• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Сәуір, 2020

ҰЛЫ АБАЙДЫ ҰЛЫҚТАҒАН ҰСТАЗ

2541 рет
көрсетілді

Кабинетіңе жүз компьютер, онлайн технология қойып қойсаң да, бұның бәрі мұғалімнің басын алмастыра алмайды.

 Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай Шығыс Қазақстан облысында кешенді іс-шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанынан хабардармыз. Соның ішінде Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен облыс мектептері мен колледждерінде «Абайтану» курсы бойынша авторлық өңірлік бағдарлама мен оқу-әдістемелік кешені әзірленіп, материалдық-техникалық базасы жабдықталған «Абайтану» кабинеттерін ашу көзделіп отырғаны қуантады.

Данышпан ақынымызды әлемге әйгілі ету мұраты кеше де, бүгін де күн тәртібінен түскен жоқ. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында жекелеген ұлтты ұлы тұлғалары арқылы тану мәселесін айта келіп, шетелдіктер «Қазақ елін – Абай елі» деп білуі тиіс деген еді. Өзгелерге танытатын, өзіміз танитын Абай тағылымы қандай? Мұны халық мұғалімі Қанипа Бітібаеваның ұстаздық тәжірибесі мен оқу-әдістемелерінен табамыз.

Қанипа Омарғалиқызы Абай туындыларын оқытуға негізделген – екі, Мұхтар Әуезов шығармаларын оқытуға бағытталған – үш кітап жазды. Бұлар – іргелі еңбектер санатына енген, ұлттық білім беру саласын байытқан туындылар. Әдіскер-ұстаз осы әдіснамаларында кеңестік кезеңде қалыптасқан Хәкім хақындағы қасаң түсініктердің қалыбын бұзуға күш салды. Республикада алғаш рет құрылған өзінің авторлық сыныптарында «Абайтану» курсын оқытты. Қазақтың Қанипасы оқытқан Абай – идеологиялық идол емес, ұлттық идея идиалы еді. Ол: «Абай сөзі – халық сөзі, Абай тілі – Алаш тілі» деген тұжырымнан таймады. Кремльдің Свердлов залында КСРО Мемлекеттік сыйлығын алған сәтінде де ешкімнен қаймықпай: «Отан – туған тілден басталады» дегені соның дәлелі.

 Ұлы Абайды ұлт болып ұлықтап жатқанда Хәкімнің мұраларын зерделеп, шығармаларын жас ұрпақтың санасына сіңіруге саналы ғұмырын сарп еткен, абайтану саласына салмақты үлес қосқан, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваның да еңбегі еленуі керек екенін айтқымыз келеді.

Қанипа Бітібаева – ұстаздардың ұстазы, халық мұғалімі, бірегей әдіснамалардың авторы, ұлттық педагогика тарихында өз орны бар тұлға. Ол – «Құрмет» орденінің, «Ы.Алтынсарин» төсбелгінің, бүкілодақтық Н.Крупская медалінің иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Республиканың «Ең үздік» ұстазы, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері, Шығыс Қазақстан облысының, Тарбағатай ауданының «Құрметті азаматы». Оның 200-ге тарта ғылыми-әдістемелік мақаласы, 41 кітабы жарық көрген. Ғалым-ұстаздың іс-тәжірибесі жөнінде бірнеше оқу фильмі түсіріліп, 2004 жылы «Дәуірдің дара ұстазы» атты кино-очерк жарияланған.

Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваның ұстаздық жолы туған жері Тарбағатай ауданының Ласты ауылындағы мектептен басталады. Семей қаласындағы Н.Крупская атындағы педагогикалық институтының «Қазақ тілі мен әдебиеті» бөлімін 1968 жылы үздік дипломмен бітірген жалынды ұстаз  мектепте «Жас қалам» әдеби-драмалық үйірмесі негізінде шағын театр құрып, оқушыларға біліммен қатар эстетикалық тәрбие беруге талпынды. Қанипаша айтқанда: «Әдебиет – өнер, тәрбие сабағы. Ең алдымен, әдебиет сабағы – ой сабағы, ойлану сабағы», сондықтан ол сөз өнеріне баулу мен жас ұрпақты тәрбиелеу жұмыстарын тұтастыра жүргізді. Мұғалімдіктің алғашқы жылдарында-ақ өзі жабдықтаған «Орта мектептер үшін әдістемелік кабинеті» бүкіл Тарбағатай ауданының тәлімгерлеріне тәжірибелік ғылыми-зерттеу орталығы болды десек, артық айтпаймыз.

Өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бастап өмірінің соңына дейін Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы мектеп-интернатында еңбек еткені мәлім. Жамбыл мектебі мен Қанипа есімі егіз ұғымға айналды.  

1980 жылы ұстаздың «Әдебиетті оқытудың тиімді жолдары» атты іс-тәжірибесі республикалық теледидардан берілген «Шапағат» хабарында талқыланды. 1983 жылы Қазақ КСР Оқу министірлігі мен республикалық мұғалімдер білімін жетілдіру институты тарапынан оның «Қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың тиімді жолдары» атты оқу-тәжірибесі арнайы плакат ретінде шығарылып, республика ұстаздарына таратылып, «Әуезов шығармашылығын оқытудың өзекті мәселелері» атты тәжірибесі сараланды. Осы кезден бастап Қанипа Омарғалиқызының Абай ілімін, М.Әуезов шығармаларын оқытудағы өзіндік жолы, шығармашылығы қалыптасты.

Жаңашыл ұстаздың өз пәндерін адамгершілік-эстетикалық тәрбиемен тоғыстыра оқыту тәжірибесі жоғары бағаланды. Педагогика саласындағы ерен еңбегі үшін Қанипа Бітібаеваға ҚазКСР және КСРО ағарту ісінің үздігі медалі, 1990 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығы табысталды. Ол осы атақты мұғалімдер арасынан Кеңес Одағында 5-інші, ал Қазақстанда 1-інші болып иеленді. Осындай үздік ұстаз туралы сол кезде «Халықтық білім» («Народное образование») журналының тілшісі Л.Красновский, «Мұғалім газетінің» («Учительская газета») тілшісі С.Синицкая құлаш-құлаш материалдар жазды.

Қанипа Омарғалиқызының қазақ әдебиетін оқыту әдістемесін жетілдіру бағытындағы ізденістері мен іс-тәжірибелері орасан зор. «Әдебиетті оқытудың тиімді жолдары», «Әуезов шығармашылығын оқыту», «Сабақ түрлері мен үлгілері», «Мектепте Абай шығармашылығын оқыту», «Әдебиеттану», «Абайды таныту», «М.Әуезов – мектепте», «Әдебиетті тереңдетіп оқыту», «Әдебиет оқулығы», «7-сынып әдебиетін оқыту әдістемесі», «5-9-сынып әдебиетін тереңдетіп оқыту», «10-11-сынып әдебиетін тереңдетіп оқыту» сияқты бірнеше кітабы және жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған «Әдебиетті оқыту әдістемесі» атты оқулығы республикалық ЖОО оқытушылары мен мектеп ұстаздары үшін бірден-бір таптырмайтын көмекші құралға айналып отыр.

1991 жылы 19 мамырда Қанипа Бітібаеваның ғылыми әдістемелік атаулы мектебі ашылып, оның жетекшілігімен ұстаздар «Әдебиетті тереңдетіп оқыту әдістемесін» жетілдіруге атсалысты. Сол жылы «Қазақ әдебиетін әлем әдебиетімен байланыстыра оқыту» бағдарламасын әзірледі. Жоғары оқу орындарындағы педагог мамандарды оқытуға арналған «Әдебиетті оқыту әдістемесі, технологиясы» атты екі оқулығы да жоғары және орта білім беру жүйесіндегі сабақтастықты дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Осы үшін республикамыздың бүкіл педагогы Қанипа мұғалімді «аға ұстаз», «ұстаздардың ұстазы» деп құрмет тұтты.

Парасатты педагогтың іс-тәжірибесі Шығыс Қазақстан мектептері мен жоғары оқу орындарында ғана емес, өзі барып тәжірибе алмасқан АҚШ, Моңғолия, Мәскеу, Қытай сияқты елдерде де сарапшылардың сынынан сүрінбей өтті. Ол ұлттық педагогикамызды, қазақ әдебиетін әлемге танытты. Сол сапарлардан бірнеше ЖОО-ның «Құрметті профессоры», Аризона штаты Тусон қаласының «Құрметті азаматы», Моңғол Халық Республикасының «Даңқты ұстазы» атақтарын алып қайтты. Оның оқулықтары мен оқу құралдары қазірге дейін Моңғолия, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Түрікменстан, Ресейдегі қазақ мектептерінде пайдаланылып келеді, еңбектері ЮНЕСКО көлемінде де танымал. Осының барлығы саналы өмірін халыққа қызмет етуге арнаған ардақты ұстаздың қайраткерлік қырларын айшықтай түседі.

Өткен ғасырдың 70 жылдары ғылым мен тәжірибені ұштастырып, үздік нәтижеге қол жеткізген Ш.Амонашвили, Ю.Бабанский, Ю.Львова, В.Шаталов сынды әлемге белгілі орыс ғалымдарымен тең атаның ұлындай тепсіне пікірлескен Қанипа Омарғалиқызының еңбекшілдігіне, қажыр-қайратына, ыждағатты ізденімпаздығы мен сүйікті ісім деген жанкештілігіне қалай таңғалмайсың!?

Балаға білім мен тәрбие беру ісін шеберлікпен ұштастыра білген Бітібаеваның талантына бас иген академик Г.Марчук, көрнекті педагог-ғалым Ю.Бабанский, әдебиеттанушы ғалым Т.Кәкішев, педагог-ғалым Ж.Наурызбай, КСРО Халық мұғалімі Қ.Нұрғалиевтер толымды пікір білдірді. Академик З.Ахметов: «Егер еліміздегі әрбір ұстаз Қанипадай оқытса, қазақ тілінің болашағына күмән келтіруге болмас» деп сенім артса, профессор Мекемтас Мырзахметов: «Қанипа – туыстан артық туысым, рухани туысым» деп жанына жақын тартты. «Жақсыда жаттық жоқ» деген осы болар.

Ш.Амонашвилидің дәстүрлі оқытуды оқушылардың саналы түрде білім алатын ынталы ортасына айналдыру, Ю.Бабанскийдің оқу-тәрбие үдерісін оқушылардың мүмкіндіктеріне сай жүргізу арқылы нәтижеге бағыттау сынды әдістерін ілгерілетіп, өзіндік философиялық қағидаларын негіздеді. Қ.Бітібаева оқушыларға ұсынған ой салу, ойлау, ойландыру, бір шешімге келу идеясын оқыту зертханасында терең зерделеп, өзіндік білім беру технологиясын түзді. Ой салу – ұстаздан, ойлану – шәкірттен, ойласу – оқушылардың ұжымдық шешім және жеке уәж айтуынан тұрады. Қазіргі таңда қолданылып жүрген балалардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру, деңгейлік оқыту бағдарламалары, ондағы оқушыларды ынталандыру, жігерлендіру, өз-өзіне баға қою, баламен кері байланыс тәсілдерін Қанипа апай сонау 1992 жылы пайдалана білген. Ұстаздың педагогикалық шығармашылығы өзектілігін ешқашан жоғалтпайтыны сондықтан.

Қазір біз жапон білім беру стандарты, Британ мектебі, Еуропа, АҚШ әдістемесі дегенді жиі айтамыз. Осындай озық үлгілердің отандық білім беру жүйесіне енгізілгені қаншама. Бірақ ұлттық бірегейлігімізді бүтіндеп, біте қайнасып кеткені аз. Сырттан таңылған технологиялар, білім саласына сілкініс әкелгеннен бұрын, ұлттық танымымызға «төңкеріс» жасап жіберді. Ал Қ.Бітібаева ойлап тапқан әдіс-тәсілдер «Сын тұрғысынан ойлау» немесе «Кембридж технологиясы» емес, ұлттық педагогикамызға негізделген тәуелсіз еліміздің төл технологиясы.

Қанипа ұстаздың үлкен арманы – ұлттық үлгіде білім беретін мектеп ашу болатын. Бұл еуропалық дәстүрдегі мектеп емес, білім саласындағы бүкіл әлемдік жетістіктерді бойына сыйдырған, табалдырығынан бастап төріне дейін ұлттық салт-дәстүр, этнопедагогика рухы сіңірілген оқу ордасы болмақ-тын. Тірі болса, бұл мақсатын да жүзеге асырар еді, амал не...

Биыл қадірлі Қанипа апайымыздың бұ дүниеден озғанына 6 жыл болады.

«Қанипа Омарғалиқызы фәниден бақиға өтті деген хабар жеткенде жүрегімнің пернесі үзілгендей, елімнің ұлттық білім беру жүйесінің алып бәйтерегі құлағандай күй кештім...» деп қамыққан екен сыйлас құрбысы, Білім және ғылым министрлігінің бас сарапшысы Роза Баттал.

«Кабинетіңе жүз компьютер, онлайн технология қойып қойсаң да, бұның бәрі мұғалімнің басын алмастыра алмайды. Мұғалім – тұлға, мұғалім – білімнің көзі, мұғалім – тәрбиенің көзі» деген Хан апамыздың орнын кіммен алмастыра алармыз?!

Алыптардың азайғанын сезінудің өзі – азап. Алайда құлаған бәйтеректің тамыры бүтін, дәнегі мол, сондықтан тағылымды ісі, таңбалы ізі жоғалмас, әр кірпішін өзі қалап кеткен мұғалімдік мұнарасы аспанмен астасып мәңгілік тұра берер.

Осы күнде орны бөлек озық ұстаздың өмірі мен педагогикалық еңбегіне арнап жазылған очерктер мен мақалалар саны 100-ден асады. Жекелеген кітаптар да жарық көрді. Қанипа Омарғалиқызы туралы «Қазақтың Қанипасы» (авторлары – Р.Құдайбергенова, С.Әбішева, Б.Баймұқанова) атты жинақ,  «Ұстаздың Хан анасы» (авторы – Е.Қарасаев, 2004 жыл) атты тарихи-танымдық кітап жарыққа шықты. Теңдесі жоқ тәлімгерді Халық жазушысы Ф.Оңғарсынова, журналистер – С.Мәмет, О.Елубай, У.Тоқпатаев, Ә.Қаңтарбаев, А.Қасым мақаларына кейіпкер етсе, Ф.Оразбаева, Д.Қамзабекұлы, А.Картаева, Ж.Әбиев, А.Тебегенова, С.Темірбаева, Д.Ізтілеу, Ш.Қирабаева секілді ғалымдар мен әріптес-шәкірттері өз еңбектеріне енгізді.

Ол көзі тірісінде-ақ еңбегі еленіп, құрметке бөленді. «Хан апа», «Қазақтың Қанипасы» атанды. Ұлағатты ұстаздың атында 19 атаулы республикалық ғылыми-әдістемелік зертхана жұмыс істеп тұр. Жыл сайын ұстаздың атында республикалық педагогикалық оқулар мен оқушылар арасында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық олимпиадалар өтеді. Мазмұнды шаралар легі мұнымен іркіліп қалмайды деген үміт мол.

Өмірінің соңында жазған «Егіз өрім» атты кітабында Қанипа Омарғалиқызы 45 жылдық ұстаздық ғұмырын былай сипаттайды: «Таңымды «мектеп» деп атырып, түнімді «мектеп» деп батырып жүргенімде 45 жылдың қалай өткенін білмей де қалдым. 45 минуттан 45 минутқа жалғасып жатқан ғұмыр кешіппін... 45 минут мені дәулет, байлық биігіне көтермесе де, рухани байлық сыйлады, есімімді елге аңыз етіп таратты. Осы 45 жылда мен халқымның қазір өмірде жоқ асыл сөз иелерін тірілтуге, тірісін ұлықтауға тер төктім».

Майталман мұғаліміміз ұлт мақтаныштарын ұлықтау жолында ащы терін аямай төгіп, көз майын тауысқаны рас. Ол ежелгі дәуір әдебиетінен бастап, қазіргі кезең әдебиетінің ірі өкілдері – И.Сапарбай, Иран-Ғайып, Н.Оразалин, Т.Әбдікәкімов, Ұ.Есдәулетов, Е.Раушанов сынды ақындардың шығармашылығын оқытудың оқу-әдістемелік бағдарламасын әзірлеп үлгерді. Ұлағатты ұстаздың есімін ұлықтау, өшкенін жандыру, мұрасын насихаттау жолында енді біз, тірілер, тер төгуіміз шарт.     

Биыл 1 мамырда Қанипа Бітібаеваның туғанына 75 жыл толмақ. Осы орайда Қанипа Омарғалиқызының атын ұлықтап, еңбегін ел жадында мәңгілік сақтау мақсатында Өскемен қаласының көрнекті көшелерінің біріне және облыстағы оқу орындарының біреуіне есімін беруді сұраймыз.

Қанипа ұстаз: «Мені ұстаз етіп қалыптастырған – шәкірттерім» депті бір сөзінде. Қазір ұстаздың авторлық сыныптарын бітірген шәкірттерінің 30-ы – ғылым кандидаты, 6-ауы – филология және педагогика ғылымдарының докторы, 70-ке жуығы – облыстық пән олимпиадаларының бас жүлдегері, 25-і – республикалық олимпиадалардың жүлдегері, апайдың ақын шәкірттері республикалық, халықаралық мүшәйралардың жеңімпаздары, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаттары. Кемел ұлттың негізін осындай дарынды, білімді, мәдениетті ұрпақ қалыптастырады десек, Қазақтың Қанипасының еліміздің дамуына қосқан үлесі өлшеусіз.

Ұстаздың барлық шәкірттері атынан:

Айбек ОРАЛХАН, 

Қ.Бітібаеваның шәкірті,

ҚР Журналистер одағының мүшесі