Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде бүгін басталатын «Дамушы нарықтардың екінші Еуразиялық форумына» қатысты брифинг болып өтті. Оны әдеттегідей аталған қызметтің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев жүргізді.
Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде бүгін басталатын «Дамушы нарықтардың екінші Еуразиялық форумына» қатысты брифинг болып өтті. Оны әдеттегідей аталған қызметтің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев жүргізді.
Брифингтің бірінші бөлімінде А.Әбибуллаев елімізде және шетелдерде болатын маңызды шаралар туралы айтты. Қазақстан өңірлік ынтымақтастық пен қауіпсіздікті Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында нығайтуға зор мән береді. Біздің елімізге Си Цзиньпиннің мемлекеттік сапары аясында екі елдің көшбасшылары бұл мәселелерді кеңінен талқылағанына тоқталды. Осы айдың 13-де ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бішкекте өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 13-ші отырысына қатысады. Басқосуда Ұйым дамуының болашағы, мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі іс-шаралар талқыланады, деді А.Әбибуллаев.
Сондай-ақ, елімізге Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров ресми сапармен келмек. Оны Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдайды. Сондай-ақ, Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов пен Сергей Лавров арасында өтетін келіссөзде саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы және халықаралық деңгейдегі түйткілді мәселелер сөз болады.
Аймақаралық және шекара маңындағы ынтымақтастық аясында отын-энергетикалық және ғарыш саласындағы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Еуразиялық экономикалық қауымдастық, Кеден одағы, Біртұтас экономикалық кеңістік, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес және Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы ынтымақтастықтағы өзара әрекеттерге көңіл бөлінеді, деді А.Әбибуллаев.
Елімізде моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді. 27 моноқаладағы 1 млн. 530 мың тұрғынға бағытталған бағдарламаның басты мақсаты – жергілікті экономиканы әртараптандыру арқылы шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу, халықты жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз ету. Бағдарлама бүгінге дейін қалай іске асып жатыр, Үкімет қандай мәселелерге мән беруі қажет, осы және басқа да мәселелер 10 қыркүйекте өтетін Үкіметтің дәстүрлі отырысында қаралады, деді аталған қызметтің ресми өкілі.
Шарамыздың негізгі бөлігінде айтайын дегенім, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша, сонымен қатар, басқа да халықаралық көрнекті қайраткерлердің, бұрынғы мемлекет және үкімет басшыларының қатысуларымен тұңғыш рет Астанада «Еуразия ХХІ ғасырда: Жаңару арқылы жетекшілік» тақырыбында дамушы нарықтардың екінші Еуразиялық форумы өтеді, деп сөзін жалғады А.Әбибуллаев.
Аталған форумда Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050: Әлемнің 30 дамыған мемлекеттерінің қатарына кіру» тақырыбында сөз сөйлейді деп күтілуде. Елімізде тұңғыш рет өткізілгелі тұрған халықаралық шараның мәні мен маңызын ашып көрсету мақсатымен, сондай-ақ оның жұмысына кімдер және қандай сарапшылар қатысатын болады, Қазақстан және халықаралық қауымдастық үшін нендей өзекті мәселелер талқыланады, Астанадағы іс-шараның айырмашылығы неде? Осы, тағы басқа да сұрақтарға жауап беру үшін брифингке Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев, дамушы нарықтардың Еуразиялық форумының тең төрағасы Хариндер Коли мен «Назарбаев Университеті» АҚ президенті Шигео Катсу арнайы шақыртылыпты. Бірінші сөз кезегін алған Премьер-Министрдің орынбасары Е.Орынбаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталып, өткізілетін форумның маңыздылығын таратып айтты.
Еуразиялық форумның тең төрағасы Хариндер Коли форумның мақсаты мен жұмысы туралы баяндады. Мұндай форумдардың мақсаты – дамушы нарықтар тап болатын мәселелерді талқылап, елдер арасындағы диалогты жақсарту. Жаһандық экономикада дамушы нарықтардың маңызы артып келеді. Бүгінгі күні дамушы нарықтардың жаһандық ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40 пайызды құрап отыр, деді Хариндер Коли.
Шетел сарапшысы атап өткендей, кейбір зерттеулер бойынша 2050 жылға дейін дамушы нарықтардың жаһандық ІЖӨ-дегі үлесі 70%-ға жететін көрінеді. Яғни 2050 жылға қарай қазіргі дамушы нарықтар жетекші күшке ие бо лады екен. Тең төрағаның сөзіне қарағанда, аталмыш жаһандық форум осыған дейін жеті рет өткен. Келесі жиын Вашингтонда қазан айында ұйымдастырылады. Шара жетекшілері Қазақстанның вице-премьері Е.Орынбаевты осы үлкен шараға шақырып отыр. Ол шақыруды қабыл алды. Біз онда «Қазақстан-2050» Стратегиясын талқылайтын боламыз, дейді Коли.
Дамушы елдердің екінші Еуразиялық форумының Астанада өткізілуіне біз де үлкен қызығушылық таныттық. Өйткені, Қазақстанның алға қойған мақсаттарының орындалуына университет те қызмет етеді, деді «Назарбаев Университеті» АҚ президенті Шигео Катсу сөз кезегінде.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».