Алматы қаласының толықтай карантинге жабылуы мегаполиспен шектесетін облыс аудандарының тұрғындарына біршама әбігер әкелгені рас. Әсіресе қаладағы емханаларда тіркеуде тұратындар мен ауруханаларда ем қабылдап жүрген науқастар үшін қиындық туа бастаған еді.
Өйткені облыстың оңтүстік өңіріндегі 7 ауданның тұрғындарына сапалы қызмет көрсететін облыстық көпсалалы аурухана да мегаполисте орналасқан болатын. Бірақ облыстық денсаулық сақтау басқармасы жедел шешім қабылдап, қала маңындағы аудан тұрғындарына медициналық көмек көрсетудің жаңа бағытын ұсыныпты.
– Алматы қаласына кіріп-шығу тоқтатылғаннан бастап облыс тұрғындарына медициналық көмек көрсетудің жаңа ережесін жасадық. Бұл бойынша қала маңындағы аудандардың тұрғындары енді облыстағы кез келген емхана, ауруханаларға кедергісіз тіркеліп, қажет маманға барып қарала алады. Бірінші кезекте жүкті әйелдерді жедел, қайта тіркеуге аламыз. Науқас болса, аумақтағы таңдаған ауруханаға жатқызып, емін жалғастыруға мүмкіндік жасадық. Ал Алматымен шекаралас аудандардан қалаға қатынап ем қабылдайтын науқастар үшін арнайы жедел жәрдем көлігін шығардық. Мысалға, аудандардан көпсалалы ауруханаға өздері барып гемодиализ жасататын науқастар бар. Олар созылмалы бүйрек жетіспеушілігі диагнозы бойынша емделіп жүргендер. Қазір бұл науқастарды аудандық ауруханадан Алматыдағы көпсалалы клиникалық ауруханаға жедел жәрдем көлігімен тасымалдауға көштік. Бұл адамдардың қауіпсіздігі үшін жасалған шара әрі індеттің таралмауына кепіл болады, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ.
Сондай-ақ Алматы қаласы маңындағы Қарасай, Іле, Талғар аудандарының аумағына қойылған блок-бекеттер мен санитарлық тексеру орындарында облыс дәрігерлері тәулік бойына кезекшілік етуде. Әр медициналық тексеру пунктінде бір мезетте үш медицина қызметкері жұмыс істейді екен. Олар тепловизор, медициналық маска және арнайы костюмдермен толық қамтамасыз етілген. Денсаулық сақтау басқармасы блок-бекеттегі кезекшілік атқаратын құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әкімшілік қызметкерлерін медициналық маскамен қамтуды да ұйымдастырып отыр.
Маска демекші, облыс аумағында жұқпалы індетпен күрес шаралары күшіне енді. Талапқа сай енді адамдардың көшеде, жұмыс орындарында медициналық маска тағып жүруі міндеттелді. Бұл тәртіп қоғамдық көлік пен жеке көліктегі жолаушыларға да ортақ. Ал бұл жағдайда бетпердеге деген сұраныс артатыны анық. Қазірдің өзінде облыс аумағында маска тапшылығы байқалуда.
Әрине облыстағы өндіріс орындары медициналық маска өндіріп жатыр. Барлық аудандарда еріктелердің бастамасымен бетперде тігу ісі қолға алынып, тұрғындарға тегін таратылуда. Әкімдіктің ынталандыруымен жеке адамдар көп ретті тұтынуға болатын маска тігіп, тиімді бағамен сатуды жолға қойған. Тегін таратылатын маска саны да артып келеді. Мұндай көмек бірінші кезекте әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасы мүшелері мен атқарушы қызметте жүрген мамандарға көрсетіліп жатыр. Мысалы, тек бір ғана Қаратал ауданының өзінде шағын бизнес өкілдері, білім мекемелері мен еріктілер өз күштерімен тәулігіне 3 мыңдай көп рет пайдаланатын маска тікті. Бұл жұмыс Іле ауданында да жолға қойылған, онда бір тәулікте 20 мың маска дайындалуда. Ал Талдықорғанда жекеменшік дәріхананың басшысы 5 мың масканы халыққа тегін таратқан.
Жақында облыс басшысы Амандық Баталов маска тігуге шағын бизнес нысандарына мемлекеттік тапсырыс беру жағын ойластыруды қарастырып, жеке гигиеналық құралдармен тұрғындарды жеткілікті мөлшерде қамтамасыз ету мәселесін одан әрі ширатуды тапсырған болатын. Алматы облысында тәулігіне әзірге 136 мың маска шығарылуда.
Медициналық маска өндірісін жолға қойған кәсіпорының бірі Іле ауданындағы Dolce farm компаниясы. Серіктестік тәулігіне 70 мың дана бетперде дайындап, шығаруда. Өңірдегі медицина мекемелерін бетпердемен қамтып отырған кәсіпорын қайырымдылық жасауға да белсене кірісті. Алматы облысының аумағында жұқпалы індетпен күрес шаралары күшейгелі бері Dolce farm бір ғана Талғар ауданына 17 мың дана бетпердені тегін беріпті.
– Облыста маска тапшылығын болдырмау үшін қолдан келгеннің барлығын жасап жатырмыз. Соның ішінде Dolce farm серіктестігінің өндірісі тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Тәулігіне 75 мың данаға дейін бетперде шығаруға қуаты жетеді. Күні кешеге дейін 159 мың дана медициналық масканы қабылдап алдық, – дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациалық даму басқармасының басшысы Руслан Қожасбаев.
Алматы облысы