Royal Flora Holland голландиялық флористер конгломераты сату бөлімінің бастығы Фред ван Тол сату маусымы кезінде «коронавирус қызғалдақ алқаптарына да келді», деп дабыл қақты. Қауымдастық мәліметтері бойынша, маусымдағы төрт аптаның қорытындысына сәйкес сату деңгейі өткен жылмен салыстырғанда елу пайызға төмендеген.
Қазіргі кезде коронавирус пандемиясының гүл нарығына тигізген залалына нидерландтық өндірушілер қатты алаңдаушылық білдіріп отыр. New York Times деректеріне сүйенетін болсақ, пандемиянның залалынан Нидерландия компанияларында 400 млн гүл, оның ішінде 140 млн голландиялық қызғалдақтар жойылған.
Биылғы жылы жоспарланған Keukenhof гүл паркі де ашылмайтын болды. Оның шығыны 25 миллион долларды құрап отыр. Дегенмен, парк қызметкерлері гүлдерге күтім жасауды доғарған жоқ. Сондықтан көктемнің алқызыл кереметтерін интернет арқылы қызықтауға болады. Осы орайда Keukenhof-тың басқарушы директоры Барт Симеринк «COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуына байланысты үйде болуға мәжбүр болған адамдарды қуанту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», - дейді.
Мұндай шығындар тек гүл нарығын ғана емес, жылына миллиондаған туристер тамашалайтын Лиссадағы қызғалдақ, сондай-ақ гиацинт және дафодильдер сияқты әлемге әйгілі алқаптарды да айналып өтпеді.