Қазақстан Covid-19 пандемиясы кезінде көршілес елдер – Қырғызстан мен Тәжікстанға жалпы құны 3 миллионнан аса долларды құрайтын гуманитарлық көмек көрсетеді. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Пандемияға қарсы іс-қимыл кезеңінде көршілес елдерге экономикалық қолдау көрсету мақсатында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан мен Тәжікстанға гуманитарлық көмек ретінде жалпы құны 3 млн АҚШ долларынан аса сомаға әрқайсына 5 мың тоннадан қазақстандық ұн жеткізу туралы шешім қабылдады. Шешім халықты азық-түлікпен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында қырғыз және тәжік тараптарының ресми өтініштеріне байланысты қабылданды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлесу барысында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон тәжік халқына осы қиын кезеңде қолдау білдіріп, гуманитарлық көмек көрсеткені үшін алғысын жеткізді. Сондай-ақ ол Тәжікстан азаматтарын Отанына жеткізуге ықпал еткені және Қазақстан аумағы арқылы жүктерді тасымалдауға көмектескені үшін ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар Қазақстан және Қырғызстан Сыртқы істер министрлері Мұхтар Тілеуберді мен Чингиз Айдарбеков телефон арқылы сөйлесіп, қырғыз тарапы Қазақстанға гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылдағаны үшін шын жүректен алғыс білдірді.
Жақын арада аталған жүктер Қырғызстан мен Тәжікстанда жеткізіледі.
Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретінде жаһандық коронавирус пандемиясы жағдайында бейжай қалмай серіктес елдерге қажетті гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастырып жатыр. Биыл ақпанда COVID-19 індетінің өршіп тұрған кезінде Қазақстан алғашқылардың бірі болып Қытайға медициналық қорғау құралдарын бірнеше рет жеткізу арқылы әріптестік қолдау көрсетті.
Жалпы гуманитарлық көмек көрсету – Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды бағыттарының бірі. Өткен жылдары Қазақстан Антигуа мен Барбуда, Ауғанстан, Бангладеш, Қырғызстан, Молдова, Моңғолия, Мьянма, Пәкістан, Сербия, Сирия, Түркия, Жапония және тағы басқа елдерге әртүрлі көмек жіберді.