Ақтөбе қаласы карантинге жабылса да, халыққа қызмет көрсетуді тоқтатпаған құрылымдар мен мекемелер де бар. «БанкЦентрКредит» пен «Казпочта» АҚ-ның Ақтөбе облысы бойынша филиалдары солардың қатарында тұр.
Аталған қос мекеме мамандарының карантин жағдайында жұмыс істеуге біршама төселіп қалғандары байқалады. Көзіміз көрген көрініс: мұнда бірінші кезекте тұтынушылар мен қызметкерлер арасында белгілі бір алшақтық сақталуына мән берілген екен. Залалсыздандыру құрылғылары мен қондырғылары да төтенше жағдай талаптарына сәйкес пайдаланылып жүргенін аңғардық. Жоғары құзырлы органдардан берілген тапсырмаларға сәйкес аталған мекемелерде қызмет түрлерінің 90 пайызын онлайн режимі бойынша көрсету тәртіптері қолға алынған. Олардың қызметіне жүгінетін тұрғындарың белгілі бір бөлігін зейнет жасындағы адамдар құрайды. Олардың бәрі бірдей сайтпен жұмыс істеуді немесе мобильдік қосымшаларды пайдалану дағдыларын білмеуі немесе игермеуі әбден мүмкін. Бұл ретте аталған филиал мамандарының оны жасы ұлғайған адамдарға түсіндіруге және үйретуге ден қоюлары да құптарлық мәселе.
Мұнан кейінгі кезекте egemen.kz тілшісінің бағыт-бағдары облыс орталығындағы «Алматы» көтерме сауда базарына қарай ойысты. Әуелгіде аталған сауда орны карантин кезінде неге ашық тұр деген ойда қалған едік. Жоқ, керісінше базар бұған дейін жабылып, өңір басшысының келісіміне сәйкес күні кеше қайтадан ашылып, жұмыс істеуіне рұқсат беріліпті. Өйткені базар қожайындары мен қызметшілері карантин кезінде қойылатын қауіпсіздік пен сақтандыру шараларын және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды мұқият сақтау жөнінде өздеріне жауапты міндет алған көрінеді. Бүгінгі күні оның орындалуы жөніндегі мәселеге сын таға алмаған жайымыз бар. Бұлай деуіміздің басты себебі – тиісті тексерулер жүргізілген кезде бұдан шикіліктер шықпаған. «Алматы» көтерме сауда базарына бірінші кезекте пайдаланатын азық-түлік тауарларын сатуға рұқсат беріліп, олар осы тапсырма үдесінен шыға білуге ұмтылыс жасап жүгендері айқын көрінді.
Осындай оң пікірді «Әлия-centr» базары иелеріне қатысты да айтуға болатын секілді. Атап айтқанда, сауда орны қажетті антисептикалық заласыздандыру құралдарымен қамтылған. Сатушылар өз қызметтерін медициналық бетперделер мен қолғап киген жағдайда жүргізуі жолға қойылған.
Әрине, бұл айтылғандарға қарап Ақтөбе қаласында карантин кезінде қызмет көрсетіп жүрген мекеме ұйымдарының бәрі бірдей белгіленген ережелер мен қойылған талаптарды орындап жүр екен десек ұшқарылыққа ұрынар едік. Ашығын айтқанда, оны белден басып жүрген мекемелер де бар болып шықты. Айталық, «Автотехцентр» ЖШС көлік жөндеу орталығы мен «Dciti» көлік жуу орындарында жұмыс алушылардың медициналық пердесіз жүру көріністері кездесіп отыр. Сондай-ақ аталған орталық иелері тиісті заласыздандыру құрылғыларын алуға да мән бере қоймапты. Ендеше Ақтөбе облысының бас санитарлық дәрігері Нұрсұлу Беркімбаева алдағы уақытта мұндай олқылықтардың орын алмауын назарда ұстай білсе игі.