• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Медицина 17 Сәуір, 2020

Сынаққа шыдау керек

275 рет
көрсетілді

Коронавирусқа қарсы тұрудың бір амалы үйде отыру екені рас. Десе де, көктемгі дала жұмыстары қол бұлғаған кезде шаруаларға ешқайда шықпа деп айта алмайсыз. Санитарлық қауіпсіздіктің қағидаттарын сақтау керек-ақ. Бірақ жұмыр басты пенде баласы ертеңгі жейтін нанын ойламаса тағы болмайды. Өйтпеске амалы жоқ.

«Жаман тұмау» ауылға да жетті

Қарағанды облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы бір адам белгілі болды. Науқастың жасы 53-те, ол осы індетпен ауырған адам­дармен байланыста болған екен. Сәуір­дің 14-ші күнінде облыста аталған дерт­ке шалдыққандардың саны 78 адам болды. Өкініштісі сол, «жаман тұ­мау» ауылға да жетті. Кешегі корона­вирус жұқтырғандардың ішінде Шет ауданындағы тоғыз жолдың торабында орналасқан бір кентте тұратын ер адам да бар. Енді, «коронавирус бізге кел­ген­­ше қай заман» деп, бейғам жүрген ауыл­дың аңғал қазағына қиын болғалы тұр.

 Бүгін екпеген ертең несін орады?

Коронавирус та кетер, жақсы күндер де жетер. Ал шыны керек, бүгін астық екпесеңіз, күні ертең аш қалуыңыз әбден мүмкін. Жалпы, төтенше жағдай көктемгі дала жұмыстарына кедергі келтірмеуі керек. Міне, осы мәселелерді жедел шешіп, науқандық жұмыстарды реттеу үшін Қарағанды облысында өңірлік штаб құрылды. Бұл туралы осы штабты басқаратын облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаров хабарлады.

Биыл облыста астық өткен жылмен салыстырғанда 50 мың гектарға артық өсіріліп, оның жалпы көлемі 1,2 млн гектар алқапты құрайтын болады. Мұның ішінде дәнді дақылдар алатын үлес – 900 мың гектар.

Қазіргі уақытта егіс алқабына шы­ғатын 12 мың трактор, 193 егіс кеше­ні, 6 мыңнан астам тұқым сепкіш техни­ка­ның 98% дайын екен.

Облыс әкімінің орынбасары фермерлерге 19 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай жеткізілетінін мәлім етті. Аграрлық несие корпорациясы та­рапынан көктемгі дала жұмыстарына жылдық 5%-бен 2,5 млрд теңге бөлініп, бүгінге дейін осы соманың 2,2 млрд теңгесі игеріліпті.

Карантин қызметті арзандатты

Қарағанды облысында сәуір айының басынан бастап коммуналдық қызметтердің тарифтері 5%-ға төмен­детілген. Сумен жабдықтау және су бұру, электр және жылу беру қызмет­тері арзандады. Ал айыппұл мен өсімақы­лар уақытша жойылған. Бұл туралы та­биғи монополияларды реттеу жөніндегі департамент басшы Арман Өтеге­нов хабарлады. Департамент басшы­сы тарифтің тұрғындар үшін ғана төмен­де­тілгенін айтты. Ал заңды тұлғалар мен бюджеттік ұйымдар қызметтерді бұ­рынғысынша төлейтін болады.

– Өңір азаматтары тарифті тө­мендету есебінен жалпы құны 160 млн теңге қаражатты үнемдей алады деген үміттеміз. Мысалы, 65 шаршы метр болатын бір пәтерде үнемдеу айы­на шамамен 600 теңгені құрайтын болады, – деді Арман Өтегенов.

Осының алдында Шахтинск тұрғындарынан электр энергиясы үшін төлемнің тым артып кеткені туралы шағым түскен болатын.  Бұл жағдайға түсінік берген департамент басшысы төлемақының өсуін карантин кезінде адамдардың көп уақытын үйде өткізіп, электр құралдарын жиі пайдалануымен байланыстырды.

 

Қарағанды облысы