Облыс орталығының іргесіндегі әуел баста тәулігіне 21 мың текше метр суды тазалауға қуаты жетеді деп есептелген жалғыз станса 1970 жылы пайдалануға берілген. 1986 жылы арнайы комиссия стансадағы жабдықтардың ескіруіне байланысты пайдалануға жарамсыз деген қорытынды шығарған. Жалпы көлемі 343,93 шақырымды құрайтын су құбырларының 40,9 пайызы ескірген. Осы себепті Көкшетау қаласының тұрғындары ұзақ жылдардан бері сапасы күмәнді су ішуге мәжбүр.
Негізінде облыс орталығы Шағалалы және Сергеев су қоймалары арқылы сумен қамтылады. Сондай-ақ Шағалалы жерасты су көздері арқылы 5,5 мың текше метр су келіп тұрған. Қазір қажетті судың біраз мөлшері Шағалалы өзенінің бойындағы су тоспасы арқылы келеді. Оның тәуліктік қуаты – 24 мың текше метр. Яғни секундына 280 литр су қотарылады деген сөз.
– Шағалалы су қоймасының суын көктемде қызыл су жүрген кезде пайдалана алмаймыз, – дейді «Көкшетау су арнасы» кәсіпорнының директоры Ермек Өмірғалиев, – су мүлде лайланып кетеді.
Лайланып кететін себебі де бар. Зеренді ауданының аумағын басып өтетін Шағалалы өзенінің жиегіне әлденеше мал қорасы салынған. Көктемде қар суы еріген сәтте қарғын су жар жиегіндегі бар қоқысты жылғалармен сырғытып, Шағалалы өзеніне құяды. Бар қоқыс өзен арқылы су қоймасына ақтарылады. Осы қоймадан Көкшетау қаласына қажетті ауыз су алынады. Жазда да судың тазалығы күмәнді. Қала халқы жаз айларында Шағалалы өзенінің бойында суға түсіп, демалады. Тіпті, көліктерін жуып, иттерін шомылдырады. Су қоймасына қажетті көлем осы Шағалалы өзенінен жиналады. Енді тазалық туралы тіс жарып бірдеңе айта аласыз ба?
Су қоймасындағы суды тазалайтын стансаның жағдайын жоғарыда айттық. Енді су құрамын станса толық тазарта алмағаннан кейін қосылатын хлор мөлшері көбейтіледі. Ал хлор адам ағзасына қаншалықты қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Бәлкім, қала тұрғындарының әртүрлі ауруларға шалдығу себебі де осында жатқан жоқ па екен?! «Ауру – астан» деген сөзді халық тегін айтпаған шығар.
Екінші су көзі Есіл өзенінің Сергеев тоспа су қоймасы арқылы келеді. Бұл суды да жаңағы әбден ескірген станса тазалайды. 2011 жылы «Су желілерін, тазарту құрылғыларын жаңғыртып, кеңейту арқылы тәулігіне 60 мың текше метр су өткізуге жеткізу» жобасы бойынша жаңа су тазалау қондырғысының құрылысы басталды. Тапсырыс беруші – Көкшетау қалалық әкімдігінің құрылыс бөлімі. Жұмысты «AEGISinc» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған. Мемлекеттік сатып алу келісімшарты бойынша 1,623 млрд теңгенің келісімшарты жасалды. Әйтсе де, 2011 жылы 538,1 млн теңге ғана игерілді. Мердігер ұйым құрылыс жұмысын бастап, цехтың, зертхананың бірлі-жарым ғимараттарын жарым-жартылай ғана көтерді. Бірақ жұмыс алға баспады. 2012 жылы қалалық сот аталған конкурс жүзеге асырылмады деген шешім шығарды. 2012-2013 жылдары қайтадан өткізілген конкурс нәтижесінде «АП Импекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз болып танылды. Бұл серіктестік 2013 жылы 181,24 млн теңгені игерді. Осы арада құрылыс жұмыстарының және құрылғыға қажетті техникалық жабдықтардың құны өсіп кетті де, жаңа станса салу жұмысы тоқтап қалды. Бастапқы қаржының 719,390 мың теңгесі ғана игерілді. 2014 жылы «Көкшетау қаласындағы су желілері тазарту құрылғысын тәулігіне 30 мың текше метр қуатқа жететіндей етіп жаңғырту және кеңейту» жобасына сәйкес мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынды. Жобаның құны 2014 жылғы бағамен 2 397,7 млн теңге болып белгіленді. Бірақ, бұл жобадан да нәтиже шықпады.
Қазір облыс орталығындағы 343,90 шақырымды құрайтын су желілерінің 40,9 пайызы әбден ескірген. Су құбырлары жиі жарылады. Биыл ақпан айының 5-і күні үлкен апат болып, қаланың біраз бөлігі бір тәулік бойы сусыз қалды. Жалпы көлемі 270 метрді құрайтын су құбыры істен шықты. Себебі 1961 жылы пайдалануға берілгендіктен, тозығы жеткен 19 көпқабатты тұрғын үй мен «Таңдау» мектеп-гимназиясы сусыз қалды. Мұндай апаттар ауық-ауық орын алып тұрады.
– Біз қазір тұрғындарға су сатудан түскен қаржының есебінен ғана жұмыс істеудеміз, – дейді кәсіпорын директоры Ермек Өмірғалиев, – алдымыздағы бес жылдың ішінде өз қаржымыздың есебінен 9,790 шақырым құбырды жөндеу межеленіп отыр. Бұл учаске су желілері әбден тозып біткендіктен жиі апат алатын жерлер. Түгел жаңғырта алмағанымызбен, ішінара жөндеудің өзіне 192 240 430 теңге қажет.
Ақмола облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау жөніндегі департаментке құбыр арқылы келетін ауыз су ішуге жарамды ма, жоқ па деген сауал жолдадық. Департаменттің бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс жөніндегі қызметкері Марат Шоқаев сырғытпа жауап жолдады. Онда құбыр арқылы келетін судың тәулігіне неше рет тексерілетінінен басқа еш мәлімет жоқ. Су сапасына күмәнді қала халқы болса қаншама жылдан бері ауыз суды дүкеннен сатып алып ішіп отыр. Әйтеуір орталықтандырылған су жүйесіне күдік көп. Көкшетаудың қолы жеткен көп кісісі ауыз суды қала ішіндегі 2-3 скважинадан, қала сыртындағы қосалқы шаруашылық деп аталатын елді мекеннің іргесіндегі бұлақтан тасымалдап ішеді.
Айтпақшы, Көкшетауда көпшілікке тегін су тарататын отбасы бар. Үй иесі Лилияның айтуына қарағанда, қайын атасы Хамберд ақсақал өмірден өтерде аманат етсе керек. Аталары 1944 жылдың дәл 23 ақпан күні ата мекендерінен Көкшетауға күштеп көшірілген. Лилия мен Руслан Тунгоевтар 1995 жылы Қанай би көшесіндегі осы үйді неміс отбасынан сатып алған. Жөндеген, сырлап-сылаған. Скважина қаздырған. Сәтін салғанда 40 метрден астам тереңдіктен шыққан су тап-таза. Сараптамадан өткізген. Содан соң әкенің аманатына орай үй орамынан құбыр арқылы шығарып, келген жұрт алатындай етіп орнатып тастаған. Маңайы көлденең жатқан бір тал бұрау жоқ, айнадай тап-таза. Әуелі иен тегін суды көрші-қолаң алған. Кейін қала жұртшылығы түгелге жуық құлақтанған. Ауыз судың азабын тартып отырған жұрт жаппай келе бастаған. Жай адамдар да, әртүрлі мекемелерден де.
– Су құбыры арқылы келетін су сапасы күмәнді болған соң осы жерден аламыз. Кейде 2-3 сағаттық кезек пайда болады. Амал жоқ тосамыз, – дейді қала тұрғыны Нұрлан Алпысбаев, – қыстыгүні үздіксіз ағып тұрмаған соң құбыры қатып та қалады. Оны үйге кіргізіп жібітіп әуреге түсіп жатқандары.
Бір отбасының бүкіл қала жұртшылығына шарапаты тиіп тұр. Көкшетауда жыл аралатып ауысып жататын әкімдер осындай аманат айтып кетпеген екен деп ойлайсың кейде.
КӨКШЕТАУ