Денсаулықты былай қойғанда, дәл осы күндері індет өзімен ілестіріп әкелген жапсарлас мәселелер жеткілікті-ақ. Жаһанды уысынан қашан шығаратыны белгісіз «жендет вирус» жеңілгенше, онымен байланысты жағымсыз жайттар, жалған ақпараттар, таптаурын түсініктер толастамақ емес.
Бүкіл әлем есігін қымтап отырған күндерде дәурені жүріп тұрған тауардың бірі алкогольдік ішімдіктер екенін жасырудың қажеті жоқ. Ешқандай алкоголь дертке дауа, індетке тосқауыл бола алмайтынын ішкі түйсікпен түсінсек те, адамдардың өзін өзі алдауы бар. Кеселден қорғамақ түгілі, карантин күндерінде отбасындағы небір кикілжің, ұрыс-керіске себеп болып отырған да осы шайтанның суы екенін айту ләзім.
Егер арақ-шарап індеттің таралуы мен жұқтыруынан қорғайтын болса, еліміздегі құрамында бірнеше ірі алкогольді және алкогольсіз сусындар шығаратын зауыттары бар Қазақстандағы AsiaWaters өндірістік және сауда компаниясы антисептик шығаруға көшпеген болар еді. Өйткені, қазіргі пандемия жағдайында ең басты қорғаныс құралдарының бірі – антисептик.
Сол сияқты, қазіргідей күрделі күндерде Қазақстанның сыра қайнататын жетекші компаниясы – «Efes Kazakhstan» да адамгершілік қағидаттарына сүйеніп, көмекке мұқтаж жандарға қолұшын соза отырып, «Пинта» мейрамханалар желісімен серіктестік құрып, Алматы қаласының И.С.Жәкенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының медицина қызметкерлерін күнделікті ыстық тамақпен қамтамасыз етіп жүр.
Қысқасы, ішімдік пен індеттің қатысына келетін болсақ, медицина мамандарының да бұл мәселеде өз уәждері бар. Адам ағзасына алкогольдік ішімдіктердің келтіретін зияны туралы тақырып әр кезде, әсіресе бүкіл әлем COVID-19 пандемиясынан зардап шегіп отырған қазіргі уақытта да өзектілігін жоймақ емес.
Адамдардың жекелеген топтары арасында спирт пен алкогольді өнімдер коронавирус инфекциясы секілді адам өміріне қауіпті аурудан сақтай алады деген теріс пікір қалыптасқан. Бұл түсініктер инфекция кезінде қолды, қолмен ұсталатын заттарды спирт ерітіндісімен немесе құрамында спирті бар майлықтармен тазалау қажеттігі туралы нұсқауларға сүйене отырып, алкоголь ішімдіктерін қабылдаған да дұрыс деген ойға негізделген болса керек.
Ал Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының күндізгі стационар меңгерушісінің міндетін атқарушы, терапевт дәрігер Гауһар Қожакееваның айтуынша, осы инфекцияны емдеуде алкогольдің тиімділігі туралы пікір қате. Спиртті ерітінділер мен құрамында спирті бар майлықтар, спирттік сұйықтықтар мен майлардың жақсы еріткіштік қасиетінің болуы заттарды тазалауда әсері жоғары. Оны пайдалану қорғанудың басқа шараларына қарағанда тиімдірек. Спирттің көмегімен қолмен ластанған, яғни теріден бөлінетін, құрамында майы бар заттар жақсы тазаланады. Ал майлар – микроорганизмдердің көбеюіне қолайлы орта. Сондықтан да теріден бөлінетін майлар спиртте тез еритіндіктен, түрлі медициналық әрекет кезінде теріні спирттелген майлықтармен залалсыздандырылады. Бүгінде қауіпті инфекцияны жұқтырудан үрейленген халықтың бір бөлігі алкоголь өнімдерін сатып алуға көшкен.
«Халық емі» деп аталатын әдісте көбіне аздаған спирт қолданылады. Бұл әдістер, әдетте, бірнеше құрамнан тұрады. Бірақ алкогольді ішімдіктер адамды коронаровирус инфекциясының таралуы мен жұғуынан сақтай алмайды. Мамандар спирттің құрамының жоғары болуы кейбір вирустарды жоя алатындығын жоққа шығармайды. Алайда, бұл ішімдікке құмарлықты тудыра отырып, адам денсаулығына қауіпті болатындығын естен шығармауымыз керек. Осының салдарынан тіпті кісі өліміне душар етіп жатқан жағдайлар да жеткілікті.
Коронавирус симптомдары ағзаның қатты улануына әкелсе, ішімдікті пайдалану осы үдерісті ушықтыра түседі және ағзаның сауығып кетуіне кері әсерін береді. Алкогольдің жартысы өкпе арқылы шығарылатындықтан, кез келген инфекцияда, оның ішінде коронавирус инфекциясында онымен қоса шылым шегілетін болса, бұл – аса қауіпті, дейді дәрігерлер. Оның үстіне алкогольді артық пайдалану жүрекке салмақ салады: бұл адам денсаулығы үшін, оның ішінде жүректің тоқтап қалуына әкеліп соқтыратын қауіпті фактор екендігі әлмисақтан дәлелденген. Сонымен қатар алкоголь бактериялар мен вирустардың таралуына қолайлы орта қалыптастырып қана қоймай, ағзаның түрлі ауруларға қарсыласуын азайта отырып, иммунитетті әлсіретеді екен.