Әлемде 2 млн-ға жуық адам коронавирус жұқтырды. Адамзатты әбігерге салған індеттен зардап шеккендердің саны да күн сайын артуда. Мамандар COVID-19 вирусының тез таралуын оның жұқпалығымен қатар, бұрын-соңды байқалмағандығымен байланыстырып отыр. Ғылым тілімен айтқанда, адам ағзасында COVID-19 туралы иммундық жады жоқ болғандықтан күресу де қиынға түсіп жатыр. Сондықтан да ауруды ауыздықтаудың бірден-бір жолы карантин екенін дүние жүзі халқы түсінгендей.
«Коронавирустың 40 шақты түрі бұрыннан бар. Ол жүгірген аң, ұшқан құс, тіпті адамдарда да кездесетіндіктен, олардың ағзасында осы коронавирустар бойынша иммундық жады қалыптасқан. Яғни ағза әлсіреп, вирус қоза бастаған кезде миллиардтаған жасушалар қарсы тұрып күресе бастайды. Ал жаңа COVID-19 – коронавирустың өзгеріске ұшыраған түрі. Адамдарда және жан-жануарларда бұл туралы иммундық жады жоқ. Қазір біздің ағзамыз COVID-19 вирусына қарсы тұрып, жоятын деңгейге әлі жетіңкіремей тұр. Сондықтан да жасы ұлғайған, иммунитеті төмен, созылмалы аурулары бар адамдар бұл дерттен көбірек зардап шегіп жатыр. Ал COVID-19 жұқтырғандардың 40 пайызы симптомсыз, яғни мүлде ауру белгілері байқалмаған күйде өтуде. Бірақ олар ауруды тасымалдайды. 30 пайызында орташа ауырлықта өтсе, қалғаны ауыр деңгейде зардап шегеді. Италияда басқа елдегілермен салыстырғанда қарттардың саны 2-3 есе көп болғандықтан өлім-жітім деңгейі де жоғары болып отыр», дейді Ұлттық биотехнология орталығы Алматы филиалының директоры, академик Сейдіғаппар Мамадалиев.
Вирусқа қарсы және иммунитетті жоғарылататын препараттар дайындау бағытында ғылыми ізденістер жүргізетін Микробиология және вирусология институтының маманынан вирустың сипаты туралы сұрап көрдік. «Коронавирустың көптеген түрі бар. Адамдардың арасында ЖРВИ (ОРВИ) деген атпен оның төрт түрі кездеседі. Әдетте белгілері ұқсас болғандықтан тұмау деп айта береді. Бірақ себептері әртүрлі болуы мүмкін. ЖРВИ-дің 10 пайыздайы коронавирустың себебінен болып жатады. Коронавирустар табылғанына 50 жылдан аса уақыт болды. Бірнеше топтары, яғни тұқымдасы кездеседі. Мысалы, бір тұқымдасы тек құстарда кездессе, бір түрі жануарларда кездесіп жатады. Ал мына COVID-19 вирусы жарқанаттардан табылған, 2003 жылы таралған SARS-қа 90 пайыз ұқсас. Бірақ SARS мутациялық жолмен ұдайы эволюциялық өзгерістерге ұшырап отырады», дейді Микробиология және вирусология институтының вирус экологиясы лабораториясының меңгерушісі Айдын Қыдырманов.
А.Қыдырманов бұл індеттен аса қауіптенудің қажеті жоқ екенін айтады. Оның пікірінше, бізді дүрліктіріп жүрген ақпараттың жылдамдығы мен қолжетімділігі ғана. «Дүние бұрынғыдай емес қой. Қазір адамдар өте жылдам байланыста. Қазір осында болған кісі 20 сағаттан соң жер шарының басқа бұрышында отыруы мүмкін. Сондықтан да вирус тез таралады. Бұл – бір. Екіншіден, вирусология ғылымы, диагностика қарқынды дамыды. Бұл вирус 40-50 жыл бұрын таралса адамдар бұлай тез анықтай алмас еді. Мысалы, 2003 жылы SARS-тың себебін табуға бір жарым ай уақыт жұмсалды. Ал COVID-19-дың себебі бір аптада анықталып отыр. Қазір ақпарат қолжетімді болғандықтан адамдарда үрей басым. Қарасаңыз, бүгінде адамдар майданда соғыс жүріп жатқандай күй кешуде. 2014 жылы Африкада Эбола (ebolavirus) деген вирус таралды. Оның қауіпті болғаны соншалық, оған шалдыққандардың 50-83 пайызының тірі қалуы қиын болатын. COVID-19 вирусын жұқтырғандардың арасында өлім-жітім деңгейі 3-4 пайыздың айналасында. Демек оның таралуы маусымдық тұмаудан төмен. Қалай дегенмен, бұл ауру – жұқпалы вирустық инфекция.Сондықтан оны тізгіндеудің бірден-бір жолы карантин болып тұр», дейді ол.
Сондықтан, мамандардың айтқанына құлақ асып, үйден шықпайық, көшеде бейсауат жүрмейік, жақындарымызды сақтайық, өзімізді, отбасымызды індеттен қорғайық!