• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 17 Сәуір, 2020

10 минутта өтетін сабақ

195 рет
көрсетілді

Бүгінде еліміздегі оқушылар «Балапан» және «Ел арна» телеарналары арқылы берілетін бейнесабақтардан дәріс алып жүргені мәлім. Жас түлектерге биология пәнінен берілетін сабақ жүргізушілер арасында ақтөбелік 10 педагог бар. Олар өңірдегі ең білікті ұстаздардың арасынан таңдалып алынған.

Төртінші оқу тоқсанында жеті оқу аптасы болса, соның бес аптасының жүктемесі Ақтөбе облысының ұстаздарына берілген. Осы уақыт аралығында олар жалпы саны 70  сабақ өткізбек. Осы орайда осы істің басы-қасында жүрген аймақтағы білім беру өкілдеріне жолығып, жаңа форматта жүргізілетін дәрістердің ерекшелігі мен артықшылығы, яки кем-кетік тұстары жөнінде айтып беруін өтінген едік.

Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Гүлмира Нукеева өңір педагогтарына қашықтан оқыту технологиясын терең әрі жан-жақты түрде түсіндіру үшін алдын-ала кешенді жұмыстар мен іс-шаралар жүргізілгенін атап көрсетті. Жоғарыда айтылғандай, облыстағы ең үздік 10 педагогтың бірі М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының мұғалімі Гүлнәз Мыңжасарова 11-сыныпта оқитын оқушыларға бейнесабақ жүргізеді. Оның ұзақтығы небәрі 10 минут қана. Осы қысқа уақытқа негізгі ойды сыйғызу оңай болмаса керек.

– Әрине бұл өте қысқа уақыт. Оның алты минуты жаңа сабақты түсіндіруге жұмсалады. Ал қалған 4 минутта жаңа сабақты меңгерту мақ­сатында тиісті тапсырмалар береміз. Әрі оның жауаптарын да орындаймыз. Біз үшін ең ма­ңыздысы, бейнесабақтың мазмұнын терең­дете түсу болып отыр. Бұл ретте суреттер мен кес­телерді және бейнероликтерді пайдал­анып жүр­мін. Осы арқылы оқушылардың қызығу­шылығы мен ынта-ықыластарын көтеріп, са­бақ­ты тез әрі жеңіл қабылдауларына бар күш-жігерімізді жұмсауға ұмтылып келеміз, деді ол.

Сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы №51 мек­теп-гимназияның мұғалімі Сәуле Ер­назарованың айтуынша, 10 минут­тың ішінде тақырыпты барлық балалар меңгере алатындай деңгейде түсіндіру жан-жақты ізденісті және аз сөзге көп мағына сыйғызуды талап етеді. Сондықтан ол оқушы назарын аударуға суреттерді пайдалануға басымдық береді екен. Тақырыпты одан әрі аша түсу үшін қосымша тапсырмалар беріп, балалармен кері байланыстар жасау да озық оқытушының іс-тәжірибесіне енген.

 

АҚТӨБЕ