соң егін орағынан кейін қайтаруға уағдаласамыз. Болды. Іс бітті. Қазір «ҚазАгроҚаржы» сенделтеді де қояды. Баяғыда жеті «баласы» бар еді, бүгінде үшеуі қалыпты. Олар­дың тиімді істеп жат­қаны шамалы. Өздеріне жеңіл жолды қа­растырып алған. Өткенде Мем­лекет басшысы 2 мың адамның түк бітір­мей жатқанын айтқан болатын. Сол сөз рас. Оның барлығы шаруа­лар арқасында күнелтіп жүр. Шаруа­ны шырылдатпай, еңбек адамына мүмкіндік беру керек. Менің жекеме қаншама хаттар келеді. Тех­никасы бұзылған фермерлер құ­рал-жабдық таппай жер-көкті шар­лай­ды. «Беларусь» тракторы 3-4 млн тұ­ра­тын, ал қазір 9 млн теңгеден жоға­ры. Жоспарлап жұмыс істеуді ұмыт­тық. Жаңадан қаржы ұйымын ұйым­дас­тыру қажет – дейді одақ төрағасы.

Ауыл шаруашылығының тағ­дыры – елдің тағдыры. Шынында, каран­тин кезінде таңның атысы мен күннің батысы шаруалар ғана жұмыс істеп жатыр. Елдің еңсесін көтеретін егін уақыты. Ертең дағда­рыстан алып шығатын осы шағын және орта бизнес өкілдері емес пе?! Әйтсе де әлі дизель отыны мен техникаға қолы жетпей жат­қан қаншама шаруашылық бар. Мұны да Ж.Дайрабаев тілге тиек етті. «Ауруыңды жасырғанмен өлімің әшкере болады» демекші, шаруалардың бір-бірінен қарыз алуы әдетке айналғалы қашан?! Дизель тапшылығы, тұқым жетіс­пеу­шілігі осының бәрі жұмысты тежейді. Әрбір шаруа иесінің мың гектардан астам жері бар. Оның бәрі 49 жылға мемлекеттен жалға алынған. Соны кепілге алып, әр гектарына 30 мың теңгеден берсе, 30 млн ақша болады. Осы қаржыға кез келген шаруа өз өзін қамтамасыз ете алады ғой. Осы да қиын ба? Еңбек адамы әрқашан еркін болуы тиіс».

Қарапайым тілмен айтсақ, жәр­демақшаны қара халық алуы қажет. Өйткені ол жаңа техника сатып алып, малының басын өсіреді. Егістігінің аумағын ұлғайтып, жаңа тыңайтқыштар алып, астығының сапасын арттырады. Өз балаларын кәсіпке үйретіп, туған-туыстарын еңбекке тартады. Әлеуметтік жауап­кершілік сезініп, өзінің ауылын өркендетуге үлес қосады. Алайда сол субсидияның бар екенін, мал басына берілетінін білмейтін де азаматтар кездеседі. Жәрдемақша кімге және не үшін беріледі? Әрине ауыл­дағы шағын шаруа қожа­лық­тарын қолдау үшін... Бірақ оған көбіне ірі кәсіпорындар өтініш бере­тіні ақиқат. Ал шағын шаруа қожа­лықтарының ала алмайтын себебі, малының басы аз, жерінің аумағы кішкентай, техникасы жоқ. Мінеки, осы мәселені ескерсе?!